РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі 1918 жылы 11 және 17 мамырда қабылдаған республикалардың ірі тау-кен және завод кәсіпорындарын мемлекет меншігіне алу туралы қаулысы негізінде ағылшындық алпауыттар өз қызметін тоқтатты.
1925 жылы Қарсақбай металлургия заводы бас кеңсесі Москвада орналасқан Атбасар түсті металдар тресінің басқаруына берілді. Тресте геолог болып істеген Қаныш Сәтбаев геологиялық барлау жұмысын жүргізіп, мыс, қорғасын және темір кен орнын анықтады. 1928 жылы 19 қазанда Қарсақбайда алғашқы қазақстандық қара мыс алынды.
Сарысу байыту фабрикасында өңделген жезқазғандық кеннің сынама нәтижесін ескерген акционерлер 1912 жылы жалпы жиналыста Ұлытау жотасының сілеміндегі Қарсақбай-Аша шатқалында, Қумола өзенінің сол жақ жағалауынан инженер Перкинстің жобасымен завод салуға шешім қабылдайды. Орын таңдағанда су мен отынның жақындығы, жер бедерінің ерекшелігі мен қоныстануға қолайлылығы ескеріледі.
1913 жылы көктемде Қарсақбайға үш жүзге жуық жұмысшы келеді. Олар жұмысты құрылысқа қажетті тас тасып, шикі кірпіш құюдан бастайды. Ол үшін шағын кірпіш заводын салады. Жылдың аяғына дейін өндірістік нысандардың іргетасын құюға арналған бірнеше шұңқыр қазып, кірпіштен 15 үй тұрғызады. Келесі жылы электр қуатын беретін станция, механикалық шеберхана, бірнеше қойма және 2 тұрғын үй салады. Сол кезде ағылшындар Қарсақбай, Жезқазған және Байқоңырда 128 тұрғын үй, 17 казарма салған екен.
Сонымен бір мезгілде геологиялық-барлау жұмысы да жүргізіледі. 1907-1915 жылдары ағылшындар Жезқазғанда орташа тереңдігі 60 метрлік 135 ұңғыма бұрғылайды. Бұл жалпы 61 мың тонна мыс қорын береді. Мыстың барланған бұл қоры заводты 12 жыл шикізатпен қамтамасыз етуге еркін жететін еді. Айтпақшы, құрамында кемі оннан бір бөлігі (10%) мыс болған кенді ғана есепке алады. Ағылшындар иелік еткен кезде Жезқазған аймағындағы 19 шахтада жалпы ұзындығы 3 500 метр тау-кен қазбасын өтіп, 37 500 тонна мысты алуға дайындаған, 235 ұңғыма бұрғылаған.
Ағылшындар Байқоңыр кен орнында 1907-1917 жылдары 14 шахтаны іске қосып, жалпы ұзындығы 12 748 метр дайындық жұмысын жүргізген. Барлау мақсатында 53 ұңғыма бұрғылап, 1414 мың тонна нақты және ықтимал көмір қоры бар екенін анықтаған. Көмір қабатының таяз жатуы жоғары жағын ағаш діңмен (копер) жабдықталған шағын шахталарда өндіруге мүмкіндік берген. Тұрсаң төбең тиетін лаваларда көмірді қайламен қазған, құлатылған көмірді жер бетіне шығаратын тұсқа дейін қол шанамен тасыған.
Кен артқан түйелер
Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы мысқа деген сұраныс пен оның құнын күрт көтеріп жібереді. Бұл Қарсақбайдағы завод құрылысын жеделдетуге түрткі болады. Алайда, теміржол қатынасының болмауы оған айтарлықтай кедергі келтіреді. Көмір өндіретін Байқоңыр мен Жезқазған жағындағы кеніштерді Қарсақбайдағы заводпен теміржол арқылы байланыстыру қажеттілігі туады. Сөйтіп, жедел іздестіру жұмысы жүргізіліп, кәсіпорынға шикізат пен отын жеткізу үшін 1915 жылы көктемде жалпы ұзындығы 120 шақырымдық тар табанды теміржолдың құрылысы басталады.
Қарсақбай, Байқоңыр, Жезқазғанда станция салынады. Енді Атбасар кәсіпшілігін Ташкент теміржолымен байланыстыру мәселесі күн тәртібіне шығады. Оның ең жақын станциясы Жосалы Қарсақбайдан 400 шақырым қашықтықта жатыр еді. Онда ағылшындар жер телімін жалға алып, қоймалар, шеберханалар, баспаналар салады. Жүк тасымалдау үшін жергілікті тұрғындарды арбалы түйесімен және атымен жалдайды. Жол бойына 15-20 шақырым сайын бекет салып, оларды керекті азық-түлік, ауызсу, жем-шөп қорымен қамтамасыз етеді.
Бұл кезде Жосалы станциясында түйе, ат жеккен арба тарта алмайтын қыруар жабдық жиналып қалады. Теміржол тарту өте қымбатқа түсетін еді. Сосын ағылшындар басқа тәсілді таңдайды. Алдымен Жосалы станциясынан Қарсақбайға қарай ұзындығы 13 шақырым теміржол табанын төсейді. Оған 5 паровоз, 20 платформа, 60 вагон және 8 теплушка қояды. Сосын жылжымалы состав теміржолдың басына жеткенде, босаған 10,5 шақырымын қайта бұзып, алдына төсейді.
Осылайша ілгері жылжыған салмағы 3278 тонналық «керуен» Қарсақбайға ағылшындар ойлағандай он бір айда емес, үш жылда әрең жетеді. Жеткізілген жабдықтарды жедел орнатуға кіріседі. Бірақ, Қазан төңкерісі оқиғаның өрбуін түбегейлі өзгертеді. Кен байыту мен қорытуға қажетті барлық жабдық толық жеткізіліп, ішінара орнатылғанына, кен ұнтақтау цехынан басқа өндірістік 16 корпус салынғанына қарамастан ағылшындар ойлағанын толық іске асыра алмайды.
Пайдаға құныққан «Спасск мыс кен орындары» акционерлік қоғамы тек құнарлы кенді іріктеп пайдаланды. Ал, құрамы мысқа кедей кен үйіндіге жөнелтілді. 1904-1917 жылдары құрамында 25-30% металы бар 12 миллион пұт (әр пұт 16,38 кг.) құнарлы кенді іріктеп алады, жол-жөнекей құрамында 6-20% мыс бар 2 миллион 800 мың пұт кен өндіреді. 1913 жылы 5027 тонна мыс балқытып, ең жоғары көрсеткішке жетеді. Өзіндік құны 4 сом 50 тиын тұратын 1 пұт мысты тұтынушыларға 13 сом 68 тиыннан сатып, пайдаға кенелді.
Қазан төңкерісінің қазақ даласына жеткен дүмпуі Ұлытау сілемінде сұрапыл сілкініс тудырады…
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Суреттер Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейден алынды.