Ошақбай Асылбекұлының туғанына биыл 95 жыл толса, ол кісі табан аудармай 12 жыл басқарған Жезқазған қаласы 70 жылдығын атап өткелі отыр. Осындай мерейлі шақта абзал азаматтың рухына тағзым етіп, атқарған ізгі істерін еске алудың реті келген сияқты. Жаңа облыстың орталығы болған 1973 жылы Жезқазған қаласының бірінші басшылығының тізгінін қолға алған Ошекең бұған дейін етек-жеңі шашыраңқы, еңсесі төмен шағын шаһарды дамытып, жаңа мәртебесіне сай жинақы қала қатарына қосу жолында өлшеусіз еңбек етті. Жартылай шөлейт аймақта орын тепкен өндірісті қала қажырлы азаматтың басшылығымен айналдырған он жылдың ішінде жасыл желекке бөленіп, дәулетіне сәулеті сай жанға жайлы көрікті мекенге айналды.
Журналистіктен басталған жол
ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген Ошақбай Асылбековтің алғашқы еңбек жолы газет жұмысынан басталған болатын. 1952 жылы университетті тәмамдап жолдамамен Ақмола қаласына келіп, теміржолшылар газетінің редакциясында тілшілік қызметпен айналысады. Мүмкін содан болар, Ошекең қаланы басқарған тұста да редакция қызметкерлерімен жақсы қарым-қатынаспен араласып жүретін. Оның үстіне, қалалық партия комитетінің бірінші хатшылығынан босағаннан кейінгі қызметі облыстық «Полиграфия» өндірістік бірлестігінде жалғасты. Ол 1986 жылдан 1992 жылдың шілде айына дейін 6 жылдай осы мекеменің бас директоры болған кезінде облыстық «Жезқазған туы» газетінің материалдық жағдайына қатысты мәселелердің оңтайлы шешілуіне көп көңіл бөлді. Өйткені, ол кезде облыстық газеттердің қаржылық-материалдық жабдықталуы осы «Полиграфия» бірлестігінің құзырында болатын. Қалыптасқан осы байланыс кейінгі уақытта да үзілген жоқ.
Ошекең зейнетте жүрген кезінде Жезқазған облысы жабылып, қалалық басылымға айналған «Сарыарқаның» редакциясына да келіп, жағдайды біліп жүрді. Ол кезде мен осы газеттің бас редакторы болатынмын. Көбінесе Жезқазғанның өткен жолдары мен өсіп-өркендеуіне қатысты әңгіме қозғайтын Ошекең сол кезде естелік жазып жүргенін айтқан еді. «Өзімді көрсету үшін емес, бүкіл жезқазғандықтардың мыс шаһарын қалай салғанын, қалай көріктендіргенін қағазға түсіріп, кітап шығарсам ба деген ойым бар» деген абзал ағамыздың жазғандарының алғашқы нұсқаларынан үзіндіні «Сарыарқа» газетінің бірнеше нөмірінде жарияладық. Ошақбай Асылбековтің осы естеліктері 1999 жылы баспадан «Мыс шаһары» атты кітап болып шықты. Кітапқа редактор болған журналист ағамыз Аманжол Үсентегі қолжазбаны көркемдеп, өңдеуге біршама үлесін қосты. Осы мақаланы жазу барысында сол естелік кітапты бір шолып шығып, абзал ағамыздың редакцияға келіп жүргенде айтқан әңгімелерін санамда тағы бір қайта жаңғыртқандай болдым.
Ақмолада теміржолшылар газетінде, одан кейін оқу бөлімінде 3 жылдан аса қыз-
мет істеген соң Ошекең көштің басын туып-өскен өңірге қарай бұрып, Жезқазған қаласына келеді. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, қызмет сатысындағы өсу жолдары басталады. Әуелде Жезқазған кен-металлургия комбинаты жүйесінде, одан соң партия, кәсіподақ, кеңес органдарында қызметтер атқарады. Кейінірек Қарағанды политехникалық институтын бітіріп, құрылыс инженері мамандығын алып шығады. 1964 жылдан 1969 жылдың аяғына дейін халық депутаттары қалалық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, кейін бірінші орынбасары, одан әрі «Қазмысқұрылыс» тресінің механикаландырылған жылжымалы колоннасының бастығы, осы трестің партия комитетінің хатшысы болған кездерінде де қала шаруашылығымен жан-жақты айналысып, өз қабілет-қарымын барынша танытты.
