Тыңдармандарының құлақ құрышын қандырып, қазақ эстрадасының сахнасына жарқ етіп «Дос-Мұқасан» ансамблі шықты. Міне, осы өнер отауымен қосақабат «Қаракөз» ансамблі де әнсүйер қауымды елең еткізген еді. «Дос-Мұқасан» Алматыдағы студент жастардың ансамблі болса, ал «Қаракөз» бір түпкірде жатқан сол кездегі жас қала Жезқазғанда қанат қақты. Оны ұйымдастырған қарапайым көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшелері еді. Сол «Қаракөз» өнер көгінде өзіндік үнімен танылып, Жезқазғанның атын бүкіл республикаға әйгіледі.
СТУДЕНТТЕРДІ ТАМСАНДЫРҒАН ӘН КЕШІ
Қарағанды қаласында оқып жүрген жезқазғандық студенттер «Қаракөз» ансамблін айрықша мақтан тұтатынбыз. Думанды жастар арасында олардың «Неге солай?», «Сен кінәлі емессің», «Ана туралы баллада», «Махаббат мұңы» әндері жиі айтылатын. Бұл әндер шырқала қалғанда «Бұл Жақсыкелді Сейіловтікі ғой», «Мұны шығарған Болат Есмұқанов» деп қалар едік. Сөйтіп «Өзіміздің Жезқазғанның «Қаракөзі» ғой» деген көкірегіміздегі мақтанышымызды неше дүркін болса да білдіріп қалуға тырысатынбыз. Сырттай мақтан тұтып жүрген «Қаракөздің» университетімізде концерт қоятынын естігенде қуанышымызда тіпті шек болған жоқ. Бұл 1973 жылдың наурыз айы болатын. Өткен жылы біз оқитын Қарағанды педагогикалық институты университет болып ашылды. Жаңа оқу орнының бас корпусы Гоголь көшесі мен Бейбітшілік бақжолының қиылысында салынды. Үлкен ғимарат көзтартарлық. Соңғы курстағы біз осында оқып жүрдік.
Кезекті дәріс үстінде аудиторияда отырған маған декан шақырып жатыр деген хабар жетті. Филология факультетінің деканы Хайролла Нұрмұхановты жақсы білеміз. Бізге «Қазіргі қазақ тілі» пәнінен дәріс оқитын. Ол кісінің алдына келуім бірінші рет.
– Кел, кел. Отыр, – деді кібіртіктей кірген маған өзі отырған үлкен үстелінің алдындағы орындықты көрсеткен декан. – Шахмұрат, осы сен Жезқазған жақтан емессің бе? «Қаракөз» ансамблі сендердікі ғой. Сол ансамбльдеріңнің концерті университеттің мәжіліс залында өтпек. Жексенбі күні кешкі 7-де. Тегін кіргізсек, жастар залға сыймай кетер. Сосын билет сатуды ұйғардық. Топырламай, келгендер орын-орындарына отырсын деп. Мәжіліс залының кіре берісіне үстел қойдырдым. Соған отырып, билет сатасың, – деп деканымыз менің қолыма билеттерді ұстатып жатып: – Қазірден бастап боссың. Түскі асыңды ертерек ішіп алып кел де, іске кіріс, – деді.
Бұл жұма күні еді. Сенбі күні түске дейін-ақ бар билет сатылып бітті. Ақшаны әкеп деканға өткіздім.
– Ағай, бір топ жастар астында жиналып тұр. Билет бітіп қалды десем, маған сенбейді, – дедім күмілжи.
– Айттым ғой, адам көп болады деп… – деді декан екінші концерт болмайтынын аңғарта.
Концерт басталуына әлі бір сағаттай уақыт барына қарамастан мәжіліс залы есігінің ашылуын күткен жастардың қарасы әдәуір. Бір замат ешкім күтпеген тосын жағдай болды. Есік ашылысымен жастар ішке лап қойды. Әп-сәтте зал іші лық толды. Ине шаншар жер жоқ. Кіре алмай сыртта қалғандар қаншама. Концерт басталып кетті. Жиналғандар сонда да тарқамай концертті есіктің сыртынан тамашалады. Мен Мұхан ағаммен ілесіп барып, сахна сыртында тұру «бақытына» қол жеткіздім.
Мұхан ағам – Қарағанды медицина институтының студенті Мұхамбедия Ахметов. Ол өзі үздік бағамен бітірген Жезқазған медицина училищесінде оқып жүргенде-ақ «Көңілділер мен тапқырлар клубын» (КВН) ұйымдастырған, өнерге жақын еді. «Қаракөздіктермен» бұрыннан таныс-біліс. Ол сол жолғы университеттегі ән кешін аса тартымды жүргізді. Ара-арасында неше түрлі фокустық номерлер де көрсетіп, концерттің ажарын кіргізе түсті.
