Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Серік ОСПАНОВ көпшілікке дәстүрлі қазақ әндерін асқақ зор дауыспен шебер орындауымен танылған. Ол кейінгі жылдарда өнер зерттеушісі ретінде де өзін көрсетіп жүр. Серік Кәрібайұлының «Сәкен Сейфуллиннің музыкалық мұрасы» атты ғылыми-зерттеу еңбегі, сондай-ақ «Балуан Шолақ өмірі және музыкалық мұрасы», «Сәкен Сейфуллин – ұлт руханиятының көшбасшысы», «Сәкен тұлғасы тарих төрінде» атты кітаптары жарық көрді. Бұған қоса 2020 жылы оның «Сегіз сері» атты зерттеу кітабы баспадан шықты. Осы сүбелі еңбегінің бірер үзігін оқырмандарымызға таныстыра кеткелі отырмыз.
Халқымыздың дарынды тұлғаларының бірі – Сегіз серінің аты атала қалғанда өнерсүйер қауымның ойына алдымен оның «Гауһартас» әні оралары анық. Ән болғанда қандай! Жүректі тербеп, бойды шымырлатар әсем ән. «Гауһартастың» халқымыздың ән өнерінің ең шоқтығы биік туындысы деп танылуы Сегіз серінің талантына берілген зор баға екені анық.
Сегіз сері қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының тумасы болса да осы «Гауһартас» әні оның жастық шағының әсерлі сәттері Ұлытауда өткеніне айғақ. Ол осы әнді Ұлытау төңірегін жайлаған Бағаналы елінің аруы Мақпалға ғашық болып шығарады. Сегіз сері құлай сүйген сұлуын асылтас гауһарға теңеп, жүрекжарды сырын әнге қосқан. «Ажарың ашық екен атқан таңдай…» деп басталатын осы бір әнді елти тыңдамайтын, беріле шырқамайтын, сірә, жан жоқ.
Тағдырдың жазуымен ғашығы Мақпалға қосыла алмаған Сегіз сері Ұлытаудың және бір аруы Ырысбикені ұнатып қалады. Бағаналы елінің он алты жастағы Ырысбике есімді әнші қызымен танысып, сұлулығына тәнті болады. Мұң басқан көңіліне жұбаныш тауып, оған арнап шығарған «Ақ бидай» әні арқылы ғашықтық сезімін білдіреді. Көп ұзамай Сегіз сері Ырысбике сұлуға үйленеді. Сүйіп қосылған жарына арнаған «Ырысбике» атты әсем әні және бар. «Көркіңе ақылың сай, ісің әрі, Болсайшы бір өзіңдей жанның бәрі» деп әнге қосады.
Сегіз серінің осы әндерімен қатар өнер иесінің тұтастай шығармашылығына өзінің «Сегіз сері» атты зерттеу кітабында ғылыми тұжырымдар жасаған Серік Оспановтың да ұлытаулық азамат екенін мақтан тұтуымыз керек. Оның «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі», «Мәдениет саласының үздігі», «Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы» деген атақ-марапатты иемденуі тегін емес. Серік Кәрібайұлы бүгінде зейнет жасында болса да мәдениет саласында қызмет етіп келеді. Ұлытау облысы ашылғанда кешегі өзі түлеп-ұшқан Жезқазғанына қайта оралған еді. Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Облыстық мәдени-сауық және шығармашылық ғылыми-әдістемелік орталығында» қызмет етуде. Сол орталықтың халық шығармашылығы бөліміне жетекшілік етеді.
Серік Кәрібайұлы Сегіз серіні зерттеп-білуіне не түрткі болғаны жайлы еске алғанда әнші Жәнібек Кәрменовтің есімін атар еді. 1985 жылы сәуір айында астана Алматыда «Жігер» жастар шығармашылығының республикалық фестивалі өтеді. Серік Оспанов ол өнер бәйгесіне жоғары оқу орнында оқып жүрген Ақмоланың атынан қатысады. 48 әнші дәстүрлі ән орындаудан сайысқа түседі. Серік қорытынды концертте халық әні «Ғайниді» орындайды. Конкурс төрағасы Жәнібек Кәрменов бұл әннің авторын Сегіз сері деп хабарлатады. Фестиваль қорытындысында үш облыстың атынан барған жаңаарқалық үш бірдей әнші лауреат атанады.
