Жер асты байлығын ел ырысына жарату жолында қажырлы еңбекпен үнемі алдыңғы қатардан көрінетін №1,2,3 Жезқазған кен байыту фабрикасының ұжымы 2021 жылы өндірістік көрсеткішті орындау мен қауіпсіздік саясатын жүзеге асыруда да табысқа қол жеткізді.
Мұрат Бөрібаев басшылық жасайтын өндіріс ошағындағы цехтарда қыз-қыз қайнаған еңбек табы сезіледі. Соңғы екі жыл көлемінде кен байыту технологиясын дамыту мақсатында қарышты қадамдар жасалуда. Ірі цехтарда заманауи үлгідегі техникалар орнатылып, өнім көлемі арта түсуде. Мұнда кенді ұсақтау, байыту сынды үдерістерді жүзеге асыратын цехтардан бөлек қосалқы цехтардың да атқарып отырған қызметі ұшан-теңіз.
Фабрикаға іргелес қоныстанған қалдық қойма шаруашылығы цехы кен байыту үдерісінде маңызға ие құрылымның бірі.
Цех ұжымы өткен жылы фабриканың қауіпсіз еңбекпен табысқа жетуіне үлес қосты. Ерлан Кәрменбаевтың басшылығындағы цехтың тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Бізді қарсы алған Ерлан Жанатбекұлы мұнда қандай шаруалар атқарылатынын баяндап берді.
– Біздің цех қосалқы болғанымен атқарылар шаруалардың көлемі де маңыздылығы да айрықша. Фабрикадан шығатын өндірістік қалдықтарды жинақтап, қайтадан үдеріске беру сынды жауапты міндет атқарамыз. Нақтырақ айтсақ, байыту өндірісінен қалған қалдықтар екі көтерме арқылы арнайы қоймаға жіберіледі. Құм мен су араласқан түрлі қоспалар, яғни, реагенттерді бөліп алу арқылы өндіріске қажетті элементті сорғы қондырғыларының күшімен өндірістік нысанға қайта жібереміз.
Қоймаға келіп түскен қоспадан суды ажырату үдерісі жүзеге асады. Өздеріңіз білесіздер, аймақта ауыз су мәселесі күрделі. Сондықтан біз су тапшылығын болдырмау мақсатында өндірісте қолданылған суды тұндырудың нәтижесінде оны қайта үдеріске пайдаланып отырмыз. Фабрика тәулігіне 7-8 мың текше метр су тұтынады. Қазіргі таңда қоймада 270 млн тонна қалдық бар. Мұнан бөлек, Жезқазған жылу, электр орталығынан шығарылатын көмір қалдықтары да біздің қоймаға жөнелтіледі.
Цех ұжымы 2021 жылды нәтижелі қорытындылады. Өндірістік жарақат алу көрсеткіші болған жоқ. Өнімді еңбектің арқасында фабриканың жылдық жоспарын еңсеруге күш салдық. Бұл ұжымдағы азаматтардың өз ісітеріне деген жауапкершілігінің нәтижесі деп білемін. Цехта 123 адам еңбек етуде. Цех аумағында екі сорғы қондырғысы бар. Әр сорғының үздіксіз жұмыс жасауына білікті мамандар жауап береді.
Сорғы қондырғысы машинисінен бастап, слесарь-жөндеуші, электрмонтер сынды маман иелері бір жұдырық болып ортақ іске жұмылған. Цехтың табысты болып, көш басынан табылуына айрықша үлес қосып жүрген механик Бекзат Қаратаев, бригадир Балтабек Бақытжан, шебер-электрик Әділхан Бекжанов, сорғы қондырғысының машинистері Ізбасар Райымбаев, Ұлтуған Бекенова ұжымды табысқа бастап келеді.
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, фабриканың жұмысының ілгері басып, әр цехтың жылдық жоспарды орындауына қолайлы жағдай жасауда бірінші басшының қолдауы аса маңызды. Айтпағым, фабрика директоры Мұрат Бөрібаев жас та болса кен байыту ісінде тәжірибесі толысқан, іскер басшы. Өндірістік үдерісті жүзеге асырудан бұрын, Мұрат Ерболатұлының әрбір жұмысшыға деген қолдауы мен демеуі ерекше серпін береді. Соның нәтижесінде бүгінде цех еңбеккерлері өздеріне жүктелген межелі міндетті абыроймен еңсеріп келеді, – дейді Ерлан Кәрменбаев.
Ерлан Жанатбекұлы кен байыту саласында тәжірибесі толысқан маман. 1997 жылы Жезқазған тау-кен инситутын электрмонтер мамандығы бойынша тәмамдап, №1 ұнтақтау корпусына жұмысқа орналасты. Аталмыш цехта жүріп, аға буынның мектебінде шыңдалды. Шебер, энергетик, бас инженер, цех басшысы сынды лауазымдарға дейін өсті. 2012 жылдан бастап аталмыш цехқа басшылық жасауда. Ерлан Жанатбекұлының еңбекқорлығы, ұжымды ортақ іске ұйымдастыра білу қабілетінің арқасында цех ұжымы табысқа кенелуде.
Ерлан Кәрменбаевтың салаға қосқан үлесі атаусыз қалған жоқ. Өткен жылы фабрика басшылығы мен Тау-кен – металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағы бірлесіп, Ерлан Жанатбекұлын «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл» мерекелік медалімен марапаттады.
– Қандайда бір табысқа қол жеткізсем ол ұжымыммен бірге атқарған істің нәтижесі деп білемін. «Ұжым – екінші отбасың» деп жатады ғой. Шын мәнінде солай. Екінші отбасыңның қолдауы әрқашан маңызды. Ортақ істе үнемі қолдау білдіретін ұжымыма, басшылыққа, кәсіподақ комитетіне алғысымды білдіремін, – деп сөзін түйіндеді Ерлан Жанатбекұлы.
Цех қосалқы болғанымен, атқарар шаруалары жауапты. Стратегиялық маңыздағы нысанның үздіксіз жұмыс жасауында қалдық қойма шаруашылығы цехының ұжымы алда да көш басынан табыла береріне күмән жоқ.
Бағдат Қазкенов