Қазақстанда қазір мыс өндіретін кәсіпорын көшін бастап тұрған Жезқазған мыс қорыту зауыты әлемге әйгілі, алғашқы ондықтың бел ортасынан ойып орын алған. Ол Одақ кезінде-ақ төрткүл дүниеге танылған.
Кенші жөнелткен жентек-жентек кенді баптаған байытушының құнарлы концентратынан мәрт мамандықты меңгерген металлург әрқайсысының салмағы 60 килодай тартатын шақпақ мыс шығарады.
Әңгімені шихта дайындау буынынан бастайық. Өйткені, байыту фабрикасынан келген концентрат осында мыс алатын шикізатқа – шихтаға айналып, одан әрі балқыту цехы- на жөнелтіледі. Кәсіпорынның табалдырығы іспетті шихта дайындау цехында концентратты кептіру үдерісін жақсартуға және жабдықтың бей-берекет бұзылуын болдырмауға мүмкіндік беретін бірқатар техникалық шара жүзеге асырылуда. Жалпы келешекте мұндағы технология түбегейлі өзгертіледі.
Өндірістік буында күкірт қышқылы цехының өзіндік орны бар. Конвертор мен рудотермиялық пештен бөлінген газды тұту мен осы цехқа жеткізгенге дейінгі аралықтағы үдеріс толық автоматтандырылған. Газды барынша кәде- ге жарату арқылы айналаға таралуын азайтуға қатысты көлемді қайта құру жұмысы жүргізілуде.
Біреуі анау-мынау өндірістік буыныңды он орап алатындай үш бөлімшеден тұратын балқыту цехын «металлургиялық өндірістің өзегі» деп әспеттесек, артық емес. Зауыт өндірісіндегі өркенді өзгеріс балқыту буынынан бастау алып жататыны да сондықтан. Көпшілік көзбен көрмесе де, көңілінде берік ұялаған күрең қы- зыл балқыма осында алынады. Одан анод негізін құйып, электролиздеу цехында өңдеуден өткеннен кейін барып Арқадағы Жезқазғанды әлемге танытқан саф алтындай сары мыс тұтынушыға жол тартады.
«Анау-мынау өндірістік буыныңды он орап алатындай» айтулы үшеудің алғашқысы — электр пеші бөлімшесі. Онда әрқайсысы 168 шаршы метр аумақты алып жатқан үш фазалы, алты элек- тродты, биіктігі — 4,5, ені — 7, ұзындығы 24 метрлік қуатты екі пеш тұр. Қызуға төзімді бетонмен қапталған, төңірекке бейберекет газ таралмауы қарастырылған оған тиелген шихта мен кремний диоксиді (флюс) оттегі айдау арқылы қорытылып, құрамында мыс, темір мен күкірт бар штейн пештің түбіне шөгеді. Ал, флюспен біріккен қалғанынан шлак түзіледі.
Мыс алудың бастапқы баспалдағындай бұл күрделі өндірістік үдеріс Ержан Ниязов, Ермек Шегебаев, Болат Тоқабаев, Алексей Плотников, Нұрлан Ыбыраев сынды майталман металлургтердің қолынан өтеді. Олар сапалы штейн алудың шынайы шебері десек артық емес. «Бұлар – кәсібінің қыр-сырын мінсіз меңгерген білікті балқытушылар» дейді, электр пеші бөлімшесінің ауысым шебері Елдос Шәметов.
Құрамында 40%-60% мыс болатын штейн конвертерде балқытылып қара мыс алынады, ол анод пешінде одан әрі тазартылады. Тұнған шлак өндірістік қалдық қоймасына жөнелтіледі. Балқыту буынындағы конвертер мен анод бөлімшесі бүгінде біріктірілген. Біз балқыма алудың бап- кері Азамат Қамысбаевпен қуатты конвертердің қасында кездестік. 13 жылдан бері осы кәсіпті айналдырып келе жатқан ол бетке ұстар балқытушыға айналғанын байыпты қимылынан-ақ байқадық.
Қуатты кәсіпорында алатын өзіндік салмақты орны бар бұл балқыту цехының ұжымы шуақты шақты да, қиын кезеңді де көрді. Дағдарыстың дүрбелеңін қажымас қажыр-қайратпен, үздіксіз ізденіспен жеңді. Жаңашыл- дыққа ұмтылды, жетістікке жігерленді. Тегі темірдің түбі тозатыны түсінікті. Оның үстіне өндірістегі технологияның табандап тұрып қалмай, жетілдіріліп отыратыны тағы мәлім. Жезқазғандық металлургтердің де мақсаты – өндірісті уақыт талабына сай заманауи жүйелі жаңғырту жолымен жаңа жетістікке жету.
Кәсіпорын пирометаллургиялық тәсілмен тауарлы өнім шығарады. Түсінікті тілмен айтсақ, алдымен мыс концентраты электр қуатымен балқытылады, сосын алынған балқыма отпен және электролит ертіндісімен одан әрі та- зартылып, сосын шақпақ мыс шығарылады. Қазір құнарсыз шикізат өңдейтін гидрометаллургиялық технология- ны игеру жолында жұмыс жүргізілуде. Оны металлургия саласындағы «соны соқпақ» десек, орынды.
Ол, ең алдымен, баланстағы және балансқа алынбаған кенді, бұрын есептен шығарылған қорды, ұзақ жыл жиналған өндірістік қалдықты аз шығынмен өңдеуге мүмкіндік береді. Сөйтіп, кәсіпорынның өндіріс көлемі ұлғаяды. Жезқазған аймағында жұмыс істеп тұрған кеніш «ғұмыры» ұзарады, экологиялық жағдай жақсарады. Мыстың өзін- дік құны 1,6 есе арзандайды. Келешегі келісті кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай.
Айтпақшы, түпкі өнімнің тұсауы кесілетін тұс – электролиздеу цехы. Ол туралы келесі мақалада қаузаймыз.
Әлібек ӘБДІРАШ.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы
Суреттерді түсірген автор.