Халық шығармашылығының Республикалық XXXII дәстүрлі «Ұлытау үні» фестивалі Жошы Ұлысының 800 жылдығына арналған «Алтын орда аманаты» атты Республикалық мультиаспапшылар байқауымен жалғасты. Байқауға еліміздің әр түпкірінен 12 өнерпаз қатысты. Қазақстан тарихында мультиаспапшылар байқауы алғаш рет «Ұлытау үні» фестивалінде жалауын көтерді.
Байқаудың бір ерекшелігі – бір өнерпаз бірнеше аспапта шығармалар орындайды.
– Мысалы, домбырашылар болса оған тек домбырашылар, қобызшылар болса тек қобызшылар қатысады, ал мульти дегеніміз көп аспапта орындалатын деген сөз. Осы бастама үшін ризамын Жезқазғанға, өнерлі жастар келіп жатыр, – дейді қазылар алқасының төрағасы Еділ Құсайын.
Өнер байқауына келгендердің бірі – Әйгерім Қараменова. Бірнеше ұлттық аспапты меңгерген әмбебап өнерпаз Атырау облысының намысын қорғап келіп отыр. Оның алғашқы музыкалық аспабы – домбыра. Кейін жетігенді үйреніп, сазсырнай, шаңқобыз, шеңкілдек секілді аспаптарда ойнауды еркін меңгерген.
– Мультиаспапшылардың конкурсы бірінші рет болып жатыр. Жоғары деңгейде өтуде. Қазылар алқасында үлгі тұтар ағаларымыз отыр. Өте қуаныштымын, – дейді Әйгерім ағынан жарылып.
Бір емес бірнеше аспапты меңгергеннің тағы бірі – Қызылордадан келген өнерпаз Руслан Бурабаев өзінің шығармаларын орындады.
Ал, Ұлытау өңірінің намысын Азамат Бақия қорғады. Бір айта кетерлігі, бүгін сахнада өнер көрсеткен өнерпаздар аспаптарының 90 пайызы осы Азаматтың қолынан шыққан.
– Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін және өзім де ойнап шықтым. Дәл осы сайыс болашақта жалғасын тапса екен деймін. Өйткені бірінші байқаудың өзі мықты өтіп жатыр. Дәл осы жанр әлемге алып шығатын жанр, – дейді Азамат.
Расында да ұлтымызға тән музыкалық аспаптардың барлығы қастерлі. Демек, әлем сахналарына осы аспаптарды бір өнерпаздың ойнауында бір мезгілде шығарудың алғашқы үлгісі осы «Ұлытау үні» фестивалінің еншісіне бұйырып тұр. Осылайша, ұлттық аспаптарды ұлықтаған жастардың өнерлерін дүйім жұрт тамашалап, өз бағасын берді.
Түске дейін бірінші кезеңде іріктелген жүйріктердің жүйрігі екінші бөлімде анықталды. Бас жүлде – Ұлытау облысының өнерпазы Азамат Бақияда.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.