Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі Мереке Пшембаевтің Ұлытау облысына жұмыс сапарымен болды.
Мереке Пшембаевтің төрағалығымен Жезқазған қаласында тау-кен саласы кәсіпорындарындағы өнеркәсіп қауіпсіздігі мәселесіне арналған жиын өтті. Жиынның күн тәртібіне өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік қадағалау, тау-кен өнеркәсібі саласындағы қауіпті нысандардағы өндірістік бақылаудың жай-күйі, саладағы проблемалық мәселелер шығарылып, талқыланды.
Жиынға ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің өнеркәсіп қауіпсіздігі комитетінің төрағасы Н.Мақажанов, комитеттің аумақтық департамент басшылары, тау-кен саласындағы «Арселор Миттал Теміртау», «Ақтөбе мыс компаниясы» АҚ, «Еуразия тобы» ЖШС, «АлтынАлмас» АҚ, «Алюминий Қазақстан» АҚ, компаниялардың өкілдері қатысты.
Вице-министрді «Қазақмыс» корпорациясы «Жезқазғантүстімет» ӨБ кәсіпорындарындағы өнеркәсіп қауіпсіздігінің жай-күйімен өндірістік бірлестіктің Бас директоры Бауыржан Баймұханов таныстырды. Бауыржан Әмірқұлұлы жиында корпорацияның негізгі атқаратын жұмысының бағыттарына тоқтала келіп, өндірістік қауіпсіздікті нығайтудағы шаралар негізінде жарақат алудың деңгейін төмендету бойынша жүйелі жұмыстардың атқарылып отырғандығына баса көңіл аударды.
Вице-министрдің сапары аясында «Қазақмыс» корпорациясы «Жезқазғантүстімет» ӨБ Жезқазған байыту фабрикасында апаттық құтқару қызметінің жаттығуы өтті. Фабрика директоры Мұрат Бөрібаев өндірістік нысанның төтенше жағдайларда құтқару отрядтарының жұмысы жолға қойылғанын жеткізді.
Апаттық-құтқару бөлімдерінің дағдыларын жетілдіру, «Серіктес» АҚҚ» ЖШС дайындығын тексеру мақсатында өткен жаттығу ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің өнеркәсіп қауіпсіздігі комитетінің төрағасы Н. Мақажанов, комитеттің Абай, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарындағы департаменттерінің басшылары, «Арселор Миттал Теміртау», «Ақтөбе мыс компаниясы» АҚ, «Еуразия тобы» ЖШС, «АлтынАлмас» АҚ, тағы басқа компаниялардың өнеркәсіп қауіпсіздігі құрылымдарының жетекшілерінің назарына ұсынылды.
Жаттығу тапсырмасына сәйкес, құтқарушылар байыту фабрикасы аумағындағы қираған ғимараттан адамдарды эвакуациялау, қиранды астында қалған адамды апаттық-құтқару құралдарын қолдана отырып шығару және медициналық көмек көрсету, құлаған ғимарат ішінде қалған адамдарды альпинистік құралдар қолдана отырып қауіпсіз жерге жеткізу бойынша тапсырмалар орындады.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.