Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының талантты актрисасы Райхан Ибраеваның қиын да қызықты өнер жолын таңдап, осы салада абыроймен еңбек етіп келе жатқанына елу жыл болып қалыпты. Мағыналы ғұмыры бір ғана ұжымда – Серағаң атындағы театрда өтіп келе жатқан актриса осы жылдар ішінде айтып ауыз толтырарлық бірегей болмысты, бітімі келісті елуден астам рөлдерді сомдап, өрелі өнердің өрістеуіне сүбелі үлес қосқан екен.
Әңгімені әріден, актрисаның дүниеге келген, өскен ортасы туралы бастасақ, Райхан Ибраева 1948 жылы 2 шілдеде Ресейдің Орынбор облысы, Домбар ауданына қарасты бесінші ауылда қарапайым отбасында дүниеге келді. Сырт жайлап, жеке қоныстанып жүретін отбасы Райхан мектепке барар кезде Домбар ауданының орталығына көшіп келеді. Райхан осындағы орта мектепте білім алады. Күнделікті тіршіліктің күйбеңінен қол босаған ұзақ кештерде әкесі айтқан ертегі, қисса-дастандарына құлағы қанығып өскен Райхан кішкентайынан кітап оқуға құмар болды. Оқыған шығармаларының әсерімен кейде бала қиялына ерік беріп, Қазақстанға, алыстағы ару қала Алматыға барсам, «журналистік оқуға түссем, жазушы болсам» деп арман ететін.
Орта мектепті бітіргенімен, сол жылы Алматыға барудың сәті түсе қоймады.Талапты жас Богоявленко селосының клуб меңгерушісі, әрі кітапханашылығына жіберілді. Райхан өзіне тапсырылған міндетті абыроймен атқарғанымен, шағын ауылдың бұйығы тіршілігіне көндіге алмады. Көңілі алабұртып, алысқа – тіршілігі қызу қайнаған қалаларға баруды қалады. Көңіл түпкіріндегі «жазушы, не журналист болсам» деген арман маза бермеді. Осы арман жетегімен Ақтөбе облыстық «Коммунизм жолы» газетіне келеді. Алайда онда құшақ жая қарсы ала қойған ешкім бола қоймады. Ауылға қайтуға намыстанған Райхан амал жоқ, облыстық филармонияға концерт жүргізуші болып орналасады. Облыстың түпкір-түпкірін аралап, концерт қойып жүрген кезде Райханның артистік қабілетін байқаған әріптестері оған талапкерлер қабылдап жатқан М. Әуезов театры жанындағы актерлік студияға түсуге кеңес береді. «Жазушы, не журналист болсам» деген балалық арманынан күдер үзген Райхан енді әртіс болуға бел байлайды. Алыстағы Орынбордан поездан-поезға ауысып, жалпы вагонмен Алматыға әрең жетеді.
Поездан түсіп, жан-жағына көз салғанда ең бірінші көзге түскені – заңғар Алатау. Басына ақ сәукелесін киіп, жасыл жібек жамылған арудай қаланы қоршай, әсем керіліп жатыр. Шіркін, сол кездегі алма иісі бұрқыраған Алматының саф таза ауасы-ай! Арман қылған Алматысы бар сұлулығымен мөлдіреп көз алдында тұр! Жүрегін қуаныш кернеп, шаршағанын да ұмытып, аузы ашылып кетпесін деп әкесі жіппен байлап берген дәу қара чемоданын мықшыңдай көтеріп, автобустан автобусқа ауысып мініп, театрға әзер жетеді. Ұзын сонар кезекке тұрып, құжаттарын тапсырып, көңілін бер демдейді. Бірақ орналасар жері жоқ, қайда бармақ?
Қабағын кірбің шалып, қаға берісте тұрған талдырмаш қызды байқап қалған сымбатты әйел қасына жақындап келіп, жөн сұрады. Кейін білді, бұл – әйгілі сахна шебері Шолпан Жандарбекова екен. Райханның абдыраған халін түсініп: «Қасыңа бір қызды ал да, менің саяжайыма барып тұр», – деп мекенжайын береді. Мұндай қуанбас! Тау баурайындағы жасыл желекке малынған, бау-бақшалы оңаша саяжайда жаңа танысқан құрбысы екеуі жақсы дайындалып, алғашқы сынақтардан сәтті өтеді.
