Әлі есте, «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС басшылығының ұйғарымымен түстіметаллургияны дамытуға қосқан үлестері үшін бір топ сала мамандарын марапаттау салтанаты өтті. Бұл 2019 жыл болатын.
«Жезқазған мыс қорыту зауытынан «Жылдың үздік металлургі» атағы кімдерге бұйырды екен?» деген ой да маза бермей қойған.
Мыңнан үздік шыққандардың есімдері қатар-қатар аталып жатты. Барлығына да бір миллион сыйақы табысталды. Сол марапаттың иелерінің қатарында менің кейіпкерім де бар еді. Қайыржан Балабиев мысты электролиздеу цехында сулы ертінділермен жұмыс жасаудың хас шебері. Аталмыш цехта 1992 жылдан бері еңбек етіп келеді. Негізгі мамандығы құрылысшы болғанымен, бүйрегі металлургияға бұрды. Құрылыста жүрген жылдарында бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысына атсалысты. Әсіресе, оның бұл саладағы қолтаңбасы Анненск шахтасында қалды.
Цехқа келген 30 жыл ішінде Қайыржан Жолдасбекұлы өндірістік сатылардың барлығынан өтті. Аға буынның тәлімінде шыңдалған ол сулы ертінділерді электролиздеудің майталманына айналды.
– Осыдан 30 жыл бұрын еңбек жолымды бастағанда жол көрсеткен ағаларымның жақсылығын айтпай кеткенім жөн болмас. Тәлімгерім Әзім Есімбаев, цех басшысы Жұмажан Сүттібаев сынды майталмандар кәсібімді жетілдіруге көп септігін тигізді. Солардың жолын үлгі тұту арқылы жетістікке жететініме көз жетті. Шынында да солай болды. Еңбекте бағым жанды. Әріптестерім Николай Силиванов, Сырым Әбуов, Ербол Омаров, Нұрғазы Бозаев, Нұрлан Тоқымбаев, Рәсім Хикматдулин сынды өндіріс озаттарымен бірге бригаданың айбарын асырып келеміз.
Біз балқыту цехының анод бөлімшесінен келген өнімді матрицалық ванналарға салып, тазалап, кейін дайын өнім цехына жібереміз. Ұжымның бұл бағыттағы еңбегі жемісті. Елмұрат Әбуов басқаратын цехтың межелі міндетке жетуі жолында өзім жетекшілік жасайтын бригада сенімге селкеу түсірмейді, – дейді Қайыржан Балабиев.
Отыз жылдық еңбек жолында құрмет пен қошеметке кенелген Қайыржан Жолдасбекұлының «миллионер» металлург атануының өзі оның кәсіби маман екендігін аңғартатыны сөзсіз.