Қала тізгіні сенімді қолда
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1973 жылдың 20 наурызында Жезқазған және Маңғышлақ облыстарын құру туралы Жарлығы шыққан уақытта Ошақбай Асылбекұлы «Қазмысқұрылыс» тресі партия комитетінің хатшысы қызметінде болатын. Бұл кәсіпорын сол кезде кен-металлургия комбинатынан кейінгі қаладағы ірі де іргелі ұжым болып табылатын. Түпкірдегі қаланың облыс орталығы болғанына бүкіл жезқазғандықтармен бірге ол кісі де қатты қуанып, үлкен дүбірлі өзгерістер алдында тұрғандарын сезінген еді. Көп кешікпей-ақ Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев өзі келіп, облыс активтеріне Жезқазған облысын ұйымдастыру бюросының мүшелерін таныстырды. Бюроның төрағасы Константин Лосев, мүшелері Қамза Жұмабеков, Кәкімбек Салықов, Жылқыбай Аралбаев, Нұртаза Ыбыраев, Леонид Иванченков болған екен. Ұйымдастыру бюросы аз уақыт ішінде облыстың басшы қызметкерлерін тағайындап, бекітіп болған кезде, Ошақбай Асылбековті шұғыл түрде обкомға шақырып, күтпеген ұсыныс білдіреді. «Сіздің кандидатураңызды Жезқазған қалалық партия комитетінің бірінші хатшылығына ұсынғалы отырмыз. Сізді білетін жігіттер қолынан іс келеді деп, қолдау көрсетіп отыр» деген обкомның бірінші хатшысының жауап күте қараған сөзіне әуелде не айтарын білмей, абдырап қалғандай болып: «Бұл – өте үлкен міндет, шамам келер ме екен» деп күмілжіген бұған басшылар: «сенім білдіріп отырмыз, көмектесеміз» деп алды-артын бірдей орап тастаған еді. Осылайша Ошекең бірден Алматыға ұшып, Орталық Комитеттің қабылдауына барды. Орталық Комитеттің екінші хатшысы Валентин Месяц келісімін беріп, ісіне сәттілік тілей келіп: «Жұмысың ауыр болады. Қарағанды облысының бір бүйірінде жатқан кішкене қала облыс орталығы болып отыр. Оны облыс орталығының дәрежесіне жеткізу оңайға түспейді. Жұмыстың бәрі бірінші хатшы арқылы шешіледі. Сын да, мін де көп болады. Шыдасаң жұмысың алға басады. Ол өзіңе байланысты» деп тілеулестігін білдіргенде сәл қобалжығанмен, іштей ширығып үлкен жүкті көтеруге нық бекінген еді. Қаланың бірінші хатшылығының тізгінін қолға осылайша ұстап, жауапты қызметке белсене кірісті.
Сол кезде сырт жерлерден келіп, қызметке орналасып жатқан жолдастары: «Ошеке, сіздің Жезқазғаныңыз облыс орталығы болуға тәлтіректеп барып, әзер қолы жетті. Болмай қалуы да мүмкін еді, оны білесіз бе?» деп қалжыңдайды екен. Оның мәнісі, Орталық Комитетке облыс мәселесі шешілерде пікір сұратқанда қарағандылықтардың біразы: «Облыс орталығына Балқаш қаласы сай. Сәулетті үйлері көп. Табиғи көлдің жағасында, ауа райы жұмсақ. Алматыға жақын» деген пікір айтса керек. «Расында, 1974 жылға дейін Балқашқа қарағанда Жезқазған көп төмен еді. Біртұтас қала көрінісі болмады. Орталығының өзінде сәулетті, сәнді ғимараттар жоққа тән. Ескі үлгідегі аласа коттедждер мен екі қабатты, бес қабатты тұрғын үйлер ретсіз, бірінің арасында бірі шашылып жататын. Былайғы әлеммен жалғыз теміржол торабынан басқа қатынас та нашар болатын», – дейтін Ошекең әңгіме арасында. Жаңа облыс туралы пікірталас ұйымдастыру бюросының құрамында болған Кәкімбек Салықұлының табандылығының және Дінмұхамед Ахметұлының көрегендікпен саралай білуінің арқасында Жезқазғанның пайдасына шешілген көрінеді.
Облыс орталығы болған соң құрылыс қанатын жая бастады. Облыстық мекемелерге жаңа ғимараттар салу қолға алынды. Қаланың бірінші хатшысы Ошақбай Асылбековтің қарбалас күндері мен аттан түспей жұмыс істейтін мазасыз кезеңі осылайша басталған еді.
