Оғыз қаһан – көне «Оғыз қаһан» және «Оғыз-нама» жырларынан ортағасырлық жылнамашылар қайта тірілткен, темір дәуіріне жататын тарихи тұлға. Оғыз қаһанның кезінде Қыпшақ, Ұйғыр, Қанқлы, Қалаш, Қарлық атты көшпелі тайпалар құралды. Оғыз қаһанның шежіресі Рәшит адДіннің «Оғыз-намасында» нақты тарқатылған. Шежіреге сәйкес Яфестің, кейін Түрктің ұрпағы Мұңғылда төрт ұл болған: үлкені –Қара қан; екіншісі – Гүр қан; үшіншісі – Қыр қан; төртіншісі – Ұр қан. Ата-баба дәстүрі бойынша, фәниден аттанар алдында Мұңғыл өз жұртының басқару тізгінін Қара қанға тапсырды.
Жылнамаларға сәйкес, Қара қан Ортақ пен Кертақты (Ұлытау мен Кішітау – Әбілғазы) жайлап, қысты Сыр бойында, Қарақұмда және Борсықта өткізген. Қара қанның бәйбішесі «ай мен күннен» сұлу ұл туды. Ортағасырлық жылнамашылар бұл оқиғаның діни маңыздылығына назар аударады. Олардың пайымдауынша, Яфестен Алынша қанға дейін түрк елі бір Құдайға сеніп, Нұһ пайғамбардың өзінен бастап, буыннан буынға жетіп отырған рухани құндылықтарды үзбей, мұсылман болған. Бірақ, Алынша қанның кезінде темір мен алтын мөлшері молайып, әскер саны көбейіп, оның қару-жарақ деңгейі күшейіп, мал саны мен байлыққа ел мастанып, Құдайды ұмытты және әулиелерді құрметтеп оларға табынды.
Бұл ерте темір дәуірі кезінде, дала елдерінде көшпелі мал шаруашылығы басым болып, металлургияның жоғары дамыған кезі еді. Ұлық-Бақырлық, немесе бүгінгі Жезқазған ірі металлургиялық орталыққа айналып, көне кен қазушылар мен балқытушыларға жоғарғы пластардан мыс, күміс және алтын беріп отырды. Аталмыш кезеңді бүгінгі тарихнамада сақ дәуірі деп атап кеткен және сол кездерде темір игеріліп, көшпелілердің қару-жарағы дамып, елдер ірі империяға бірікті. Сауда жолдарының басты бағыттарын бақылау арқылы номадтар өз қолдарында үлкен алтын қорын жинады. Алтын жоғарғы билік пен ақ-сүйектердің қоғамдық беделінің көрінісі ретінде бағаланды. Қаһанға жақындар мен жергілікті билеушілер киімдері мен мінетін аттарын алтынмен қаптап, өмірден өткенде сол күйінде жерленетін болды. Алтын ертоқым мен алтын жүген билік адамның айналадағы қоғамнан ерекшеленетін символы болды.
Бүгінгі археология арқылы ашылған «алтын адамдар» сол кезеңді қамтиды және радиоуглеродты зерттеулер оны дәлелдеді. Жерленген «алтын адамның» үстінен үлкен оба салып, басына балбал тас қою, аруақты әулие тұту, оның бейнесін матадан қуыршақ қылып тігіп, төрге іліп қою – пұтқа табынушылықтың басты көрінісі болды. Мұндай діни жағдай дүниеге Оғыздың келгенімен өзгерді. Оның өмір сүрген кезін, орыстың белгілі дерекнамашы, энциклопедиялық «Обозрение киргиз-кайсакской степи» атты еңбектің авторы Яков Гавердовский, Македондық Ескендірдің жорықтарынан кейінгі уақытпен түйістіреді. Ескендірдің өлімінен кейін оның қолбасшылар арасында келіспеушілік орын алып, Персияның шығыс жағы қараусыз қалған еді. Ал, мұңғылдардың шығысында, Ертістің арғы жағында Мөде құрған татар мемлекеті күшейген кезі болатын. Сонымен, Оғыздың дүниеге келгені жылнамаларда таңғажайып белгісі бар оқиға ретінде тарқатылады.
