Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында автокөлік жолдарының жай-күйіне қатысты өзекті мәселелерге де кеңінен тоқталды. Президент өз сөзінде облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның мән-маңызы зор екенін, ол жолдармен жұрт өте жиі жүретінін айта келіп, бағдарламаның ауқымын кеңейтуді де тапсырды. «Әрине, мұнда саннан гөрі сапа маңыздырақ. Сол үшін инновациялық заманауи әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданған абзал», – деді Мемлекет басшысы.
Жуырда біз Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаевқа жолығып, шаһардағы жолдардың жай-күйі жайлы әңгімелескен едік.
– Мұрат Ерболатұлы, қала тізгінін қолыңызға алғалы бір-қатар жұмыстардың дұрыс жолға қойылуына ықпал еттіңіз. Кезек қалаішілік жолға да жеткен сияқты.
– Иә, қаламыздың жолдары ешқандай сын көтермейтіні шындық. Оны мойындауымыз керек. Тұрғындар көзбен көріп отыр. Десек те, оның бірнеше себептері де бар. Біреулер оны сылтау деп те айтар, бірақ объективті себептері бар екені де рас. Алайда, біз сол себептерге сүйеніп отыра бермей, нақты жұмыс жасауды қолға алып отырмыз.
Шынымды айтайын, мен осы қызметке келгенге дейін жол мәселесінің осыншалық күрделі екенін білмеппін. Тікелей араласқанда барып көріп отырмын. Менің түсінігімде жол жөндеуде бірінші кезекке қойылатын екі маңызды мәселе бар екен. Оның бірі әлеуметтік көлік жүретін яғни автобустар жүретін жолдарды, екіншісі жуық арада, яғни бес-он жылда қазылмайтын жолдарды күрделі жөндеу. Себебі біздің жылу, су желілері мен кәріз желілері сияқты коммуналдық инфрақұрылымдардың дені сол жолдар өтетін жердің астына көмілген. Қазіргі күні біздің қала бойынша 80 пайызға жуық кәріз желілері, 70 пайызға жуық жылу желілері, 60 пайызға жуық су желілері тозып тұр. Осылардың бәрін ауыстырмай тұрып жолды жөндеу дегеніміз, қыруар ақшаны желге шашқанмен бірдей. Неге? Себебі бүгін жолды жөндеп, ертең оны қайра қазып, құбырларды жөндегеніміз қалай болады?! Мен осыны ескеріп, алдағы үш-төрт жылда қалаішілік жолдарға күрделі, тіпті орташа жөндеу жұмыстарын жүргізбейміз деп шештім. Осылайша біз жол жөндеуге жаңаша тәсілмен келдік. Қазір қалада құбырларды ауыстыру жұмыстары сатылап басталып жатыр.
– Сөзіңізді бөлгеніме кешірім сұраймын, бұл жайлы сәл кейінірек әңгімелесек. Әзірге жол мәселесінің жайын тарқатып алайық. Сонымен биыл қала бойынша қанша шақырым жол жөнделеді деп жоспарлап отырсыздар?
– Біздің Сәтбаев аса үлкен қала емес қой. Бар жоғы төрт-бес қана үлкен көшелеріміз бар. Ол – Абай, Ерден, Ұлытау көшелері мен Тәуелсіздік және Қ. Сәтбаев даңғылы. Биыл жол саласында ең ауқымды жол жөндеу жұмыстары Абай көшесі болмақ. Алғаш рет бұл көшеде күрделі жөндеу жұмыстары өтпек. Жоспар бойынша жол екі метрге кеңейтіліп, екі жағынан арнайы суағар салуды ойластырып отырмыз. Алайда, қаржымыздың аздығына байланысты бұл жұмыстар екі бөліп жүргізуілуі де мүмкін. Бірінші бөлігі биыл Ұлытау көшесінен Қ. Сәтбаев даңғылына дейін жасалады. Қ. Сәтбаев даңғылынан Ерден көшесіне дейінгі аралыққа ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Жалпы, биыл қала бойынша 8 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп отырмыз.
– Әлеуметтік желілерде ауызекі «қазақ ауыл» аталып кеткен жеке сектор тұрғындары жолдарының жүруге жарамсыздығын айтып шағымданып жатады. Бұл аймақтардағы көшелер бар ма жоспарда?
– 8 көшенің бірі – өндірістік аймақ жолы. Ол Ұлытау көшесінен бастап № 1 жылу станциясына дейін ұзындығы 780 метр болатын жол. Сондай-ақ, қала тұрғындары өмірден өткен жақындарын соңғы сапарға шығарып салғанда қала сыртындағы мұсылмандар қорымы мен православие зираттарына апаратын жолдың да сапасыздығын айтып жатады халықпен кездесулерде. Біз осыны да ескеріп, осы бағыттағы ұзындығы 3,87 шақырым болатын жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуді ұйғардық. Ал қалған көшелердің бәрі өзіңіз айтқан «қазақ ауылының» жолдары. Атап айтар болсам, Горький көшесі (Ерден көшесінен бастап Бұлқышев көшесіне дейін) – 440 метр, Садық Асатов көшесі (Ерден көшесінен Наурыз көшесіне дейін) – 370 метр, Мұхтар Әуезов көшесі (Ерден көшесінен Наурыз көшесіне дейін) – 370 метр, Байқоңыров көшесі (Ерден көшесінен Сәтбаев даңғылына дейін) – 690 метр, Бокин көшесі (Алаш көшесінен бастап соңына дейін) – 570 метр, Мұса Жәлел көшесі (Ерден көшесінен бастап Бұлқышев көшесіне дейін) – 440 метр.
