Сәтбаев қаласының әкімдігінің қолдауымен жыл сайын әр салада еңбек етіп, жетістігімен үздіктер қатарынан көрінген азаматтарға «Жыл үздігі-2024» марапаттау салтанаты өткізіліп келеді.
Бұл дәстүрлі шарада «Қазақмыс» корпорациясының Жезқазған аймағындағы кәсіпорындарында жұмыс істеп жүрген жастар да құрмет төрінен көрініп келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС еңбеккерлерінің «Jastar Bolashaq» Жастар одағы бірнеше өндіріс жастарын Сәтбаев қаласы әкімінің марапатына ұсынған болатын.
«Өз саласының үздігі-2024» аталымында топ жарғандардың қатарында «Жыланды» кенішінің еңбеккері Дмитрий Ковальчук, «Жомарт» кенішінен Нұрсұлтан Байқонғоров, Ғазиз Омар атындағы шахтапроходкалау тресінен Нұрсұлтан Есімбай, Оңтүстік жезқазған кеніші № 45 шахтадан Инаят Транов, электр желілері кәсіпорнынан Ермек Нысамбаев, «Сәтбаев қалалық жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны» ЖШС-нен Мария Алькебаева, бірыңғай қойма шаруашылығы мекемесінен Эльвира Сейткенова үздік деп танылды. Сонымен қатар жылу, энергетика кәсіпорынан Гүлнұр Дүйсенбекова, «Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС-нен Ринат Құдабаев пен тау-кен, шахта жабдықтары зауытынан Алмас Иманбердиев үздіктер сапынан көрінді.
Кенді шаһар басшысы Мұрат Бөрібаев өндірістің өркендеуіне атсалысқан жалынды жастарға алғысын білдірді. Аталған аталым иелеріне 100 мың теңге көлемінде сыйақы тапсырылды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.