Адам-сафиолладан бастау алған мұсылмандық Оғыздың бойына шешесінің құрсағында қонған-мыс. Оны Құдайдың сүйікті нәрестесі «бали» деп атайды. Дүниеге келісімен бала анасының емшегін ембей, үлкен адамның тілімен «мен мұсылманмын. Егер сен мұсылмандықты қабылдамасаң, мен сенің сүтінді ембей аштан өлемін» деп, анасын таң қалдырады. Шешесі баланы аман алып қалу үшін, өзінің өмірін қауіпке тігіп, мұсылмандықты қабылдауға мәжбүр болады. Ол кездерде пұтқа табынушылар мен құпия түрде мұсылмандықты сақтап келе жатқандардың арасында жау өшпенділік өршіп тұрған. Әкесі баласын мұсылман екенін білсе оны өлтіріп, баласы әкесін өлтірген заман болатын. Оғыз есейіп ержеткен кезде әкесі Қара қан оған жақын туысының қызын алып береді. Ол кездері патша тұқымы тек патша әулетінің қызымен ғана отау құра алатын. Алған құрбысына Оғыз бірден шарт қояды: «Мен мұсылманмын. Егер менімен бірге болам десең, сен де мұсылмандықты қабылда», – дейді. Қауіпті аңғарған қыз бірден ондай ұсыныстан бас тартады және олардың аралары алшақтайды. Екі жастын көңілдерін сезген Қара қан ханзадасына патша әулетінен тағы бір қыз алып береді. Онымен де тура біріншідегі дей жағдай орын алады. Сонда, әкесі Оғызды шақырып алып, «балам, сен екі келінмен де жарасымды болмадың, енді өзің қалаған жарыңды өзің тап» деп ханзадаға еркін таңдау жасауға рұқсат береді. Өзеннің жағасында кір жуып жүрген қыз-келіншектердің арасынан біреуін ұнатып, араларында маһаббат оты жанып, Қара қанның үшінші келіні Оғыз үшін бәріне дайын екенін білдіріп, қауіпқатерге қарамастан мұсылмандықты қабылдайды. Қара қан, әрине, ұлы мұсылман екенін білген емес. Бір күні, Оғыз аң аулауға кеткенде, әкесі бірінші екі келіндерін шақырып, үшінші келіннің сыры туралы сұрайды. Сонда екеуі бар шындықты айтып береді. Мұндай сұмдықты естіген хан дереу құрылтай жинап, ханзаданы өлтіру туралы үкім шығарады. Оны естіген кіші келін Оғызға адам жүгіртіп, хабарды жеткізеді. Қауіп төніп тұрғанын естіген ол айналаға жар салады: «Әкем әскер жинап жатыр, мені өлтірмекші. Мені қолдайтын мұсылмандар маған келіңдер, әкемді қолдайтындар сол жақ болыңдар!» Оғыздың таңғалғаны – көбісі Қара қанды қолдамай, өздерінің құпия бір Құдайға сеніп жүргендерін білдіріп, бір тудың астына жиналғаны. Олардың бәрін Оғыз «ұйғыр» деп атады. «Ұю» сөзінің мағынасы «одақтас», «жақтас» дегенді білдіреді. Имамның артынан намазға ұйығандай, Қара қанның ағаінілерінің көбісі пұтқа табынушылар және Құдайға серік қосушылармен бірге болғысы келмеді. Қара қан әскерінің көптігіне қарамастан Жаратушы Оғыздың жағынан шықты. Шайқас кезінде қанның басына оқ тиіп, ол қашуға мәжбүр болды. Кейін сол жарақатынан патша қайтыс болды. Оның қай жерде жерленгенін ешкім білмейді.
Жеңіске жеткен Оғызды ел қаһан етіп сайлап, алтын таққа отырғызды. Соған сәйкес, сол кезден бастап мемлекеттік жүйеде жаңадан саясиқоғамдық қарыма-қатынас орнатылды. Идеологиялық өзгеріс пұтқа табынушылықты жоюмен және елде монотеизмнің тарауымен ұштасты.
