Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына арнаған Жолдауларында аудандық, ауылдық жерлерде медицинаның сапасын арттыруға баса мән беру керек деді. Әсіресе, жергілікте жердегі медициналық нысандарды білікті мамандармен қамту өзекті.
Ұлытау аудандық ауруханада жалпы 165 адам жұмыс істейді. Оның ішінде жоғары медициналық білімі бары – 13, орта медицина қызметкері – 70, кіші буын маманы – 20 адам. Сондай-ақ, 62 өзге персонал бар. Аудан бойынша әрбір10 мың тұрғынға шаққанда 14 дәрігерден, 57 орта буын қызметкерінен келеді. Медицина қызметкерлерінің санатын көтеру, оқыту, тәжірибе алмасу белгіленген жоспарға сай жүргізілуде.
Ауданда тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетілуде. Ұлытауда – 27, Жездіде 5 төсектік екі стационар тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Стационарлық емханадағы төсек орындар: терапиялық – 8, педиатриялық – 10, хирургиялық – 1, гинекологиялық – 1, босану бөлімі – 1, кардиологиялық – 4, неврологиялық – 6.
Аудан орталығында клиникалықдиагностикалық емхана, Ұлытау, Қарсақбай, Жезді, Қаракеңгір, Егінді, Жетіқоңыр елдімекендерінде отбасылық дәрігерлік амбулатория бар. Терісаққан, Шеңбер, Алғабас, Байқоңыр, Аралтөбе, Қарақұм, Сарысу, Аманкелдіде – фельдшерлік амбулаториялық, Айыртау, Пионер, Ақтаста медициналық бекет жұмыс істейді.
Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес аудандық аурухана тарапынан жаңа медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз ету мәселесі ойдағыдай шешімін тауып, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша селолық кент-округтерге жаңа медициналық ғимараттар салынуда. Босаған балабақша ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, аудандық ауруханаға берілуі медициналық мүмкіндікті молайтуға жол ашты.
Сегіз ауылдық аймақта (Байқоңыр, Коскөл, Терсаққан, Мибұлақ, Борсеңгір, Қаракеңгір, Сарысу, Айыртау) кейінгі кезде қатарға қосылған денсаулық сақтау нысанынан халық сапалы медициналық көмек алуда. Олар қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, медицина мамандарына жаңа компьютер мен ноутбук беріліп, кешенді медициналық ақпараттық жүйемен жұмыс істеуіне толық жағдай жасалған. Жезді кентінде учаскелік ауруханаға күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, жылыту қазандығы жаңадан салынды.
Ұлытау мен Жездіде екі дәріхана бар және бір жылжымалы дәріхана шалғай орналасқан елді-мекендерге қызмет көрсетеді. «Камаз» автокөлігі базасындағы жылжымалы флюрография аудан көлемінде әлеуметтік аса маңызы бар жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында халықпен жұмыс жасайды. Қыста ауарайының қолайсыз кезінде жүкті әйелдер мен балалар және ересектер аса шұғыл көмек қажет еткен жағдайда пайдаланатын «Бобр» жол талғамайтын техникасы бар.
Біз ұзақ жылдан бері қалтқысыз еңбек етіп, тұрғындардың ыстық ықыласына бөленген невропатолог Ақзейнеп Наурызбаева, педиаторлар Роза Төлегенова мен Марат Дүкембаев, отбасылық амбулатория дәрігерлері Ұлмекен Қожасова мен Жұмаш Баймұратов сынды ақжелеңді ардагерлерімізді мақтаныш етеміз. Олардың үлгілі қызметін терапевт Маржан Берліқұлова, педиатор Маржан Досымханова сынды жастар лайықты жалғастыруда.
Ауданда кейбір медицина маманына зәрулік байқалады. Мәселен, акушер-
гинеколог, тіс дәрігері, құлақ-мұрын аурулары дәрігері (ЛОР), көз дірігері (окулист), реаниматолог, невропатолог, кардиолог жетіспейді. Бұл мәселені алдағы уақытта ойдағыдай шешу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы және аудан басшылығымен бірлесіп, жоспарлы жұмыс жүргізудеміз.
Замира ЖАҢБЫРШИЕВА,
аудандық аурухана директорының міндетін атқарушы.