Қабылдау комиссиясы құрамында болған мәскеулік профессор В. К. Смирнов сынақтарда көзге түскен бір топ жасты Мәскеудің М. С. Щепкин атындағы Жоғары театр училищесіне түсуге шақырады. Емтиханнан сүрінбей өткен Мейірман Нұрекеев, Қайыпберген Есенғұлов, Шахарбану Мұхаметжанова (Есенғұлова), Тұрсын Құралиев, Мұхтар Манапов, Қаржау Сыздықов және Райхан Ибраева Мәскеуге аттанып, әркімнің қолына түсе бермейтін атақты оқу орнының студенттері атанады. Кейін бұлардың қатары елден келген тағы бір топ жаспен толықты.
Қызық пен думанға толы студенттік шақ лезде өте шықты. 1972 жылы Мәскеудің Жоғары театр училищесін бітірген қазақстандық 17 түлек жұбын жазбастан Торғай облысының орталығы Арқалық қаласына жаңадан құрылып жатқан театрға келеді. Олардың арасында Райхан да бар еді. Мәскеуден оқу бітірген жастардың алыс Арқалыққа келуіне сол кездегі Торғай облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков ерекше еңбек сіңірді.
К.Ахметов Қанда бар ғой, қанда – Ханзия, Байсал-Д.Жанботаев, Айдар-Т.Жанботаев
Жаңа облыста жаңа театрдың шаңырақ көтеруі – сол кездегі Қазақстанның мәдени-рухани өміріндегі елеулі оқиға болды. Әрине, алғашқыда біраз қиындықтар болды. Мәскеудей алып шаһардан шағын қалаға келгенде көңілдері қоңылтақсып, «қайда келдік өзі?» деген ой да жиі мазалағаны рас. Бірақ өнерге сусаған халықтың ыстық ықыласы, билік басындағы Өзбекәлідей басшының әкелік қамқорлығы ол кірбіңді жуып-шайып кеткен еді. Әріптестерімен бірге Райхан да қиындығы мен қызығы мол жұмысқа бар ынта-ықыласымен беріле кірісіп кетеді. Осында өзімен бірге оқыған Досжан Жанботаевпен отбасын құрады.
А.Островский Адам аласы ішінде -К.Л.Мамаева.
Табиғат сыйлаған көркіне талабы мен таланты сәйкес келген жас актриса талайына әуелден-ақ қыпша бел қырмызы қыз, айдай сұлу арулардың тамаша образдарын сомдау бұйырды. Олардың қатарында М. Әуезовтің «Қарақыпшақ Қобыланды» спектакліндегі –Құртқа, Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуындағы» – Баян, В. Шекспирдің «Ромео – Джульеттасындағы» – Джульетта, Ж. Б. Мольердің «Әлін білмеген әлегіндегі» – Николь, Эрвенің «Түлкі бикешінде» – Урсула, және т.б. бар.
Жан сарайының сұлулығы нәзік келбетіне сай келетін осы образдар туралы мәскеулік сыншы Г. Романенко кезінде «Советская культура» газетінде: «Актриса Р. Ибраеваның ойынын көре отырып, әсіресе, Мольердің «Әлін білмеген әлек» спектакліндегі – Николь, Шекспирдің «Ромео – Джульеттесындағы» – Джульетта рөлінде Қазақстанда ойы терең, образдың сан қырлы құпиясын, мінезін тану шеберлігіне, ойнаған рөлдерінің ғасыр уақытымен сайма-сай келіп, дөп түсетін актриса бар екеніне таңданғанымды жасырғым келмейді»,- деп тамсана жазған еді.