Мұсылман болғандардың бәрі мемлекеттік қамқорға алынып, керісінше, пұтқа табынуды дәстүр ретінде ұстануды жалғастырғандарға қарсы жаза мен құғыншылық қолданылып, «әкелерін өлтіріп, балаларын құл етті» (Саблуков, 16-бет). Қара қанның алпауыт мемлекет аймағындағы жергілікті билік басшыларының кейбіреулері жаңа биліктің ережелерін қабылдамады. Сондықтан, ондайларға қарсы Оғыз жорық ұйымдастырып, жеңіп отырды. Өз тақтарынан қуылған бектер татарларға қашып, Солтүстік Шин (Қытай) мен қазіргі Моңғолияны (ол кезде Татария) паналап, татарлардың әскерін күшейтті. Татар тайпаларына Ә. Марғұлан Керей, Найман, Оңғұт (Уақ), Қырғыз, Бекрен, Таңғұт, Дулат және Қоңыраттың бабаларын жатқызады. Шығыстан көрінген қауіпті тыныштыру үшін Оғыз қаһан татардың қанына қарсы жорық ұйымдастырды. Мұңғыл да, Татар да бір бабаның ұрпағы болғанына қарамастан, татардың Сүйінші қанынан бастап алған өшпенділік татардың күллі әскерін қырып салуға әкелді. Солай, қазіргі Қазақстан мен Моңғолия аумағында тіршілік еткен барлық көшпелі тайпалар бір Оғыздың туының астына топтасты. Осы жорықта мұңғылдар ат көтере алмайтындай олжаға ие болды. Сол сәтте әскер сатынан бір жігіт арба жасап шығарды. Оның істегенін басқалары да қайталап, тау болып үйіліп жатқан алтын-күміс заттарды артып жөнелді. Жүріп келе жатқан арбалардың дөңгелектері «қанқ-қанқ» деген, жүйкені тоздыртатын дыбыс шығарғандықтан, әлгі арбаны тауып шығарған адамды, көңілді болып келе жатқан сарбаздар Қаңқлы деп қалжындап атап кетті. Кейін оның барлық ұрпақтары Қанқлы тайпасы болып аталды. «Оғыз-намадағы» осы оқиғаны атап отырсақ, біз Қанқлы тайпасының пайда болғанына, қазақ арбасын ойлап тапқанына куә боламыз. Көшпелілердің екі аяқты арбалары қола дәуіріне жататын петроглифтерде бейнеленген, демек, қытай деректеріне сүйенсек, Қаңқлы тайпасының пайда болғаны тура сол б.д.д. ІІ ғасырғы келеді. Татарларды бағындырғаннан кейін Оғыз қаһан Қытай, Шүршіт, Таңғұт және Қарақытайды жаулап алды.
Осы жорықтар кезінде Қыпшақ тайпасының тарихы бастау алды. Ол кезде ұлық сардарлар жорыққа аттанғанда, көне түрік дәстүріне сәйкес, өздерімен қатындарының бірін өзімен ертіп жүрген. Оғыздың жақын нүкерлерінің бірі де қатынын ертіп, ол жолда жүкті болып қалады. Қамалдардың бірін алу кезінде жаңағы нүкер ажал тапты да, әйелі босанатын кез келгенде қолайлы жер таппай әлек болады. Оғыз оған бірнеше адам қалдырып, оларға әйел босанғаннан кейін басты әскерді қуып жетуді бұйырды. Суықтан тығылатын жер таппай, әлгі әйел кеуіп қалған жалғыз талды көріп, оның ортасында кеуектің қуысына жасырынып босанады. Кейін әскерге жетіп алғанда, Оғыз бар жағдайды сұрап, қалай босанғанын естіген соң былай бұйырады:
– Мына баланың әкесі менің сенімді де, жақын да нүкерім еді. Сондықтан, мұны мен өзім тәрбиелеп өсіремін. Баланың есімін Қыпшақ (қаб, шақ – талдың кеуек қуысы) деп, оның ұрпақтарының бәрін осы атпен атаңдар, – дейді. Оғыз қаһан Бағдатты, Шамды және Мысырды жаулап алып, өз еліне, Ортақ пен Кертаққа оралғанда Қыпшақтың жасы 17-ге толған еді. Туғанынан жорықтарда өскен жігітке патша әскер беріп, Рус, Алан, Мажар, Башқұрт елдерін бағындыруға жібереді. Шайқастарда шыныққан тәжірибелі нөкерлерді басқарған Қыпшақ Жайық пен Тіне (Дон) аралығын жайлаған елдерді бағындырды. Сол заманнан Шыңғыз қаһанның кезіне дейін осы жердегі елді Дашты Қыпшақ деп атады. Сонымен, Қытай, Шүршіт және Таңғұтты алып, татарлар арқылы өз әскерін күшейтіп, Оғыз қаһан Тұран мен Үндістанға аттанды. Ташкент, Самарқан және Бұқараның қарсылығын басып, өзі Сайрам мен Ташкентті қоршауға алып, ұлдарын Түркістан мен Әндіжанға жіберді. Одан кейін Оғыз әскері Балқ пен Гүр аумақтарына кірді. Гүрдің тауларында өте көп қар жауды және әскер әрі қарай жүруге қарсылық көрсете бастады. Бірақ, мұңдай жағдайға қарамастан Оғыз әрі қарай жылжуды талап етті. Сондай табандылықтың арқасында ол Гүрді алды.