Дәулетіне сәулетін сай етті
Бұрын Жезқазған қаласының жобасын Мәскеудің «Гипроцветмет» ғылыми-зерттеу жобалау институты дайындап отырған екен. Ол өндірістік бағыттағы институт болғандықтан, қала құрылысын өнеркәсіп алаңы жанындағы шағын қалашық ретінде бағалаған. Осы жағдай қала құрылысын жаңадан жобалауға тартылған «Карагандагорселпроект» институтының қызметкерлеріне көп қолайсыздық тудырғанын көрген Ошекең облыс басшыларымен келісіп жобаға көп өзгерістер енгізілуін қамтамасыз етті. Кейбір әлі біте қоймаған құрылыс нысандарының сыртқы жобаларын өзгертіп, бос жатқан аумақтарды жаңа сәулетті үйлермен толтырып отыруға көңіл бөлінді. Осылайша облыс орталығын сәулеттендіру қалалық партия комитетінің коммунистерді, бүкіл қала халқын жұмылдыра білген басты шаруасына айналды. Қаланың қарқындап өсу кезеңі ретінде 1974 – 1985 жылдардың аралығын ерекше айтуға болады. Ошекеңнің айтуынша, осы он жылда Жезқазған облыс орталығы дәрежесіне көтеріліп, өзіндік сәулеті бар көрікті шаhарға айналған көрінеді.
Сол кезеңде облыстың халық ағарту және денсаулық сақтау салалары қарыштап алға басып, соған орай қаланың әр тұсынан оқу орындары мен медициналық мекемелердің ғимараттары қатарға қосыла бастады. Аз уақыттың ішінде Анарқұлов көшесінде № 8 мектеп, Совет көшесі бойынан № 3 және № 7 мектептер, Рыбачий аумағында №9 мектеп ғимараттары бой көтерді. 9-орамдағы ленинградтық үлгімен салынған үйлерге қоныстанушы тұрғындардың күрт көбеюіне байланысты ескі шағын аудандағы № 13 орта мектеп қосымша құрылыс есебінен екі есеге кеңейтілді. Шағын аудандар мен орамдардың әрқайсысы кем дегенде бір-екі балабақшалармен қамтамасыз етілді. Облыста мұғалім кадрлары жетіспейтін. Осы мәселені алға тартқан обкомның хатшысы Жылқыбай Аралбаев, облыстық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары Айып Рақымжанов, облыстық оқу бөлімінің басшысы Қабден Шыңғысов республикалық жоғары мекемелерді тынымсыз мазалап, пединституттың қажеттігін дәлелдеп бақты. Бұл мәселе ойдағыдай шешілген тұста оған лайықты ғимарат қажеттігі туындап, Ошекең 5-ықшам ауданда салынып жатқан мектеп құрылысын институтқа беруге ұйғарым жасайды.
Халық денсаулығын сақтау мекемелерінің құрылыстарына да кеңінен мән берілді. Кеңгір су қоймасының жағалауына жақын жерден Жезқазған кен-металлургия комбинаты мен «Казмедьстрой» құрылыс тресінің санаторий-профилакторийлері салынып, олар сол кездегі алдыңғы қатарлы медициналық құрал-жабдықтармен қамтылды. Сол кезеңде 9 қабатты көпсалалы облыстық аурухананың бой көтеруі де өңір үшін елеулі оқиға болған еді. Қарттар мен мүгедектер үйі іске қосылып, жалғызілікті адамдарды қамқорлығына алды. Қалалық партия комитеті облыс орталығында мәдениет пен руханият ошақтарының дамуына да айрықша көңіл бөлді. Өнер мектебінің, музыкалық училищенің облыстық филармонияның лайықты орындарға орналасып, қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету шараларына қаланың бірінші хатшысы барынша атсалысты.
Әлеуметтік нысандар қатарын дамыту үшін республикадан бөлінетін қаржыдан бөлек әртүрлі министрліктерден де қаражат тарту жолында көп жұмыстар жүргізілді. Соның арқасында «Тұрмыс үйі», «Орбита» кинотеатры, автовокзал, «Силуэт» ательесі, кәсіподақтар үйі бой көтеріп, қала сәулетіне ерекше сән қоса түсті. Тұрғын үй құрылысы кеңінен қанат жайып, халықты баспанамен қамтамасыз ету жайы да ойдағыдай шешіліп жүрді. Әрине, осы игіліктердің бәрі Ошекеңнің басшылығымен ғана жүзеге асырылды деген пікірден аулақпыз. Алайда, ол кезеңде қоғам өміріндегі барлық мәселелер партия ұйымының басшылық жасап, ұйымдастыруымен шешілетіні белгілі. Осыған орай қаланың бірінші хатшысы облыс басшыларының тапсырмасын тиянақты орындауға бар күш-жігерін жұмсап, облыс орталығының көркеюі жолында көп еңбек жасағаны ақиқат еді. Сөйтіп, он жылдың ішінде Жезқазған дәулетіне сәулеті сай, республикадағы алдыңғы қатарлы қалалардың қатарына қосылды.
