«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС тау-кен, байыту кешені маркшейдерлік бөлімнің бас маманы Жандос Кәденовтің бұл салада еңбек еткеніне 7 жыл болыпты. Ол мектеп жасында жүріп-ақ есеп-қисапқа, сызуға бейімді болды. Оның осы бағыттағы қызығушылығы маркшейдер мамандығын игеруге алып келді.
Қарағанды техникалық университетін тәмамдаған соң бірден «Қазақмыс» корпорациясына жұмысқа қабылданды. Оның салаға деген икемділігін бірден байқаған мамандар Жандосқа сенім артты. Жандос Кәденовтің еңбек жолы «Нұрқазған» кенішінен басталды. Осы кезеңде шахтаның пайдалы қазбаларын дұрыс бағытта игерілуіне және тау-кен жобаларының жүзеге асуына атсалыса алатын жас мамандар қажет болды. Жас маман өзінің университет қабырғасында алған білімі мен жұмыс барысында жинақтаған аз ғана тәжірибесін пайдалануға тырысты. Үш өлшемді модельдеу бағдарламасын қолдану мен сызбаларды мұқият оқу қабілеті Жандостың кәсіби шеберлігін шыңдауға және нәтижеге жетуге жол ашты.
Маркшейдер үшін білім аздық етеді, бұл мамандықтың нәтижесіне қол жеткізу үшін физикалық тұрғыда төзімділік болуы тиіс деген ұстанымды берік ұстанған Жандос «Қазақмыс» корпорациясының құрылымдары орналасқан аймақтарға жиі іс-сапарға шығады.
– Кен өндірісінде ауадай қажет маркшейдерліктің қыр-сыры өте көп. Сондықтан оны ғылыми тұрғыда дамытуға көңіл бөлудемін. Маркшейдердің жұмысы оң нәтижелі болуы үшін инновациялық тәсілдер арқылы геодезиялық аспаптар мен құралдар кешенін жаңартып отыру маңызды рөл атқарады.
Заманға сай біз мақсатымызға жету үшін дрондар мен лазерлік сканерлерді қолданып, білім жетілдіруге тиістіміз. Жандос – өндірістің қайнаған ортасында жүрсе де ұлттық өнерді серік еткен азамат. Ол жастайынан ұлттық аспабымыз домбырада күй шертіп, әуелете ән де шырқайды. 2012 жылы Қасым Аманжолов атындағы музыкалық мектепті халық аспаптар бөлімі бойынша тәмамдаған. Бірнеше мәрте домбырашылар арасында өткен облыстық, республикалық байқауларда жеңімпаз атанды.
Мамандығына машықтанған Жандос Кәденов адал еңбегінің арқасында табысқа жетіп келеді. Ол адал еңбек әрқашан адамды биікке шығарады деген қағидаға берік.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.