«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірімізде 1 мектептің құрылысы басталды. Заманауи талапқа сай білім ордасы Жезқазған қаласына қарасты «Қабанбай батыр» шағын ауданында салынып жатыр. Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы бастаған топ мектептің құрылысымен танысып қайтты.
Жоспар бойынша мектеп құрылысы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. 200-ден астам отбасы тұратын ауылда бұрын-соңды мектеп болмаған. Қазір мұндағы 300-ге жуық оқушы автобуспен Жезқазғанға қатынап оқиды. Жаңа мектеп ауылдағы балалардың санына байланысты 300 оқушыға есептелген. Құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзім мен талаптарға сәйкес салынуын бақылау, мердігерлерді таңдаудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеу, нысанның сапасы мен уақтылы қолданысқа берілуін қадағалау «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамының еншісінде. Өңір басшысымен бірге «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Маулен Айманбетов та нысанның құрылысын көріп, барысымен танысты.
– Мектеп құрылысын биыл аяқтауға шешім қабылданды. Мамыр айының басында сараптама жасалынды. 1 қыркүйекке мектепті дайындауға толық мүмкіншілігіміз бар. Бүгінгі таңда біз мектептің құрылысын қатаң бақылауға алдық. Қазір мұнда сыртқы қысбеті болсын, тіпті ішкі әрлеу жұмыстары болсын бәрі бірқалыпты жүріп жатыр, – дейді Маулен Аймағанбетов.
Аты айтып тұрғандай, жаңа мектепте оқушының жайлы ортада білім алуына барлық жағдай қарастырылатын болады. Ұлттық жоба бойынша келер жылы облыста тағы 5 мектеп салынады.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.