Өткен сенбіде С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық драма театры өзінің жаңа маусымын бастады. Биыл құрылғанына 50 жыл толып отырған өнер ошағының сахна шымылдығы Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» қойылымымен ашылды. Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы спектакльді көріп, тамашалады.
Театрдың жаңа маусымы бұрынғы маусымдардан өзгеше. Биыл өнер ошағының мерейтой жылы. Театрдың құрылғанына – 50 жыл. Театр ұжымы үшін бұл жылдар өнер жолындағы жетістіктерге толы. Өздерінің ізденістері мен шеберліктерінің арқасында республикалық фестивальдар мен байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы атанды. Басқа-басқасын айтпағанда, дуалы ауыз театр мамандарының осы өнер ошағын «Шалғайдағы емес, маңдайдағы театр» деп бағалауы неге тұрады!
Сонымен, бұл мерейтой жылының не жаңалығы бар? Соны білмекке спектакль алдында театр басшысы Досхан Сәкенұлы Сәкенді әңгімеге тарттық.
– 50 жылдық мерейтойымызды биылғы желтоқсан айының орта кезінде қорытындылаймыз. Ашығын айтсам, аста-төк дастарқан жаюды ұйғарып отырған жоқпыз. Тойға тартуымыз өнеріміз болмақ. Ізденістеріміз бен шеберліктерімізді сахнада паш етпекпіз. Оған қызу дайындық қазірдің өзінде басталып кетті. Көрермендерімізді ұжымымыздың өнер деңгейін барынша ашып көрсететін кең тынысты қойылыммен қуанту ойымызда. Бұл – бір.
Екіншіден, өздерінің еңбек жолын біздің театрымызда бастаған аға буын ардагерлеріміздің біразы республикамыздың әр қиырында жүр. Олардың бәрін тізбелеп айтпағанның өзінде, сонау 1972 жылы Мәскеудегі М. С. Щепкин атындағы жоғары театр училищесін бітіріп келіп, театрдың іргесін қаласқан 17 жастың бүгінде Досжан Жанботаев пен Райхан Ибраева екеуінен басқа 12-сі Астанада жүр. Барлығы да атақ-абыройды иемденген өнер тарландары. Не керек, бір сөзбен айтқанда, солардың баршасын шақырып, өздері қарашаңырақ санайтын Серке Қожамқұлов атындағы театрда бастарын қоспақ ойымызда бар, – деп бір түйіндеген еді Досхан Сәкенұлы.
Театр басшысы айтып отырса, мерекелік іс-шаралар жыл бойы жүргізіле бермек. Ол іс-шаралар жыл басында бастау тауыпты. Соның басты-бастыларын атап өтер болсақ, соның бірі – сәуір айында Ақтөбе қаласында өткен халықаралық фестивальге қатысқандары. Сол жолы театр «Көрермендер көзайымы» атаулы бәйгені жеңіп алуы ұжым жетістігі болып табылады. Осындай халықаралық өнер сайысы осы қазан айының 18-23 күндері аралығында Астанада өтпек. Жезқазғандық театр Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығына арналған республикалық фестивальге Олжас Жанайдаровтың «Жұт» спектаклін апармақ. Тағы да бәйге бұйырса, оны театр мерейтойына тартуымыз деп бағаламақ.
Мерекелік іс-шараның енді бірі Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толуы құрметіне орай «Көксерек» спектаклінің премьерасы алдағы қараша айында қойылады.
Театрдың үш артисі өткен қыркүйек айында Көкшетауда ұйымдастырылған «Халықаралық театр лабораториясына» қатысып, майталман мамандармен бірге өздерінің біліктіліктерін шыңдап, ізденістерін жетілдіріп келіпті. Әрине, мұндай бас қосулар жастардың шеберлік мектебі болып табылмақ.
Енді бір жаңалық театрдың өмірге келуіне бірден-бір ықпал болған Мәскеудегі М. С. Щепкин атындағы жоғары театр училищесімен тығыз қарым-қатынас орнату осы мерейтой жылында бастау тауып отыр. Өзара тәжірибе алмасуға жезқазғандық театр бастамашыл болған екен. Бұл игі ұсынысты Мәскеудегі өнер тарландарының ұясы тарапынан қуана қолдау тапқан көрінеді. Осыған орай жезқазғандық 4 жас артист көрші елде бес күн болып қайтыпты. Олар небәрі бес күнде зор рухани қазынаға кенелгендерін қуана айтып келді. Сонымен бұл қарым-қатынас игі дәстүрге айналатын болады.
Әрине мерейтой үкіметтік марапаттаусыз болмақ емесі түсінікті. Оның бастауы болған С. Қожамқұлов атындағы музыкалық драма театрының іргетасын қаласқандардың бірі, бүгінгі Қазақстанның Халық артисі Досжан Жанботаевқа жыл басында Мемлекеттік стипендияның берілуі ұжым беделін асқақтатып тастады. Сонымен қатар соңғы бірер жылдың ішінде театрдың 8 бірдей қызметкерінің – «Мәдениет саласының үздігі» медалімен, 2 қызметкері «Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталуы өнер жолындағы еңбектің бағалануы дер едік.