Көктем түсіп, жаңа жылдың келу себебімен әскер санағын жүргізу қажет болды. Санақ кезінде жасақтардың арасында бірнеше сардар мен олардың сарбаздары жоқ болып шықты. Шамалы күннен кейін әлгілер келіп, боран мен қар астында қалып, тау арасында адасып қалғандары туралы айтып берді. Аттардың бәрі өліп, жаяу жалпы әскерді қуып жетуге тура келді. Бұл әңгімені естіген Оғыз:
– Бұл адамдар мен олардың ұрпақтарын Қарлық (Қарлы) деп атаңдар, – деп бұйырды. Солай тағы бір түрік тайпасы пайда болды. Гүрден шығып, Оғыз Қабыл мен Ғазнинді алып, Қашмирге аттанды. Қашмирдің басшысы ол кезде Яғма болатын. Ол өзінің уәлаятінің қиын жерде орналасқанын пайдаланып, қарсылық көрсетуге бел буды. Қашмирді алғанша бір жыл уақыт өтті және екі жақтан да көп адам шығыны болды. Бірақ, Оғыз Қашмирді алып, Яғманы қатан жазалап, Бадахшан мен Самарқан арқылы әскерін қайтадан Мұғылстанға (Ұлытауға) бағыттады. Бір жыл бойы әскерге тыным беріп, ол Персияға қарсы көпжылдық жорыққа дайындала бастады. Келесі жылы Қарақұм мен Борсықтан шығып, Сырдың бойымен көтеріліп, Телаш қаласына келді. Осы кезде Қалаш тайпасы пайда болды. Бір топ сарбаз адасып, қу далада мінген аттарын жеуге мәжбүр болып, әзер дегенде әскерді жаяу қуып жеткен. Сондықтан, Оғыз оларды Қалаш (Қал, аш) деп атауды бұйырды. Бұл тайпа жорықтардан кейін Мәуераннахр, Қорасан және Ирак жерлерін иемденіп алды. Оғыздың әскері Самарқан мен Бұқараны өтіп, Қорасанның жеріне аяқ басты. Ол кезде парсы патшасы Кеюмырс қайтыс болып, Арийан жұрты бытыранқылық кезеңді бастан кешіп отырған еді. Кеюмырс, Македондық Ескендірдің жорықтары мен оның өлімінен кейін басталған алауыздықтардан кейін, бір биліктің астына жұртты біріктіріп алған болатын. Бірақ, Кеюмырстың өлімінен кейін қайтадан жағатартыс орын алып, Персия әлсіреп қалды. Қорасанды алып, Оғыз қаһан Ирак-әжемді, Ирак-арапты, Әзірбайжанды, Арменияны, Шамды және Мысырды жаулады. Бұл жерлерді алған кезде ол келісімге келу әдісін қолданды: берілгендерге тиіспей, қарсылық білдіргендерді аямай қатаң жазалады.
Тура осы әдісті ХІІІ ғасырда Шыңғыз қаһан қолданды. Шамда жүргенде, Оғыз, мемлекетінің болашағын ойлап, империяның аумағын алты баласының арасында екіге бөлуді шешті. Бір күні, ол өзінің уәзірін шақырып алып, алтын садақ пен үш алтын садақтың оғын береді де, «садақты батыс жаққа, үш оқты шығыс жаққа көм де, ұштарын шығарып қой» деп бұйырады. Кейін үш үлкен ұлын шақырып, «сендер батыс жаққа барып, аң аулап келіңдер» деп кіші үш ұлына шығыс жаққа аң аулауды бұйырады. Үлкен үш ұлы алтын садақ тауып алып, оны бұзып үшеуі бөліп алады да, кіші үш ұлы алтын оқтарды тауып алып бөліп алады. Аңнан қайтып келген ұлдарына Оғыз:
– Мен мәңгі емеспін. Мына үлкен Алашқа ие болатын сендер. Сондықтан, елдің батыс жағына Бұзоқ ие болсын, ал шығыс жағына Үшоқ ие болсын, – деп үкім етеді. Сайрамнан Мысырға дейінгі жаңадан қосылған уәлаяттарға өз адамдарын тағайындап, Оғыз өз атамекеніне оралады. Мәуераннахр жылнамаларының жазғанына сүйене отырып, Гавердовский былай жазады: «Оғыз 40 жылдық жорықтардан сансыз байлықпен оралып, өзінің соңғы күндерін туған жерінде, малшының кигіз үйінде, қарапайым өмір сүрумен өткізді. Мұндай әрекет патшаларға қатысты сирек кездесетін жайт».
