Айасыл Сырымқызы – 8 жаста. Ол облыс орталығындағы №13 жалпы білім беретін мектептің 3-сыныбында оқиды.
Сабағына тыңғылықты дайындалып, оқуда озат атанып жүрген Айасылдың бір емес, бірнеше өнерді қалай алып жүргеніне таңқалмай қала алмайсың. Енді ше, оның бірде фортепианода беріле ойнап отырғанын көрсең, енді бірде мектеп, қала сахналарында ән шырқап тұрғанына куә болар едің. Әрине, 8 жастағы балаға мұның өзі аз жүктеме емес қой, алайда Айасылдың сахнада өзі тектес құрбыларымен дала гүліндей толқи шалқып, мың бұрала билеп жүргенін көргенде оның өнер түрлеріне деген құштарлығының ауқымдылығына таңданысыңыздың одан сайын үдей түсері анық.
«Бәрекелді, балақай!» деген ризашылық сезіміңіз көкейден еріксіз сыртқа тебер. Ал, оның осы жастағы жетістіктері қуантпай және қоймайды.
«Аспапта орындаушылық өнері – фортепиано» номинациясы бойынша Республикалық байқауда 1-дәрежелі лауреат, ІІІ Республикалық өнер мен білім байқауында «Ән салу өнері» бойынша – бас жүлде, «AstanaGrand-Prix» Х Халықаралық конкурс-фестивальде – гран-при және басқа да толып жатқан марапаттар Айасылдың өнер жолына білек сыбана кіріскенін айқын аңдатады.
Айасыл шаңырақтағы төрт баланың екіншісі. Ағасы және екі сіңлісі оның жетістіктеріне әжесі, ата-анасы, аға-апаларынан артық қуанбаса, кем қуанбайды. Әкесі Сырым Шоқанұлы шахтада басшы, анасы Индира Кенжетайқызы «Қазақмыс» корпорациясында еңбек етеді. Олар қызының бейімін ерте танып, өнерге баулуға 4 жасынан берді.
Бүгінде Айасыл Сырымқызы әлем классиктерінің шығармаларын игеру жолында тер төгуде. Болашақта өнердің өрінде болуды арман етеді. Ол жолда мақсатына жететініне де сенімді. Сенімің алдамасын, өнер жолынан тайма дегіміз келеді өнерлі өренге.
Ай НҰРИ.