Жезқазған мыс қорыту зауытындағы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің ұйымдастыруымен алғаш рет металлургтер арасында «Металлург дауысы» караоке ән байқауы өтті.
Әнге әуес зауыт еңбеккерлері өзара бақ сынады. Өндіріс пен өнерді қатар алып жүрген металлургтердің өнеріне Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, өлкеге танымал әнші Береке Көшенов, мыс қорыту зауытының аппарат жетекшісі Силар Қияқбаев, «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалының жұмысты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Бейбіт Қазиев төрелік етті. Байқау екі кезеңнен өтті. Екінші кезеңге өткен 8 қатысушының арасынан үздіктер анықталды. Топ жарған сегіздік бас жүлде, І, ІІ, ІІІ орындармен және арнайы номинациялармен марапатталды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйақы табысталды.
Металлургтер арасынан әнге деген ерекше ықыласымен жеңімпаз атанған Ратбек Асқап бас жүлдені қанжығасына байласа, Нұржан Данаев бірінші орынға ие болды. Екінші орынды Дархан Желібаев еншіледі. Үшінші орынның жүлдесі Нұрлыбай Айтхановқа тиесілі деп танылды.
Жоламан Мағзұм «Актерлік шеберлігі үшін» номинациясына ие болса, Аслан Шамбұлов «Көңілді қатысушы» номинациясына лайық деп танылды. «Көрермен көзайымы» номинациясын Айдан Шамбұлова еншілесе, «Ерекше стиль» номинациясы Бауыржан Шайденовке бұйырды.
«КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Ардақ Ақылбекова байқауда бақ сынаған барлық қатысушыларға алғысын білдіре келіп, мұндай мәдени танымды байқаулар алда да жалғасатынын жеткізді. Кәсіподақтың Жезқазған филиалының жұмысты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Бейбіт Қазиев байқауға төрелік еткен Береке Көшеновке ұйым атынан ризашылығын айтып, сый-құрмет көрсетті.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.