Жезқазғандық Әйтеновтер әулеті үшін биылғы жыл мерейлі болды. Өніп-өскен әулет республикалық «Мерейлі отбасы-2022» байқауына қатысып, «Өнегелі отбасы» атанса, түсті металлургия саласына еңбегі сіңген әулеттің көшбасшысы Мұханбет ӘЙТЕНОВ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен екінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды.
Әйтеновтер әулеті аймағымыздағы металлургия саласына сүбелі үлес қосуда. Қарашаңырақ Қарсақбайда басталған мұрагерлік кәсіп бүгінде әулеттің төртінші буынында жалғасуда. Еңбекпен ел құрметіне кенелген абройлы Әйтеновтердің қоғамға қосқан үлесін кеңінен насихаттап, жастарға үлгі ету мақсатында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Ардагерлер кеңесі мен қаламыздағы Қабден Шыңғысов атындағы №5 мектеп ұжымы бірлесіп, игілікті шара өткізді. Жас ұрпақтың бойында еңбексүйгіштік қасиетті қалыптастырып, Отанға, елге адал қызмет жасаудың жарқын көрінісі ретінде Әйтеновтер әулетін ұлықтай отырып, жастардың техникалық мамандыққа деген қызығушылығын оятуды көздеген кездесуге Мұханбет Әйтенов пен зайыбы Арзанкүл Жарасбаева бастаған әулеттің үлкендері мен жастары келіп, оқушыларға ақыл-кеңестері мен мамандық таңдауға қатысты бағыт-бағдар берді. Әйтеновтердің түсті металлургия саласындағы шежірелі тарихын Жакуда Әйтенов бастады.
Жакуда ақсақал 1928 жылы Қарсақбай қалашығында дүниеге келіп, сол жұмысшылар қалашығындағы Қарсақбай металлургиялық зауытында ұнтақтаушы болып еңбек еткен. Оның зайыбы Мәрзия Әйтенова да зауытта тасымалдаушы болған. Он үш құрсақ көтерген Батыр ана 9 баласын ержеткізді. Әке жолын жалғап, олардың өнегесін өз ұрпағына дәріптей білген Жакуда ақсақалдың сенім артқан ұлы Мұханбет Әйтенов те өмірін өндіріспен өрнектеді. Мұханбет Жакудаұлы 1947 жылдың 30 қарашасында Аманкелді ауылында дүниеге келген. Қарсақбай кентінде білім алып шығады. 1964 жылы Қарсақбай металлургиялық зауытына ағаш шебері болып жұмысқа орналасады. Екі жылдық әскери міндетін өтеп келген соң жас жігіт зауытқа қайта оралып, конверторшы болып жұмыс істеді. Арада зор тәжірибе жинақтаған маман 1974 жылы Жезқазған мыс қорыту зауытына ауысады. Мыс балқытқан даңқты металлуртермен қатар еңбек ете жүріп, Мұханбет Жакудаұлы өз балаларын да өндіріске бейімдеді. Оның жолын үш ұлы жалғастырды. Жакуда ақсақалдан өрбіген Бірмағанбет, Жарқынбек, Қайырбек, Базыл металлургия саласында абыроймен еңбек етті. Бүгінде мәуелі бәйтерекке айналған әулеттің абыройлы ақсақалы Мұханбет Жакудаұлы Президенттің қолынан мемлекеттік марапат алуын өзінің ғана емес, әулеттегі әрбір жанның қоғам дамуына қосқан үлесінің бағаланғаны деп біледі.
– Біздің әулет жайында Президенттің оң пікірін естігенде төбем көкке бір елі жетпей қалды. Өндірістегі жолымыз бен өмірдегі өнегелі істеріміз кейінгілерге үлгі болып жатса қуаныш қой. Менің Мемлекет басшысының қолынан марапат алғаным – әулетіміздің әрбір мүшесінің ерен еңбегінің арқасы деп білемін. Мен және бауырларым әке жолын жалғасақ, бізден кейінгілер де біздің ұстанған бағытты бетке алды. Жалпы, менің металлургия саласына келуіме біріншіден әке жолы түрткі болса, екіншіден мына қасымда отырған Жарқынбек деген інім ықпал етті. Әскерден келген соң ұзақ жүрмей еңбекке араласу керек болды. Бір күні 9-сынып оқитын інімнен: «Бауырым, қандай жұмысқа тұрсам екен?» деп кеңес сұрадым. Сонда інім: «Зауыттағы айлығы ең көп жұмысқа тұрыңыз, аға» деп мені шабыттандырып жібергендей болды. Содан айлығы жақсы деген конверторшы мамандығын игеріп кеттім. Металлург мамандығы менің ғана емес, тұтас әулеттің жұлдызын жақты. Мен сол үшін ұрпағыма осы кәсіптің қадірін терең түсіне білуге үндеп келемін, – дейді Мұханбет Жакудаұлы.
Тамырын тереңге жайған әулеттің өнегеге толы өндірістегі шежіресі жаңа буынмен жалғасып жатыр. Мұханбет Жакудаұлының отбасы мен бауырларына деген ыстық ықыласын кездесуде «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің басқарма төрағасы Төлеген Бүкіров, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Жезқазған аймағы бойынша әлеуметтік еңбек қатынастары басқармасының басшысы Сабыржан Тембаев, «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалы төрағасының орынбасары Сержан Жақсыбеков, Қабден Шыңғысов атындағы №5 мектеп директоры Бекзат Құланбаева жеткізді. Ардагерлер кеңесі және корпорация басшылығы мен кәсіподақ атынан әулетке сый-құрмет көрсетілді.
Кездесу барысында оқушылар қадірлі меймандарға сұрақтарын қойып, қазіргі қоғамға сай мамандықты игеруге қатысты пікірлерін білді. Сондай-ақ, меймандар мектеп оқушыларының өнерін тамашалады. Ардагерлер кеңесі тарапынан кездесуді ұйымдастыруға атсалысқан мектеп басшысы мен мұғалімдеріне алғыс жарияланды. «М ұрагерлік кәсіп – ұрпақтар сабақтастығы» деген атаумен өткен кездесуден жастар рухтанып қайтты.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.