Жастар бәрінен бұрын өздері тек сырттай ғана білетін «қаракөздіктерді» енді сахнада көзбе-көз көріп, өнерлеріне тәнті болды. Ән кешінің әсерін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Вокальды-аспапты ансамбльдің сазды үнімен шырқалған «Кеш қалыппын», «Ана туралы баллада», «Пусть говорят», «Неге солай?», «Махаббат мұңы», «Алматым – ғажайып қаламсың», «Кездесу» тәрізді тамаша әндер орындалған сайын ду қол шапалақтау зал ішін кернеп кетті. Осы концертті қарағандылық студенттердің ауыздарынан тастамай аңызға бергісіз тамсана айтқандарына өзіміз талай куәгер болған едік.
Қарағанды қаласындағы жоғары оқу орындарында республикамыздың әр өңірінен келіп, оқып жатқан студенттер «Қаракөздің» әндері жазылған жұмсақ пленкаларды сатып алып, қолдан-қолға таратқаны және анық. Көпшілік қауым өнерімен тамсандырған «Қаракөз» арқылы жырақтағы Жезқазғанның атымен де қаныққан еді.
ТҰСАУЫН КЕСКЕН ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУ
Сол кезеңге көз жүгіртсек, жезқазғандық вокалды-аспапты ансамбль өздері құрылған алғашқы жылы-ақ Қарағанды облысы көлеміне танылады. Оған себепкер болған 1970 жылдың қаңтар айында өткен көркемөнерпаздардың облыстық байқауы еді. Екі күндік өнер сайысында жезқазғандық ансамбльдің жұлдызы жанады. Сөйтіп, бұл байқау өнерпаз ұжымның тұсауын кесіп, әрі үлкен өнерге жолдама берген еді.
Бір қызығы, осы өнер сайысына қатысуға келгенде ансамбльдің атауы да жоқ екен. Облысқа Жезқазғандағы Металлургтер мәдениет сарайының көркемөнерпаздары үйірмесінің атынан келген-ді. Байқау алдындағы дайындықтар Қарағандыдағы «Заря» қонақ үйінде өткізіледі. Олар концерттің беташар әуезін таңдай алмай біраз қиналады. Ансамбль солисі Сәлімжан Сейілов: «Сахна шымылдығын «Қарлығаш» әнімен ашсақ», – деген ұсыныс айтқан екен. Бірақ гитараға салғанда ол онша сәтті шыға қоймайды. Бір сәтте Болат Есмұқанов гитарамен «Қаракөз» әнінің қайырмасын әуелетіп көреді. Бұл әуен ансамбльдің көркемдік жетекшісі Жақсыкелді Сейіловке бірден ұнады. Оны бәрі де дуылдай қоштай кетті. Сөйтіп ансамбль шымылдығы «Қаракөз» әнінің ырғағымен ашылатын болды. Болат оны гитарамен айрықша құйқылжыта орындайтын. Әсерлі ырғақ көрермендерін бірден баурап алушы еді. Бұған қоса өнер отауының атауы да өз-өзінен табыла кетті. Ансамбльдің бетпердесі «Қаракөз» әні болғанда, неге оны «Қаракөз» атамасқа десті олар. Бірауыздан солай ұйғарысқан.
Көпшілік қауым Жақсыкелді зағип болғандықтан да ансамбльге көзге қатысты ат қойылған шығар дегенге саятын. Шындығында бұл атауда ондай астар болмаған екен.
Сонымен облыстық байқауда «Қаракөз» вокальды-аспапты ансамбліне тең келер ешбір өнер ұжымы болмағандығын газеттер жарыса жазады. Олар бірінші орынды жеңіп алады.
Ал ансамбльдің құрылуына Жезқазған қаласына Ринат Ибрагимов жетекшілік ететін татар ансамблінің гастрольдік сапармен келуі себепкер болған еді. Ән шырқалған жерде Жақсыкелді, Сәлімжан, Болат үшеуінің де жүретін әдеті. Олар концерттен соң да айналшықтап кете қоймайды. Электр гитарасының таңсық кезі. Әсіресе Болат оны ұстағысы келіп, шертіп көргісі келіп ентелеп-ақ тұр еді. Ринат жас жігіттердің қызығушылығын бірден ұғып:
– Міне, тартып көр, – деп Болаттың меселін қайтармай ұсынады.
Сәлімжан мен Жақсыкелді құр қарап қалмай бірін-бірі бастырмалата бұл гитараны қайдан алуға болатынын сұрап, мүмкіндік болса көмектесулерін өтіне бастайды. Ринат сол сәтте тосын шешім қабылдап:
– Бұл гитараның екеуін барлығы 700 сомға сатамыз, – дегені.
Мұны естісімен Сәлімжан Жезқазған кен-металлургия комбинаты кәсіподақ комитетінің төрағасы Зейнолла Мәкішевке жүгіріп барады. Металлургтер мәдениет сарайы жанындағы көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі ретінде талай мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыруға ұйытқы болып жүрген Сәлімжан кәсіподақ жетекшісінің алдында еркін. Ол жерден жеті қоян тапқандай алып-ұшып тұр.
