Журналист – уақыт тынысын қалт жібермей, елдің үнін жеткізетін елгезек маман. Ал сол журналистердің басын біріктіретін ұйымдар әрқашан сергек те серпінді жұмыс істеуі тиіс. Ұлытау өңіріндегі қалам ұстаған қауымның кәсіби бірлігін қамтамасыз етіп келген Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалында жаңалық бар – төрағалық қызметке жаңа тұлға келді.
Ұйымда өткен кезектен тыс конференция барысында сала майталмандары бірауыздан Эльвира Алпанбаеваның кандидатурасын қолдады. Ол – «ЖезМедиа-Пресс» ЖШС директоры, «Жезказганский вестник» газетінің бас редакторы, Ақпарат саласының үздігі. Ұзақ жылдар бойы өңір журналистикасының дамуына белсене атсалысып жүрген танымал маман.
Бұл сайлау – жай ғана лауазым ауыстыру емес. Бұл – өңір журналистикасы алдында тұрған жаңа сын-қатерлерге бірге қарсы тұруға бағытталған шешім. Себебі ақпараттық кеңістіктегі бәсеке артып, сапалы контент пен кәсіби ұйымшылдықтың маңызы бұрынғыдан да еселеп артқан шақта, мұндай өзгерістердің мәні терең.
Ал қоғамдық негіздегі төрағалық тізгінін өз еркімен тапсырған Ахат Құрмансейіттің уәжі де орынды. Мемлекеттік қызметпен қатар партиялық және қоғамдық міндеттерді қатар алып жүру оңай еместігі белгілі. Оның үстіне, облыс орталығынан шалғайда болу – филиал жұмысын жүйелі үйлестіруге кедергі келтірері анық.
Осыны түсіне отырып, бұрынғы төраға журналистік қауыммен қимастықпен қоштасты. Бірақ қоштасу – бұл араласпау деген сөз емес. Ол өз сөзінде ортақ іске қажетті кезде атсалысуға, кеңес беруге әрдайым дайын екенін ашық жеткізді.
Жаңа төраға – жаңа қарқын, тың бастама. Ұлытаулық қаламгерлер қауымы бірлігін сақтай отырып, кәсіби ынтымақтастық пен журналистік мәдениетті одан әрі дамыта түсетініне сенім мол.
Ізтай Белгібайұлы.