Жәнібек Кәрменов ертеңіне үш лауреат Ғалым Мұхамедин, Жақсыкелді Кемалов, Серік Оспановты Жазушылар одағының «Қаламгеріндегі» кездесу-сұхбаттасуға шақырады. Ашық-жарқын әңгіме барысында Жәкең оларға Сегіз сері деген қызылжарлық әрі әнші, әрі сазгер болғанын сөз ете келіп, Сегіз серіге қатысты халық арасында қандай да бір дерек, әңгіме, ән болса, құлақ түре жүріңдер деген өтінішін білдіреді. Өзі Сегіз сері шығармашылығын зерттеп жүргенін айтқан еді. Серіктің оған беру үшін жинастырған деректері біршама болады. Бірақ ол жинағандарын Кәрменовке тапсыра алмайды. Көп ұзамай асыл азамат жол апатынан көз жұмады. Содан «Қой, ағаның аманаты ғой, қал-қадірім жеткенше өзім зерттей берейін», – деген нартәуекелге бекиді.
Көп жылғы ізденістің нәтижесі Серік Оспановтың «Сегіз сері (Мұхаммед-Қанафия) Баһрамұлы Шақшақовтың өмірі мен музыкалық мұрасы» атты кітабы болып табылады. Алғысөз орнына композитор, КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері, профессор Еркеғали Рахмадиевтің жазбасы берілген. Бұл кіріспеде «Сегіз серінің бай мұрасы уақытында жиналып, зерттелмеуінің бір себебі оның орыстардың отарлау саясатына қарсы шығып, Батыс Сібір генерал-губернаторы П. Горчаковтың қаһарына ілігіп, патша үкіметіне саяси қауіпті адам ретінде соңынан аңду қойылуы болса, екіншіден, әндерінің атын атап, орындауға халық патша үкіметінен қорыққан, сол себепті автор аталмай, барлық шығармалары халықтікі болып кеткенге ұқсайды», – деуінің жаны бар. Сегіз серінің кейінге дейін атының да аталмауы, туындыларының еленбеуі орыстарға қарсы болуына байланысты қызыл партия идеологиясының пәрмені болғаны шүбәсіз. Осы кітапта келтірілгендей, этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбектің: «Біз – өз тұлғаларымызды танып-білуде орыстың мәңгүрттендіру саясатынан аса алмай жүрген сорлы халықпыз. Оған ешқандай күмән келтірудің қажеті жоқ. Сегіз сері әндерінің қай-қайсысын алсаң да, бір хас зергердің қолынан шыққан алтын қасықтай ұқсастығына куә боласың. Басқа қандай дерек қажет, айналайындар-ау?!» – деп күйінетіні сондықтан. Иә, осылайша Сегіз сері бір жарым ғасыр бойы қазақтың орысқа жалтаңдаған, жалбаңдаған саясатының құрбаны болып келді. Тек Тәуелсіздік туы тігілген соң барып, небір жасырын сырлар ашылды. «Гауһартас» Сегіз серінің әні деп атала бастады, бірақ сонымен-ақ шектелді. Оны айтамыз, 1998 жылы Үкімет қаулысымен шыққан Қазақ энциклопедиясына Сегіз сері аты кіргізілмейді.
Ән төресі «Гауһартастың» өзі кейінге дейін біресе халық әні, біресе Ақан серінікі деп айтылып келген. «Махаббат лирикасына арнаған Сегіз серінің мұндай әсем әндері қаншама десеңізші!» – деп жазады Серік Оспанов зерттеу кітабында. Ол Сегіз серінің ағалық ақ батасын алған шәкірті Жаяу Мұса Байжанұлының «Ер Сегіз» атты толғауында баяндалған деректерді негізге ала отырып, жиырма бес әнді тізіп шығады. Иә, Ақселеу Сейдімбек айтқандай, «Қазақ өнерінің «Алтын ғасыры ХІХ ғасыр» болса, сол дәуірдегі күй атасы Құрманғазы десек, ән атасы Сегіз сері деуіміз жөн болмақ. Оны қойып, сал-серіліктің көшбасшысы Сегіз сері деген пікір де бар. Біртуар тума дарын Сегіз сері Баһрамұлы Шақшақов әйгілі суырыпсалма ақындығымен қоса жезтаңдай әнші, дәулескер күйші, қобызшы, он саусағынан өнер тамған шебер, атбегі, құсбегі, аңшы, палуан, мерген болған. Оның өз тұсындағы сал-серілер мектебінің алғашқы ұйымдастырушысы болғанын осы зерттеу кітапты оқығанда ұғына түстік.
Жаңа ғана айтып өткеніміздей, Серік Оспанов Жаяу Мұсаның дерегі бойынша Сегіз серінің 5 терме-толғау, 7 күй, сондай-ақ, «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек», «Қобыланды», «Исатай-Махамбет» атты 5 дастан шығарғандығына байланысты ғылыми тұжырым жасайды. Бұл дастандарды дарын иесінің шығарғандығы туралы қаншама деректерді зерттеу кітабынан оқуға болады. Мәселен, Махамбет Өтемісұлының «Сегіз серіге» деген өлеңінде:
«Айман-Шолпан», «Қыз Жібек»
Дастаның елге тарады.