Актрисаның өнердегі сәтті соқпағы әрі қарай түрлі жанрдағы, әр ұлттың өкілдерінен тұратын, табиғаты-танымы, өмірлік ұстанымы әр қилы кейіпкерлер – Қ. Ысқақовтың «Таңғы жаңғырығында» – Қатша, Ш. Айтматовтың «Бетпе-бетінде» – Алтынай, Ш. Мұртазаның «Сталинге хатында» – Түйметай, Қ. Мұхамбетжановтың «Жат елдесінде» – Эва Бройер, Ә. Таразидің «Күлмейтін комедиясында» – Кити, У. Гаджибековтің «Аршин – малаланында» – Әсия, С. Шаймерденовтің «Әнім сен едіңінде» – Қарғаш, Т. Ахтановтың «Күшік күйеуінде» – Гүлжамал, А. Островскийдің «Адам аласы ішіндегіде» – К. Мамаева, Д. Исабековтің «Әпкесінде» – Кама, М. Каримнің «Тастама отты, Прометейінде» – Майра, Ш. Айтматовтың «Арманым – Әселімінде» – Әсел және т.б. болып жалғасып кете барды.
В.Дельмар Өкінішті өмір – мисс Купер, Рода-М.Жанботаева
Әйел жанының нәзіктігін жақсы сезінетін сахна шебері Райхан Ибраева қыз-келіншектер мен әйел-аналардың образдарын шынайы берудің үлгісін сахналық бай тәжірибе жинақтай жүріп терең қалыптастырды, барынша жарқырата көрсетті. М. Әуезовтің «Қарагөзіндегі» – Мөржан, О. Бөкейдің «Атау кересіндегі» – Нүрке, Ғ. Мирзагитовтің «Боздағын күткен бейбақтарындағы» – Гүлмира, К. Ахметовтің «Ерте ояндым, ойландымындағы» – Ұлжан, Ә. Тәжібаевтың «Көтерілген күмбезі» мен И. Ғайыптың «Зұлымдық тамырындағы» – ана, Қ. Тоқбаевтың «Үкіміндегі» – Айша, К. Жұмабековтің «Әйел махаббатындағы» – Зияш, Т. Молдағалиевтің «Ананың көз жасындағы» – Базаркүл, К. Ахметовтің «Қанда бар ғой, қандасындағы» – Ханзия, К. Әбдірахманның «Кетбұқасындағы» – Бөрте, В. Дельмардың «Өкінішті өміріндегі» – миссис Купер, Э. Шмиттің «Тәңірге хатындағы» – Розалинда, М. Каримнің «Ай тұтылған түніндегі» – Таңқабике және т. б. кейіпкерлерінің ішкі жан дүниелерінің бұралаң-бұлтарысы мен адами болмысын, күйзелісі мен қуанышын, мінез-кейпін дөп басып бере алуы көрерменді өзіне еріксіз тартады. Ішкі сезімі бай, дауыс ырғағы анық, ойы терең, қиялы ұшқыр актриса шеберлігінің қуаты тәнті етеді. Міне, сондықтан белгілі қазақ сыншысы Ә. Сығай: «Жезқазған театрындағы актриса Р. Ибраева ойнаған Құртқа, Баян, Қарғаш т. б. рөлдерін көріп, қазақ қыздарының тазалығына, тілдерінің шұрайлылығына тәнті болдым. Жалпы Райхан сөзге көп мән беретін, сөз астарын түсіне білетін үлкен актерлеріміздің бірі», – деп бағалаған еді. Ал Қызылорда қаласында 2005 жылы өткен ХІІІ республикалық театрлар фестивалінде жезқазғандықтар қойған К. Әбдірахманның «Кетбұқа» спектакліндегі Бөрте бейнесі туралы пікірін ол былайша түйіндейді: «Адамшылығы көркіне сай, нәзік жан-жүрегіне назы лайық Бөрте – Райханның талантына сүйініш білдірмеген кісі сирек шығар». Бұл – нағыз шынайы өнерпаздың бойындағы дарын шоғының көрінісіне дән риза болған театр сыншысының жүрекжарды әділ бағасы.
