Нұрқазған кенішімен қатар еңсе тіктеген Нұрқазған байыту фабрикасы шахтадан жіберілген кендерді өндірістік үдеріске сай ұсақтап, майдалап, концентрат күйінде заводқа жөнелтеді. 2027 жылы 6 жарым миллион тонна өнім өндіруді көздеп отырған фабриканың еңбек майданындағы табысына мұндағы цехтың жүздеген жұмысшысы үлес қосуда.
Кенішпен іргелес қоныстанған фабриканың әрбір цехында тәулік бойына жұмыс тоқтаусыз жүзеге асады. Фабриканың табысқа жетуіне жеке үлесін қосып жүрген жандардың қатарында нәзік жандар да бар. Солардың бірі – Ермек Мұратханқызы. Ол бас корпуста ұсақтаушы болып еңбек еткелі 19 жылға аяқ басты. Өндіріс нысаны алғаш өндірістегі қадамын бастап жатқанда Ермек Мұратханқызы жолдасы Жанарбек Қанжиұлымен бірге еңбекке араласты. Жанарбек Қанжиұл – бас корпуста сүзгіші.
Ата-бабаның кіндік қаны тамған елге 1992 жылы оралған ерлі-зайыптылар әуеліде Қарқаралыда қоныс тапты. Кейін Ермек Мұратханқызы тігіншілік мамандығын игерді. Бірнеше жыл қатарынан тігіншілікті кәсіп етті. Технология пәні бойынша мұғалім болды. Үйелмелі-сүйелмелі 5 баланы жетілдіру қамымен Жанарбек пен Ермек фабрикаға жұмысқа орналасты. Содан бері 19 жылға жуықтап қалды. Екеуі де өндірістің тілін меңгерген маманға айналды.
– Біз мұнда келгенде технологияларды түсіндіріп, бағыт-бағдар беретін тәлімгер де болған жоқ. Өйткені фабрикадағы қондырлығар заманауи үлгіде жасақталған. Алғаш келгендердің легі өндірістік үдерісті өздері меңгеруге тура келді. Басында технологияны игеріп кету қиынға соқты. Алайда уақыт өте келе шыңдалдық. Бізден кейін қатарға қосылған жастарда мектеп қалыптаса бастады. Менің тәлімімнен осы жылдар ішінде жиырмадан аса жас маман өтті. Жұмысым көңілімнен шығады. Тұрақты жалақымыз бар. «Қазақмыс» корпорациясы әлеуметтік қолдау көрсету жағынан да алдыңғы қатарда. Еңбек жағдайымыз да стандарттарға сай келеді, – деді Ермек Мұратханқызы.
Жанарбек Қанжиұлы мен Ермек Мұратханқызы байыту өндірісінде еңбек әулетінің негізін қалаушылар. Олардың тұңғыштары Жасқайрат Жанарбекұлы ата-ана жолын жалғап, бас корпуста электрик болып еңбек етіп жүр.
Ермек Мұратханқызының кәсібилігі мен мамандыққа деген адалдығы басшылық тарапынан қолдау тауып келеді. Ол әр жылдары Құрмет грамоталарына ие болды. Өткен жылы корпорация бойынша «Мамандығының үздігі» аталымын иеленді. Өмірін өндіріске арнаған нәзік жанның ендігі мақсаты – осы құтты мекеннен зейнеткерлікке шығу.