Қашқын болып жүрсең де
Аузыңа халық қарады, – деуі нақты дерек емей немене?! Алайда Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты осы күнге дейін нақты ұйғарымға келмей отырғаны өкінішті.
Осы тұста оқырмандарымызға ой салу үшін Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қаламы қарымды жазушы, тарих зерттеушісі Бексұлтан Нұржекеұлының 2009 жылы газетке берген сұхбатындағы ой-толғамын сол қалпында бергенді жөн көрдік:
«– … Бір ғана мысал айтайын. Жақында, қазан айының аяқ шенінде, академик Ә. Нысанбаев: «Қыз Жібек» жырының 500 жылдығын ЮНЕСКО-ның бағдарламасымен тойлайтын болдық», – деп теледидардан мақтана, қуана хабарлап жатыр. Көкем-ау жазушылар да, журналшылар да, тарихшылар да Бекежанның, Қыз Жібектің, Төлеген мен Базарбайдың – бәрінің өмірде болған тарихи адамдар екенін баяғыда айтып, дәлелдеп біткен. Олар ХVІІ ғасырдың аяқ шенінде өмір сүрген. Олардың ұрпақтарымен ауызба-ауыз сөйлескен адамдар бар. ХVІІІ ғасырда, 1729 жылы әйгілі Аңырақай шайқасында Бекежанның Тайлақ бастаған батыр ұрпақтары Бөгенбай мен Қазыбек батырларға қосылып, қалмақтарға қарсы соғысқан. Сонда, Қыз Жібектің өзі ХVІІ ғасырда өмір сүрген болса, ол туралы жыр қалайша ХV ғасырда, яғни ол туғанынан 250 жыл бұрын пайда болады?
Осындай өтірік дәріптелген соң, ол қандай тарих болады?
– Жазушы мырза, сонда мұндай әңгімелердің, яки өтіріктердің орын алуы кімге пайда әкеледі? Не үшін айтылады?
– Дәл осы мәселе мені де ойландырады. Өтірік деген, меніңше, мақтануға, сан түрлі нәрселерді көпіртіп айтып беруге мол мүмкіндік береді. Сондықтан біраз жұрт дәлелсіз сөйлегеннен, өтірігім шығып қалады-ау деп қорықпағаннан лепіріп сөйлегенді дұрыс көреді. Сөйтіп, патриот саналғысы келеді. «Қыз Жібек» жырының 500 жылдығын атап өтуге атсалыстым деген атақты өзіне абырой санайды. Ал, ол жырдың кейіпкерлері өмірде болған адамдар екенін жазып, дәлелдеп жатқан жұртты ол менсінбейді, олар менің беделіме нұқсан келтіре алмайды деп есептейді. Немесе, қазақ баспасөзінде қандай талас, қандай жаңалық жазылып жатқанын мүлде оқымайды. Бәлкім, оқудың қажеті жоқ деп те есептейді. Өйткені олар орыс тарихшылары жазып кеткенді ғана қазаққа шайнап беріп дағдыланған. «Қыз Жібек» жырының тағы бір ерекше сыры бар. Бір топ әдебиет зерттеуші ғалым атақты Сегіз серінің өмірде болғанына, оның алғаш «Қыз Жібекті» жыр қылып жазғанына жан-тәнімен қарсы. Ондай адам өмірде болмаған, болған күнде «Қыз
Жібекті» жазуы мүмкін емес деп бой бермейді. Өйткені ондай ақын ХІХ ғасырда ғана өмір сүрсе, «Қыз Жібек» жырын алғаш сол жырласа, ол жырдың 500 жыл болғанына кім сенеді? Сөйтіп, Сегіз сері байғұс бір топ ғалымның патриоттық бастамасына мықты кедергі болған екен. Сондықтан олар Сегіз серіні тарихтан жоқ қылуға әрекет жасады. Ақыры беделдерін, біліктерін жұмсап жүріп, өстіп өз өтіріктерін өрге бастырып отыр. Осындай тарихтан ел оңа ма, шындық оңа ма?..» (Бексұлтан. Шығармалары. 13-том, 454, 455-беттер).
Міне, «Қыз Жібек» жырына қатысты ащы шындық осындай.
Өнер зерттеуші Серік Оспанов нық сеніммен: «Сегіз сері «Қыз
Жібек» жырын шығарған», – дейді. Бұған илану үшін оның «Сегіз сері» кітабын оқығаныңыз жөн. Біз басылымды шет жағалап қана сөз еттік.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.