Жезқазған мен мыс – ажырамас егіз ұғым. Саф алтындай сары мыс алатын шикізат шахта шыңырауынан шығарылады. Жер қойнауындағы сол қазына алпауыттар аңсарын ертеден-ақ өзіне аударған.
1847 жылы қарашада екатеринбургтік көпес Никон Ушаков Көкшетау округі басшылығына Ұлытау өңірінен бірнеше мыс кен орнын ашқанын мәлімдейді. Бұл – ресми рәсімделгені. Шындығында Жезқазған аймағындағы мыс кені бұдан бұрын да белгілі болатын.
- Саяхаттар сүрлеуі
Жезқазған кен орнының тарихы қола дәуірінің қойнауында жатыр. Сол кезде-ақ кен өндіріп, металл балқытқан. Оның куәсі: ежелгі кен өндірісінен қалған із, балқыту пеші мен археологиялық материал. Қола дәуіріндегі аймақ тарихына тұңғыш түрен тастап, тиянақты талдаған археологиялық қазба негізін қалаушылардың бірі – Николай Валукинский. Академик Әлкей Марғұлан «Орталық Қазақстандағы Беғазы-Дәндібай мәдениеті» атты еңбегінде өңірдегі ертедегі ескерткіштерді сипаттағанда оның күнделігіне сілтеме жасайды.
Көптеген танымал тұлғаның өмірбаяны осы өңір тарихымен жұптасып жатыр. Солардың кейбіреуінің атын атап, түрін түстеу үшін ХХ ғасырдың басында түсті металл және көмір өнеркәсібі саласында Сібір синдикатының қатысуымен құрылған екі ірі акционерлік қоғамның тыныс-тіршілігіне тоқталуға тура келеді. Олар – Спасск және Атбасар мыс кен орындары. Бұл екі компания былайша дербес көрінгенімен, басқару тізгіні бір қаржылық топтың қолында еді. Ол арзымайтын ақшаға Орталық Қазақстанда бірқатар кәсіпорын мен құнарлы кен қорын өзіне қаратып алған.
Алдымен акционерлік қоғамның құрылуына түрткі болған сол кезеңдегі қалыптасқан ахуалға қысқаша тоқталайық.
Россияның табиғи ресурстарын одан әрі дамыту үшін ХVІІІ ғасырдың ортасында оны түбегейлі және жан-жақты зерттеу қажеттілігі туады. 1768-1774 жылдары Россия Ғылым академиясы ауқымды аумақты қамтитын үлкен экспедиция ұйымдастырады. Бес отрядтан тұратын оны Петр-Симон Паллас басқарады. Экспедицияның ғылыми қорытындысы жинақталып, Петербургте латын, неміс және орыс тілінде жарияланады. Кейінірек ағылшын тіліне аударылады.
Экспедиция мүшесінің бірі Николай Петрович Рычков Қазан, Орынбор, Уфа, Вятск, Пермь губерниясының ауқымды аумағын аралап, көрген-білгенін жан-жақты сипаттап қағазға түсіреді, журналда жариялайды. 1771 жылы ол генерал-майор фон Траубенберг басшылығымен Орск бекінісінен қазақ даласын бетке алған әскери отрядқа қосылады. Отрядқа натуралист-кен білгірі ретінде қабылданған оның есебі жоғары бағаланып, 1772 жылы Санкт-Петербургте «Капитан Николай Рычковтың 1771 жылы Қырғыз-Қайсақ даласына сапарының күнделік жазбасы» деген атаумен кітап болып шығады. Онда автор қазақтардың әлеуметтік күйін, шаруашылығы мен тұрмысын, көрші халықтармен қарым-қатынасын, жер жағдайы мен өзен-көлін, өсімдік және жан-жануар әлемін сипаттап қана қоймай, геология саласына да кеңінен тоқталады.