– Сәлімжан, керек нәрсе ме өзі?
– Өте керек, аға. Қолға түспейтін дүние. Екі электр гитараны алсақ, өз ансамбліміз болады.
– Болды ендеше, ақшаны дереу тауып беремін.
Сөйтіп Зейнолла Мәкішев бар мәселені шешті де берді. Сәлімжандар да сөздерінде тұрды. Вокальды-аспапты ансамбль жасақталып, дайындыққа қызу кірісіп кетті.
Бір таңқаларлығы, олардың ешқайсысының да арнаулы музыкалық сауаты жоқ еді. Әйткенмен қаладағы мерекелік ән кештері олардың қатысуынсыз өтпейтін. Балалық шағында ауыр науқастың зардабынан қос жанарынан айырылған Жақсыкелді бұл уақытта «Неге солай?», «Ана туралы баллада», «Алматым – ғажайып қаламсың» тәрізді әндерді шығарып, өнер өлкесіне деген батыл қадамымен көзге түсе бастаған еді. Ол рояльда, баянда шебер орындауымен қатар әншілігімен жезқазғандықтарды сүйсінтіп жүрген. Ал Сәлімжан Сейілов (Жақсыкелдімен ағайынды емес) диапазоны кең, ашық дауысты әншілігімен тыңдармандарының құлақ құрышын қандырушы еді. Болат Есмұқанов болса, сан қырлы өнерпаз екенін бұған дейін-ақ әйгілеп үлгерген болатын. Оның тұңғыш әні «Сағынышты» жастар аузынан тастамайтын. Ол өздігінен нота үйреніп алып, ән әуендерін домбыра, баян, гитара сияқты аспаптарға түсіре беретін. Осындай өнерге ғашық жастар құрған ансамбльдің бірден көп көңілінен шығарлықтай болуының әбден реті бар еді.
Бас және ритм гитараны Қойшықара Әміралин мен Әбу Түсіпбеков аз уақытта меңгеріп алып еді. Камал Қазымбетова кез-келген халық әнін нақышына келтіре орындайтын. Майя Сарыбаеваның мың бұралған билерін тамашалаған жұртшылық сиқырлы көңіл-күйге бөленуші еді. Кіл өнерлі жастардың басын қосқан «Қаракөз» 1970 – 1972 жылдар аралығында тек Жезқазғанда ғана емес, әрі Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск қалаларында жеке концертін қояды. Сондай-ақ Тельман және Жаңаарқа аудандарын гастрольдік сапарлармен аралап шығады. Ансамбльдің концерттік бағдарламасы облыстық телестудияда жазылады. Осылайша «қаракөздіктер» облыс жұртшылығына кеңінен танылады.
ҰМЫТЫЛМАС АЛМАТЫ САПАРЫ
Енді олардың республикалық деңгейдегі байқауға қатысуының сәті түседі. Бұл 1972 жылдың күзі еді. Ел астанасы Алматыда өткен өнер сайысына республиканың түпкір-түпкірінен келген өнерпаздар қатысады. Байқау бес күнге созылады. Осы өнер додасында «Қаракөз» вокальды-аспапты ансамблі ұжымының аты таңдаулылар қатарында аталады. Сонымен қатар осы байқауға қатысқан ондаған ансамбльдердің ішінен Алматыда өтетін Кеңестер Одағының 50 жылдық мерейтойына арналған мерекелік концертке қатысу құрметіне тек «Қаракөз» ие болады.
Осы Алматы сапары «Қаракөз» үшін олжалы болды. Республикалық саяси әндер байқауының лауреаты атанды. Республикалық радиоға да бірнеше әндерін жаздырып қалдырады. Сол жолғы байқау барысында және мерекелік концертте орындалған «Қаракөз» әндері теледидар арқылы елімізге кең тарады. Өнерсүйер қауым «Дос-Мұқасанмен» қатар тұра алатын қазақ эстрадасының және бір вокальды-аспапты ансамблі бар екенін көріп, сүйсінді. Жақсыкелді мен Болаттың тамаша әндері өнер әлемінің көгінде қанат қақты.
Міне, содан бері қаншама жылдар өтті. Сонда да «Қаракөз» аты – халық жадында. Бүгінде соған куәгер болып жүрміз. Әлдебір жолымыз түсіп, шалғайдағы таныс емес ортаға бара қалғанда Жезқазған қаласынан келгенімізді айтсақ, «Қаракөз» бен Жақсыкелдіні еске алып жатар еді. Сонда көңілімізде мақтаныш кернер еді. Иә, «Қаракөз» мысты қала Жезқазғанның атын әйгіледі. Екеуі егіз ұғымға айналған. Солай болып жасай бермек. Оған өткен жылдар айғақ.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.