Адам еңбегімен көрікті, еңбек адамының қоғамда орны ерекше, абыройы биік. Еңбекқор азаматтардың беделін көтеріп, өнімді еңбек етуге ынталандыру мақсатында әлемде 28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні болып бекітілген. Қай еңбек саласы болсын, ол саланың өз қиыншылықтары мен қауіптілігі болады, сондықтан да ең басты құндылық адам денсаулығының қауіпсіздігін сақтау өте маңызды.
Еңбекті қорғау – бұл қызметкерлердің еңбек үрдісінде олардың өмірі мен денсаулығының қорғалуын қамтамасыз ететін, өндірістегі қауіпті, зиянды, оқыс жағдайлардың алдын-алу және болдырмаудың шараларын жасайтын сала. Бұл мерекенің маңыздылығы сол – әр қызметкер өз саласының ең басты байлығы екендігін және өз саласында техника қауіпсіздігін сақтау көпшілік зардаптардың алдын алатындығын түсінуінде. Бұл мереке арқылы қоғамда адал еңбек құндылығының маңызы артады.
«Қазақмыс» компаниясының басшылығы азаматтарымызға жұмыс орнында лайықты жағдай жасауға баса көңіл бөлуде. Өндірісте жазатайым оқиғалар тәуекелділігін, кәсіби сырқаттарды, өлім жағдайларын төмендетуге, сонымен қатар, жұмысшылардың өмір ұзақтығы мен денсаулығын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар өз деңгейінде жүзеге асуда.
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғаудың негізгі бағыттары мен басымдықтары болып табылатын еңбекті қорғауды басқарудың заманауи жүйесін дамыту, жұмысшыларды өндірістегі жазатайым жағдайлардан міндетті сақтандыру жүйесін дамыту, заңнамаларды сақтауда мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру және ынталандыру жүйесін жетілдіру сынды міндеттерге «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағы да мүдделі тарап ретінде көңіл бөліп келеді. Кәсіподақ алғаш құрылған жылдардан бері еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық инспекторлардың қызметі жолға қойылды.
Өндірісте ауыр жарақат алу жағдайын түбегейлі шешу мен алдын алуда еңбекті қорғау талаптары қатаң ескерілуі қажет. Осыған орай кәсіподақтың қоғамдық инспекторлар қызметіне жүктелген міндет те салмақты. Қоғамдық инспектор еңбек ұжымының арасынан сайланады.
Негізгі талап – іске мығым, өз жұмысынан бөлек, қоғамдық жұмыстарды да қатар алып жүре алатын белсенді болуы керек. Өндіріс нысанындағы еңбекті қорғау жағдайын тексеру үшін оларға аптасына бір рет төрт сағаттан уақыт беріледі және инспектор кәсіпорын басшысының рұқсатынсыз өз бетінше тексеріс жұмыстарын жүргізуге құқы жоқ. Қоғамдық инспектор тексеріс шараларын кеніштің техника қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі мамандармен, бас инженерлермен бірлесе жүргізеді.
Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі күні өндіріс нысандарында еңбекті қорғау талаптарын күшейтуде «КәсіпҚорған» кәсіподағы айтарлықтай үлес қосып келеді.
Шәкен Кененбаев,
«КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалының бас инспекторы.