Н.Рычковтың күнделік кітабы
Ғылыми әдебиетте тұңғыш рет Арқа алабындағы жер қойнауында жатқан мыс қоры жөніндегі мәлімет осылай пайда болады. Қазақ жеріндегі табиғи байлық туралы сыбыс Россияның түпкір-түпкіріне тез тарап, айрықша қызығушылық тудырады. Бұдан былай аттанған әрбір әскери отрядқа, әрбір экспедицияға мүмкіндігіне қарай жер қойнауын зерттеуді де міндеттейді. Сөйтіп, саяхат саны жиілейді. ХVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың басында «қырғыз» даласындағы кен байлығын барынша тереңірек зерттеуге талпыныс жасалады.
1813 жылы қазақ даласына қызметтік іссапармен аттанған Троицк бекінісінің коменданты подполковник Феофилатьев пен Троицк шекара кеденінің бастығы Чекалов жергілікті жұртшылықтан «Қараторғай» өзенінің бойында шөгіп жатқан түйеге ұқсайтын Қорғасын тауы барын, онда ыстық күндері еріген таза қорғасын тамшылап тұратыны туралы естиді. Бұл әңгіменің қисынсыздығына қарамастан олар мұны Орынбор әскери губернаторы, князь Григорий Семенович Волконскийге мәлімдейді.
Князь ел арасындағы сөзді тексеруді, егер мүмкін болса таудағы таза қорғасынды сол қалпында жеткізуді тапсырады. Жоғары мәртебелі мырзаның тапсырмасын орындауға олар жергілікті бай Алтайды көндіреді. 1814 жылы наурызда ол әдеттегі қорғасынға ұқсамайтын, бірақ, аса ауыр әрі жылтыраған бірнеше кесегін әкеледі. Тексеру барысында жылтыр кесек жартысынан көбі қорғасыннан тұратын кен болып шығады. Бұл жаңалықты князь Ұлы мәртебелі Императорға мәлімдейді.
Ол екі шенеунікке шығыс халқының білгірі, инженер-штабс-капитан Г. Генсті қосып, қазақ даласына келесі экспедицияны аттандырады. Олар сол жылы шілдеде 100 пұттан артық қорғасын кенін алып қайтады. Екінші қайта зертханада тәжірибе жасағанда кеннің оннан алты бөлігі қорғасын екені анықталады және бірнеше мысқал күміс бар екені белгілі болады. Сөйтіп қазақ даласына кен экспедициясын шығаруға шешім қабылданады. Г. Герман бастаған 31 адамнан тұратын кен корпусы патшаның пәрменімен және тау-кен ісі департаментінің қолдауымен 1815 жылы жолға шығады.
Ол кезде тау-кен ісі департаменті әскери үлгіде жасақталған. Бұл ведомствоның шенеунігіне айрықша шен берілген. Мәселен экспедицияның басшысы қазіргі түсініктегідей маркшейдер деп аталмаған, әскери капитан шенімен дәрежелес ІХ санаттағы шенеунік болған. Сонымен, Усть-Уйск бекінісінен 1815 жылы 11 маусымда шыққан экспедиция 650 шақырым жол жүріп, 22 күннен кейін Қорғасын тауына жетеді. Онда 18 күн болып, кен орнына шағын зерттеу жүргізеді.
Г. Германның экспедициясы Миасск заводына 97 тонна – қорғасын, 1,7 тонна мыс кенін жеткізеді. Осы шикізаттан 1816 жылы 38 тонна қорғасын, 0,13 тонна мыс алынады. Бұл өнеркәсіптік негізде Қазан төңкерісіне дейін қазақ жерінен өндірілген кеннен алынған тұңғыш түсті металл екенін айта кеткен артық болмас. Кен құрамында алтын мен күміс те бар екендігі анықталады.
Алғашқы экспедициялардың артынша қазақ даласына орыстың көпес-кәсіпкерлері ағылады. Россия империясының кез-келген азаматына пайдалы кен қазбаларын іздестіру мен өндіруге рұқсат беріледі. Ертедегі қазбалар табылған әр жер-әр жерде қарапайым кеніш, завод қара көрсете бастайды.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Суреттер Қ. Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейден алынды.