Борсықтан Ортаққа дейін жатқан үйіне келіп, Өғыз сәтті аяқталған жорықтардың
құрметіне үлкен той жасады. «Ол үшін ол зәулім сарай салуды, оның жан-жағында өсіп тұрған талдардың ұшын алтынмен қаптауды, лағыл, меруерт, көгілдір ақық және т.б. асыл тастармен әшекелеуді бұйырды» (Саблуков, 22-бет). Осы тойда Оғыз қаһан 900 жылқы және 9000 қой сойғызды. Сонымен қоса, ол сафьяннан 99 ыдыс жасатып, тоғызына шарап, тоқсанына қымыз құйғызды. Жорық кезінде көрсеткен еңбектеріне орай ол өз нүкерлеріне қалалар, өңірлер және елді-мекендер сыйлады. Сонымен, шамамен б.д.д. ІІ ғасырда, қазіргі Ұлытау жерінде Оғыз қаһанның қолымен ұлық империяның әкімшілік-аумақтың бөліктері құрылды. Күллі бағынышты аумақты алты баласына еншілікке берді. Сонымен қатар, ол өз көшпелі елін тоғыз ордаға бөлді. Бірінші орда – Ұйғыр. Олар Тубұзлық (бүгінгі Бұғылы) пен Ұқсыңлықтұрға (Ауроурық) және Құт (Мұңғылжар) тауларының арасын мекендеді. Ол жерлерді Арқа деп те атайды. Бұл орда Мұңғыл қанның ұрпағы болған және жоғарыда атап өткендей, бұлар ең бірінші болып Оғыздың жағынан табылды, оған «ұйыды». Уақыт өте ұйғырлар екіге бөлініп, Ғұн және Тоғыз деп аталды. Жалпылап алғанда бұл екі одақ 120 рудан құралды. Европалықтардың жазып жүрген гун, огар, венгр, т.б. угур мен угрлардың ұрпақтары осы біз атап отырған ұйғырлар.
ІІІ-IV ғасырларда орын алған ғасырлық құрғақшылықтың салдарынан бір тегіс болып отырған ұйғырлар жан-жаққа шашырап кеткен. Гавердовскийдің жазуына сенсек, қазақ жерінде, Сарыарқада қалып қойған (немесе құрғақшылықтан кейін атамекеніне оралған) ұйғырлардың ұрпақтары ретінде қазіргі Арғын тайпасын алуға болады, ал бір бөлігі Шығыс Түркістандағы өз этнонимін сақтап қалған ұйғырлар. Екінші орда – Найман. Олар басында Түркістанды мекендесе, кейін шығысқа кетіп, Алтай тауларын асып кетті. Үшінші орда – Қыпшақ. Жоғарыда атап өткендей, бұл ел Жайықтан Тінеге дейін мекендеген Рус, Ұлақ, Мажар және Башқұрт елін алып жатты. Төртінші орда – Қаңқлы бүгінгі Жоңғар Алатауының жегінде мекен еткен. Бесінші орда – Қалаш Мәуераннахрды алып жатты. Алтыншы орда – Қарлық, жетінші – Ұр-маққаш, сегізінші – Салжуыт және тоғызыншы – Желауыт. Бұл төрт орда Алтайдан Қытайға дейін және сол жерлерден теріскейге қарай жайлаған.
Оғыздың аманаты бойынша, осы Тоғыз орда мен бағындырған жерлердің бәрін тек оның ұрпақтары ғана билеуге хақы болды. Бұл әулеттік басқару жүйесі Добын-баян (Домбауыл) мен Шыңғыз қаһанның кезінде жалғасып, ХІХ ғасырда жойыла бастап, Сталиннің кезінде бірден құрдымға кетті. Солай Ұлы жібек жолының бойында орталықтандырылған мемлекеттік жүйе орнатылып, саяси өмір тынышталды және аймақ арасындағы сауда-саттық қарқынды дамыды. Ал, Оғыз қаһан мемлекеттік істердің бәрін ұлдарына тапсырып, өзі «барса келмеске аттанды». Ол осы Ұлытауда тыным тапты. Кім біледі, мүмкін біздің өңірдегі сақ обалардың бірінде, мүмкін Құлманның жанындағы жалғыз обада Оғыз жатқан болар?..
Мұхтар Бақытұлы.