Марапаттаулар туралы әңгіме қозғалғанда театр басшысы Досхан Сәкенұлы ағынан жарылып: – Жасыратыны жоқ, Мәдениет министрлігінің ұсынысымен бұйырса «Құрмет» орденімен және «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталу алдағы желтоқсан айындағы Тәуелсіздік күні мерекесімен орайлас келген театрымыздың 50 жылдық мерейтойында жүзеге асып қалар деген үміттеміз, – деген еді.
Ол жаңа маусымды «Мен ішпеген у бар ма?» атты сүбелі туындымен ашып отырғандарының мәнісін атап көрсетті. Бұл спектакль театр репертуарында мықтап орын алған қомақты қойылым болып табылады екен. Оның басты жетістігі ұлы ақын Абайдың жастық кемелдену шағын сомдай білуі десек, екіншіден театр артистерінің көпшілігін сахнадан көрсететіндей кең тынысты қойылым болуында жатыр.
Айтса-айтқандай-ақ, спектакльді көру барысында актерлердің шеберлігіне де, режиссер Теміржан Жанботаевтың ұтымды ойластырған шешімдеріне де тәнті бола түстік. Қойылымның өне бойы сахнаны тұмшалаған қара түнекте болуы Абай заманындағы халықтың еңсесін езген қараңғылықты сезінгендей болдық. Ұлы ақынның «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» өлеңіне жазылған ән әуенінің сахнадағы көріністерге орайлас кейде баяу, кейде ащы үнмен зарлы естілуі жүректі шымырлатты.
Жас Абайдың жан күйзелісін сахналай білген «Тұлға» сыйлығының иегері Нұржан Бейісбековтің актерлік шеберлігіне тәнті болдық. Абай бейнесінің сомдалуына Қазақстанның мәдениет қайраткері Бақытжан Ибраев ойнаған Құнанбай, Қазақстанның мәдениет қайраткері Ерке Бәйдешев ойнаған надандықтың шырмауына байланған Оразбай және «Тұлға» мен «Алтын қобыз» сыйлықтарының иегері Ардақ Жарынбеков ойнаған жамандық жасаудан жаны қарайған Күнту бейнелерін ұтымды шығаруы аса ықпал еткені анық. Заманынан озып туған озық ойлы жанды өзге түгіл, өзіне жақын-жуықтың өзі, ел-жұрты толық түсіне алмағаны шынайы көрініс тапқан. Сол бір дәуір тынысы сахна тілімен бейнеленген.
Жаңа маусымның ашылуына бір қауым ел жиналыпты. Әсіресе, мектеп оқушылары көп болды. Жастайынан театрмен жақындасуларына ықпал болған мектеп мұғалімдерінің бұл ісі құптарлық-ақ. Бірақ сол мұғалімдер оқушыларын «Мен ішпеген у бар ма?» тәрізді күрделі туындыны түсініп, ой түйе білуіне дайындады ма екен деген сауал көкейімізге оралғанын да жасырып қала алмадық. Әдебиет пәнінің мұғалімдері оқушыларын осы спектаклді көруге жіберер алдында Абай туындыларымен таныстырса болар еді.
Мәселен, Абайдың «Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғының, рас сөзі аз болатұғының, қызметке таласқыш болатұғының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не? Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір ақылсыз надан арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады», – деп басталатын үшінші қара сөзін оқытып, талдатса ғой.
Сондай-ақ мына:
«Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын,
Түбін ойлап, уайым жеп айтқанмын.
Ақылдылар арланып ұялған соң,
Ойланып түзеле ме деп айтқанмын.
Жұртым-ай, шалқақтамай сөзге түсіп,
Ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін.
Ыржаңдамай тыңдасаң нең кетеді,
Шығарған сөз емес қой әңгіме үшін.
Адасып алаңдама, жол таба алмай,
Берірек түзу жолға шық, қамалмай,
Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ,
Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай» деген өлеңін талдап ұғындырса, онда ол оқушылар спектакльге арқау болған дәуір тынысын, Абайдың жан күйзелісін жете ұғына түспек.
Сөз жоқ бұл қойылымның шоқтығы биік. Осы спектакльді көруге арнайы келген оның авторы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Иранбек Оразбаев (Иран-Ғайып):
– Серке театры қойған бүгінгі спектакль мені ерекше толқытты, – деп, оның режиссері Теміржан Жанботаев пен артистерге алғысын білдірген екен. Бұл туралы бізге театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Үмітай Молдаберген айтты. Сөйтсек, ол былтырғы наурыз айында қойылған спектакльдің премьерасына қатысыпты. Иә, автордың өзіне ұнаған қойылымға одан асқан баға болар ма!
Театрдың биылғы мерейтой жылында қойылар әр туындыны тамашалар көрермендер көп болғай.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.