Осы жылы жылу магистральдық желілерін ауыстыруға байланысты Ұлытау көшесін күрделі жөндеу 2026-2027 жылдарға, күрделі жөндеуді қажет ететін Ерден көшесіндегі жұмыстар 2027-2028 жылдарға шегерілді.
– Жақсы екен. Десек те соңғы кездері жол жөндеу жұмыстарының сапасы төмендеп кетті. Бұл бағытта нақтылы бір шешім қабылданып жатыр ма?
– Дұрыс айтасыз, жолдың сапасы тым төмен. Биыл жөнделген жол көктемде сумен бірге ағып кететін болды. Оны көзіміз көріп жүр. Орайы келгенде айта кетейін, қалада соңғы 3-4 жыл ішінде жолдарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Жолдар тек орташа және ағымдағы жөндеуден өтуде. Ал, ағымдағы жұмыстарға кепілдік берілмейді. Осы орайда мен тәуекелге барып, жол жөндейтін мердігерлерге ағымдағы жөндеу жұмыстарының өзіне тым құрығанда бір жыл кепілдік беретін талаптар қойып отырмын. Өткен жылы Сәтбаев қаласында 10 мың шаршы метр жолдарға ағымдағы жөндеу жүргізілді. Бірақ, бүгінде олар жасалмаған сияқты. Бәрі қар суымен бірге ағып кетті.
– Сол жұмыстарды сапасыз атқарған мердігерлерге қандай шаралар қолданылып отыр?
– Ағымдағы жол жөндеу бойынша былтыр жұмыс істеген екі компания «НұрЭксперт» пен «РокадаК» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін келісім-шарттағы міндеттерін толық орындамағаны үшін біз оларды сотқа бердік. «НұрЭксперт» ЖШС-мен сот жүріп жатыр, ал «РокадаК» компаниясы бойынша бірінші инстанцияда жеңдік. Олар аппеляцияға беріп жатыр.
Әлгінде айтып өткенімдей, ағымдағы жөндеу жұмыстарына ешқандай кепілдіктер берілмейді. Сондықтан мен Парламенттегі өзіміздің өңірден сайланған депутаттарға осы ағымдағы жөндеу жұмыстары үшін де кепілдік берілуі жайлы қолданыстағы заңнамаларға өзгеріс енгізуді ұсынып отырмын.
– Қазір қалада жаңа технология бойынша суық асфальтты пайдалану қолға алынып жатқанын көріп отырмыз. Мұның тиімділігі қаншалықты?
– Жаңа айттым ғой, былтыр жөнделген жолдар көктем шыға жүруге жарамсыз болып қалды деп. Тұрғындардан шағым көп түсуде. Егер, бұрынғы тәсілмен жұмыс істесек әлі бір ай жол солай шұрық-тесік болып жатады. Өйткені асфальт-бетон зауыты майдың ортасына таман ғана іске қосылады. Себебі, оның өнімдерін күн ысыған кезде барып пайдалана аламыз. Сондықтан біз жаңа әдістерді, жол жамаудың жаңа тәсілдерін іздестірдік. Сондағы тапқанымыз осы суық асфальт болды. Мұны еліміздің көптеген аймақтары пайдаланып келеді. Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары әлдеқашан жолдарын осы асфальтпен жамауда. Мұның тиімділігі сол, асфальтты 20 градусқа дейінгі суық күндері де пайдалануға болады. Тек, асфальт салатын шұңқыр құрғақ болса болды.
11 сәуір күні жол сапасын жақсарту мақсатында шұңқырларды жамау жұмыстары басталды. Жөндеу жұмыстары суық асфальт әдісімен жүргізілуде. Бұл технология кез келген ауа райында тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Аталған жұмыстар 30-ға жуық көшені қамтиды. Қазіргі таңда арнайы техникалар мен жұмысшылар жұмылдырылып, көше-көшелермен кезең-кезеңімен жүріп жатыр.
Салқын асфальттың басты артықшылығы – жылдам төселуі және ұзақ мерзімге жарамдылығы. Бұл әдіс көктемгі-күзгі кезеңдерде жиі байқалатын жол шұңқырларын уақтылы және тиімді жөндеуге мүмкіндік береді.
– Мұрат Ерболатұлы, сұхбатымыздың басында жолдарды жөндемес бұрын құбырларды ауыстыру жайлы көп айттыңыз. Қай аймақтардың жылу-су құбырлары ауыстырылады?
– Өткен жылу беру маусымында қаланың жылу беру желілірі толық қуатында пайдаланылмады. Оның себебі, айтып кеткенімдей, өзінің пайдалану мерзімін әлдеқашан өтегендігінде. Жылу қысымын көтерген жағдайда тозығы жеткен құбырлардың жарылып кету қаупі артты. Соның салдарынан тұрғындар тарапынан жылуға шағым көп түсті. Осыны ескере келіп, 2025-2026 жылдарға арналған жылыту маусымына дайындық мақсатында қаламыздың № 1 және № 2 жалпы ұзындығы 10,2 шақырым құрайтын магистралдық жылу желісін күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Аталған жұмыстар аяқталғаннан кейін, қаланың тұрғын үйлері мен нысандарға жылу беру қуаттылығы 60 пайызға артатын болады.
Сонымен қатар, «Сәтбаев жылумен және сумен жабдықтау кәсіпорны» ЖШС тарапынан 25,11 шақырым кварталдық жылу желілерін күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланған. Аталған кәсіпорынның жеке инвестиция қаражаты есебіне № 4 магистралдық жылу желісінің 1,1 шақырымы күрделі жөндеуден өтетін болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.