Ошекеңнің артында орман қалған
Иә, дәл осылай деуіміздің еш артықтығы жоқ. Қаланың көнекөз тұрғындарының Ошақбай Асылбекұлының тікелей басшылығымен Жезқазғанның қалайша жасыл желекке айналғанын сүйсіне әңгімелейтінін талай рет естідік. Кеңгір жағалауын бойлай өскен тал-дарақтар мен әуежайға барар жолдың екі қапталында қатарласа бойлаған ағаштар жасыл орманнан еш кем емес еді. Кейінгі жылдарда есіл еңбекпен егілген осы игіліктердің күтімсіздіктен тәрк болғанын да жұртшылық қазір күйіне айтуда. Ол енді басқа әңгіменің өзегі…
…Жаңа облысқа қызметкерлер жер-жерден келгені белгілі. Олардың біразы аптап ыстықта саялайтын көлеңкесі жоқ, жайсыз қаланың жадағай күйіне көндіге алмай қайтып кетіп жатқан жағдайлар да болыпты. Әңгімелесіп жүрген кезімізде Ошекеңнің осы жайлы айтқандары да есімде. «Тұрғындардың бос уақытында саялап, демалатын орындар өте аз болатын, су қоймасында суға түсуге дұрыс жабдықталған жөні түзу жағажай
да болмады. Жағалауды құз-жартастар қоршап, кей жерлерінде өндірістік немесе тұрмыстық қалдықтар үйіліп жататын. Бұған қаланың ежелгі тұрғындары онша көңіл аудармайтын. Обком мен облатком басшылығы облыс орталығын абаттандырып, көгалдандыру жайын тікелей маған жүктеген соң осы жайсыздықтарды шешудің жолын қарастыра бастадық», – деген еді. Ол уақытта қаланы абаттандыруға бөлінетін қаржы жоқ, сондықтан бұл жұмыстарды кәсіпорын ұжымдарын, тұрғындарды жұмылдыру арқылы шешуге тура келіпті.
Ошекең қаланың бас сәулетшісіне ағаш егілетін аумақтың өндірістік-техникалық жобасын жасатады. Соған орай жағалауға ағаш егілетін аумақ қырық шақты бөлікке бөлініпті. «Тасқа ағаш өспейді, бұл бос қиял. Мүмкін қала басшысының басы ауыратын шығар» деп, бұған қарсы болғандар да кездесіпті. Әр учаскені мекемелерге бөліп беріп, тастақты жерде шұңқыр қазу, оған құнарлы топырақ жеткізу сияқты қыруар жұмыс оңайға соқпаған. Алайда, бірнеше жылға созылған осы жұмыстар көп қиындықтар арқылы сәтімен атқарылады. «Халық риза болды. Әттең, көлдің сыртқы жағалауына ағаш егуге үлгермедік» деп айтқаны да бартын Ошекеңнің. Сонымен қатар, саябақтар мен жаңа аллеяларда да жасыл желек бой түзеді. Сол кезеңнің куәгерлерінің де айтарлары аз емес.
Еңбек ардагері, ҚР еңбек сіңірген экономисі Нұрлан Мағзұмов:
– Ол кісі бірінші хатшы болып тұрған кезінде мен қалалық партия комитетінде құрылыс бөлімінің меңгерушісі, одан кейін үй құрылысы комбинаты парткомының хатшысы болдым. Құрылыс саласын өркендетіп, қаланы көркейту жолында тыным таппай қызмет жасағанын көзбен көрдім. Жаңа әуежай салынып жатқан кезде құрылыстың басынан кетпей жүргенін көріп таңданушы едік. Көл жағасына ағаш егіп, әр учаскені мекемелерге бөліп берген кезінде ағаштарды шелекпен су тасып суарып жүрдік, – дейді.
Медицина саласының ардагері Гүлдәрі Оспанова:
– Асылбековтің ел басқарған тұсында мәдениеттің дамуы, құрылыстың өркендеуі, көгалдандыру жұмыстары қат-қабат жүргізіліп, қала аумағы жасыл желекпен көмкеріліп жайқала түскен еді. Саяжайлар салынып, тұрғындар жеміс-жидек, көкөніс өсіруге бет бұрып, қысқа арналған өнімдерін жинап алатын. Ол кісінің ұйымдастырушылық қабілеті ерекше болатын, – деп еске алады.
Ошақбай Асылбекұлы 1973 жылдың наурыз айынан 1986 жылдың қаңтар айына дейін қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болғанда облыстық партия комитетінің мүшесі, обкомның бюро мүшесі, халық депутаттары облыстық кеңесінің депутаты болып үздіксіз сайланып, қоғамдық жұмыстардың қайнаған ортасында жүруі де көп нәрсені аңғартса керек. Қазақстан Компартиясының екі съезіне делегат болып сайланып, Орталық Комитет мүшелігіне кандидат болды. СОКП ХХV съезіне делегат болып қатысты. Еңбек Қызыл Ту және Құрмет белгісі ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Жезқазған қаласының Құрметті азаматы. Қалада О. Асылбеков атындағы көше бар.
Амандық РАХҰЛЫ, Қазақстанның Құрметті журналисі.