М.Кәрім Ай тұтылған түн – Таңқабике, Диуана-Т.Жанботаев
Райхан – талантты актриса ғана емес, бірнеше пьесалардың авторы да. Балаң шақтан жазушылыққа іңкәр көңілінің көрінісіндей біртіндеп балалар мен жастарға арналған шығармалары дүниеге келді. Оның «Сиқырлы кітап», «Алтын айдарлы бала», «Таңғажайып саяхат», «Алпамыс», «Бәйтерек» , «Шаншар патша» ертегілері балалардың сүйіп көретін, театр репертуарынан түспеген тағылымы мол қойылымдар. Аталған шығармалар бойынша қойылған спектакльдері Қарағанды қаласында өткен дәстүрлі «Театр – балалар әлемінде» аймақтық театрлар фестивалінде Бас жүлде, жүлделі 1, 2-орындарға ие болды. Қаламынан шыққан «Алпамыс» ертегі-пьесасы 2007 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің патриоттық тақырыптарға арналған музыкалық туындылар мен драмалық шығармаларға жарияланған конкурста үздік деп танылып, Мемлекеттік грантты жеңіп алса, «Бәйтерек» ертегісі 2009 жылы Қазақстан республикасы патриоттық шығармаларға арналған конкурсының 1-орын жүлдегері. Сондай-ақ автордың бүгінгі күн тақырыбына арналған, жастар өмірі өзек болған «Махаббат пен кесапат», «Қадір таңы», филология ғылымдарының кандидаты Ғазиз Ештанаевпен бірігіп жазған «Әбілмансұр» драмаларының да көтерген тақырыбы өзекті. Кейінгі жылдары шетелдік шығармалардың озық үлгілерін қазақ тіліне аударып ұсынып жүр. Олардың қатарында Э. Э. Шмиттің «Тәңірге хат», «Екі дүние ортасындағы мейманхана», В. Красногровтың «Естен кетпес сабақ», А. Коровкиннің «Тәтелер», Н. Птушкинаның «Кешікпе, махаббат!», Робер Томаның «Тор» және т. б. шығармалары бар.
Өнер жолына қаймықпай түсіп, қалыптасу, кемелдену сатыларынан абыроймен өткен сахна шебері кемел жасқа шаршамай, шалдықпай жетіп отыр, Ол әлі тұғырдан түскен жоқ. Өнердегі өрісті қадамы жалғасын табуда. Біраз жыл актрисалықпен бірге ұстаздықты қатар алып жүрді. Оның тәжірибемен толысқан тағылымды өмір жолы, өнерге салған соны соқпағы – жастар үшін таптырмас үлгі-өнеге. Жезқазған музыкалық колледжінің актерлік бөлімінде шәкірттерге дәріс бере жүріп, театрдың жас артистеріне де айтар тағылымы мол ұлағатты ұстаз бола білді. Режиссураға икемді, сценарист, іс-шараларды шебер ұйымдастырушы ретінде де көпшілікке кеңінен танымал.
Актрисаның ел мәдениеті мен өнеріне сіңірген ұзақ жылғы еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Мәдениетті қолдау жылында Жезқазған қаласы әкімінің «Жылдың мәдени шараларды ұйымдастырушысы», 2002 жылы қалалық мәдениет бөлімінің «Мәдениет шамшырағы» Алтын белгісі, 2005 жылы Қарағанды облысы мәдениет департаментінің «Театр тарланы» жүлдесіне ие болды. 2007 жылы Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, 2011 жылы ҚР «ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медалімен наградталып, 2012 жылы Жезқазған қаласы әкімінің «Үкілі қобыз» сыйлығына лайықты деп танылды. 2013 жылы Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен наградталды. Кейін олардың қатары Қазақастан Театрлар қауымдастығының «Сахналық ғұмыр» жүлдесімен толықты.
С. Қожамқұлов театрының іргетасын қаласып, өсіп-өркендеуіне лайықты үлес қосқан Райхан Ибраеваны өнерде мұратына жеткен жан деп айтуға толық негіз бар. Оған театр тарихы беттерінде қалған айшықты ойындары дәлел болатынын жоғарыда айтып өттік. Қазір ол қаламынан шыққан шығармаларын жинақтап, толықтырып, кітап етіп шығару жұмысымен айналысуда. Бұл – туған театрының елу жылдық мерейтойына арнаған үлкен сыйы дер едік. Біз де өз тарапымыздан талантты жанға шыққан биігінің аласармауын, қаламының мұқалмауын тіледік.
Үмітай Молдаберген,
театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі.