Халықаралық бұл мереке 2009 жылы 22 сәуірде Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 63-сессиясында бекітілді. 2010 жылдан бастап тұрақты атап өтілуде. Халықаралық Жер күні, қай жерде тұрғанына қарамастан, әлемдегі барлық адамның ортақ мерекесі десек қателеспейміз. Өйткені, ол ортақ үйімізді сақтау мен экологиялық мәселені шешуді алдына мақсат етіп қойған.
Бұл күн біздің ортақ жауапкершілігімізді еске салады. Жер мен оның экожүйесі адамзатқа өмірді қамтамасыз ететін ортақ үй екенін мойындатады.
Әлқисса
Жер – көлемі жағынан Күн жүйесіндегі бесінші ғаламшар. Диаметрі 13 мың шақырымға жуықтайды. Жартысынан астамын (шамамен 71%) су алып жатыр, басым бөлігі – мұхитта. Атмосфераның бестен бір бөлігі (20%) – өсімдік әлемінен бөлінетін оттегі. Ол газды алыптар – Юпитер, Сатурн, Уран және Нептуннан – кіші, ал, басқа үш тасты ғаламшар – Меркурий, Марс және Венерадан үлкен.
Ол Күнді айналғанда, бір мезгілде жорамалдағы желімен Солтүстік полюстен Оңтүстік полюке өтетін өзегін де айналады. Өзегін айналуға 23,934 сағат, Күнді айналып шығуына 365,26 күн кетеді. Қаңтарда күнге аздап жақындайды, шілдеде алыстайды. Ғалымдардың есептеуінше, Күн және басқа да ғаламшармен бір мезгілде, шамамен 4,6 миллиард жыл бұрын қалыптасқан.
Бастапқыда сусыз тас болған. Тау жынысындағы радиоактивті материалдар мен Жердің терең қойнауында қысымның күшеюі ғаламшардың ішкі бөлігін балқытуға жетерлік жылудың бөлінуіне әсер еткен. Соның нәтижесінде кейбір химиялық зат бетіне шығып, су пайда болған, басқасы атмосфера газына айналған. Жер – бізге белгілі әлемдегі тіршілігі бар жалғыз ғаламшар.
Біздің ғаламшарда небір тіршілік иесі бар. Бірі жойылып жатса, енді бірі жаңадан пайда болады. Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының мәліметіне сүйенсек, 1970 жылдан бері құс, суқоректі, балық, бауырмен жорғалаушы, қосмекенді хайуан 60% кеміп кеткен. Ал, Мадагаскарда бақаның жаңадан бес түрі пайда болған. Бұл тіршіліктің қыр-сырын әлі жете зерделемегенімізді көрсетеді.
Тарих пен дәстүр
Әлем жұртшылығының ортақ мүддесін ойластырған бұл халықаралық мерекенің тарихы тереңде, ХІХ ғасырдың ортасында жатыр. Американың Небраска штатындағы фермада тұратын биолог Джулиус Стерлинг Мортон азып кеткен орман алқабының күйін көтеру мақсатында штат тұрғындарын бір күнде бір-бір көшет отырғызуға үндейді. Оны бір миллионға жуық адам қолдап, 1872 жылғы сол күн «Ағаш күні» аталып кетеді.
Мұндай «бір күндік» бастама араға бір ғасырдай уақыт салып АҚШ-та 1970 жылы тағы жалғасын табады. Танымал американдық саясаткер және белсенді, сенатор Гейлорд Нельсон Гарвард университеті студенттерінен топ құрады. Бұл белсенді студенттік қозғалыс қанат жайған кез еді. Қолдаумен қанаттанған сенатор келесі жылы сәуірдің үшінші аптасын «Жер апталығы» деп жариялайды.
«Жер күні» алғаш рет КСРО-да 1990 жылы Пятигорскда атап өтілді. КСРО, АҚШ және Қытай альпинистері бірігіп айтулы күннің 20 жылдығына арнап Эверест шыңына шықты. Жер күнімен жанданған қоғамдық және саяси белсенділік барысында АҚШ-та қоршаған ортаны қорғауға қатысты көптеген заңмен қабылданған. Соның бірі – көпшілік қызу қолдаған таза ауа туралы құжат.
Бұл мерекенің өзіндік дәстүрі бар: ағаш отырғызу, суқоймасын тазалау, қоқыс жинау, байқау, марафон, семинар және көрме сияқты табиғатты қорғауға арналған әртүрлі іс-шара өткізіледі. Барлық елдің миллиондаған адамынан қолдау тапқан бастаманың бірі – Жер сағаты. Бір сағатқа жарық біткен сөндіріледі. «Автокөліксіз күн» науқаны да қоршаған ортаға назар аударуға арналған. Бұл күні автокөлік жүргізушілері велосипедке аяқ артады немесе жаяу жүреді.
Қазір күнтізбеде халықаралық сипатқа ие екі Жер күні мерекесі бар: біріншісі – 22 сәуірде атап өтілетін, экологиялық бағыттағы «Халықаралық Жер күні», екіншісі – күн мен түн теңелгенде тойланатын, бітімгершілік бағытындағы «жер күні». Кейінгісі өзіміздің әз-Наурыз десек те болады.
Әлемге аян әз-Наурыз
Наурыз мейрамын дінмен байланыстыратындар да бар. Сірә, оған мына жәйт себеп болса керек. 1923 жылы республика деңгейінде Наурыз тойлау туралы қаулы қабылданады. 1926 жылы діни мерекелерге тыйым салынғанда, большевиктер олардың арасына Наурыз мерекесін де кіргізіп жібереді. Ал, ғалымдардың пайымдауынша, Орта Азия елдері оны 5000 жылдан аса уақыт атап өтіп келеді. Демек, заманауи діндер мен көптеген мемлекеттен шамамен 5 мың жыл бұрын, ежелгі заманнан қалыптасқан.
ЮНЕСКО 2009 жылы 30 қыркүйекте Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енгізді. 2010 жылғы 10 мамырдан бастап БҰҰ Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» болып аталып келеді. Бас ассамблея Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балкан түбегінде, Қаратеңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқанын мәлімдеді.
Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамында бүкіл ауыл-ел, әсіресе, жастар жағы түгелдей таң шапағын қуанышпен қарсы алып, тазаланған арыққа су жіберген, ағаш отырғызып, гүл еккен. Мереке қызығы одан әрі әртүрлі ұлттық ойынға, ән салып, би билеуге, ақындар айтысына, қазақша күрес пен ат жарысына, «Қызғалдақ» мерекесіне, түнге қарай «Алтыбақан» айналасындағы тамашаға жалғасып, таңға жақын «Ақсүйек» ойынымен аяқталған.
Наурыздан кейінгі 2-ші күні жұрт жаппай көктемгі егіске кіріскен. Малшы қауым төл алуға қатысты іс-қарекетпен айналысқан. Ызғарлы қыспен қостасып, көгілдір көктемді қарсы алатын, Самарқанның көктасы жібіп, жер-жаhан жаңарып, жайнайтын бұл мейрам бүкіл ұлтқа ортақ.
Аңызды аңдатсақ…
Ғұндардың кең-байтақ жеріне қызыққан Дунь Ху мемлекетінің ханы елші аттандырып, «Мөде достықты сыйласа, маған сәйгүлігін берсін» деп сәлем айтады. Мөде уәзірлерімен кеңес құрады. Олар: «Арғымақ – ғұндардың киесі, беруге болмайды» дейді. Мөде: «Бір атқа бола соғыспайық. Бұл сый көршімен достық кепілі болсын» деп тұлпарды сыйға тартады.
Дунь Ху елінің дәніккен ұлығы тағы да жаушы жіберіп, ең сұлу, сүйікті әйелінің бірін тарту етуін сұрайды. Мөде тағы да уәзірлерін жинайды. «Біз соғысуымыз керек!» деп олар ашу шақырады. Мөде: «Арғымақ та, әйел де ел тыныштығының кепілі болсын» деп сұрағанын беріп жібереді.
Мейманасы тасыған әмірші әскерін жиып, екі ел аралығындағы шөп өспейтін, суы жоқ, ешкім мекендемейтін жерге келеді. «Ғұндар, бұл жердің сендерге мүлдем керегі жоқ қой. Бізге берсеңдер қайтеді..» деп салмақ сала сөйлейді. «Жерді беруге де, бермеуге де болады. Одан ешқандай пайда жоқ» дейді Мөденің кеңесшілері. Осы арада Мөденің төзімі таусылады:
– Мен әміршінің екі талабын орындадым, себебі, ат та, әйел де өзімдікі болатын. Ал, жер жақсы болсын, жаман болсын – халықтікі, – деп, «жерді жатқа беру керек» дегендерді дарға асуға бұйырады, өзі қол бастап, жау әскерін тас-талқан етеді…
Көне аңыз осылай дейді. Иә, қазақ қара жерді туған анасындай қадірлеген. Оған қатысты қалыптасқан ырым-тыйым мен ғұрыптық жосын да жеткілікті. Адамның анасы іспеттес, бойындағының бәрін құнарына келтіріп, бір дән ексең, оны он есе етіп ұсынатын, табаныңнан жылуы сезіліп, жаныңа рахат сезім себетін сол бір табиғат тірегі айналадан қамқорлық та күтеді.
Түйін
Биыл Наурыз мейрамын жаңа тұрпатта тойлауға кірістік. Наурызнама онкүндігі қабылданып, бірегей кескіні (логотип) бекітілді. Мереке 14–23 наурызда өтеді. Әр күннің өз атауы бар. Ол оның мән-мағынасы мен мазмұнын байытып көрсетуге негізделген.
Алғашқы күн, 14 наурыз «Көрісу күні – Амал мерекесі» деп аталады. Бұл күні халық төс қағысып амандасып, бір-біріне өкпесі бары, кешірім сұрасып, татуласады. 15 наурыз – Қайырымдылық, 16 Наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр, 17 наурыз – Шаңырақ, 18 наурыз – Ұлттық киім, 19 наурыз – Жаңару, 20 наурыз – Ұлттық спорт, 21 наурыз – Ынтымақ күні.
22 наурыз – Жыл басы – Ұлыстың ұлы күні. Ал, 23 наурыз – Тазару, Наурызнаманың қорытынды күні Жаңа жылды тұтас ел болып жаңа мақсат, жаңа үмітпен қарсы алудың белгісі ретінде жалпыұлттық экологиялық акция өткізіледі.
Әлібек ӘБДІРАШ, Қазақстанның Құрметті журналисі.
Жер серігі түсірген сурет әлеужеліден алынды.