Кеңістікте жан-жақты бейнеленген, сомдалған көркем шығарма мүсін деп аталады. Мүсін (скульптура, лат.sculptura. seuplo шекимін, қашаймын) – ежелден келе жатқан бейнелеу өнерінің бір түрі.
Ол тас дәуірінен бастап қалыптасып, өңделе келе классикалық өнерге айналған. Мүсін негізінен екі түрге бөлінеді: ведер (рельеф), дөңгелек мүсін. Ведер (рельеф) – көлемді бейненің жазықтық бетінде сәл шығыңқы етіп бейнеленген түрі. Дөңгелек мүсін – бейнеленген нәрсенің көлемді бейнеленуі.
Мүсіндеме туындылары үш өлшемнен (биіктік, ендік, аумақтық) құралады. Мүсін өнерінің сызба мен кескіндемеден айырмашылығы – форманың барлық көлемін, пішінін анық көрсетеді. Оның негізгі объектісі – адам.
Мүсін жасауға көптеген заттар негізгі материал бола алады. Мысалы, саз, балшық, металл, пластилин, ағаш, т.б. Осы материалдардың ішінде мүсіндеуге үйрену үшін балаларға ең ыңғайлысы – саз балшық пен пластилин. Олар тез иленеді, жасаған мүсін формасын қалай өзгертем десеңіз де ыңғайлы.
Мүсін жасау техникасын меңгеру, балалардың шығармашылығын дамытуға мүмкіндік бере отырып, мүсін өнеріне деген қызығушылықтарын арттырып, ұсақ қол моторикасының дамуына көмектеседі.
Жезді кенті «Оқушылар үйінде» 2023 жылдың қараша айынан бастап «Мүсіндеу» үйірмесінің қажетті құралдарымен жабдықталған кабинеті ашылып, үйірме жұмыстары жүргізілді. Жеті ай уақыт ішінде балалар үйірме жетекшісі Таңатар Айдос ұстаздарынан мүсіндеудің біраз қыр-сырын үйреніп, машықтанып, өз беттерінше әртүрлі туындылар жасай білді.
Қазіргі күннің талабы – білімді, өнерлі, өнегелі жас ұрпақ тәрбиелеу. Сондықтан, балалардың бос уақытын ұтымды және пайдалы ұйымдастыру – әрбір ата-ананың қолында.
Биылғы жаңа оқу жылында да «Мүсіндеу» үйірмесі өз жалғасын табуда. Білімге құштар, өнерге жақын балаларға есігіміз әрдайым ашық.
Гүлмира Нұрғалиева, Жезді кенті Оқушылар үйінің әдіскері.