Сейсенбі, 11 Тамыз , 2026
  • Редакция
  • Газет тарихы
  • Жарнама
  • Баспасөзге жазылу
  • Байланыс
Cuprum News
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Экономика
    • Әлеумет
    • Қоғам
    • Өнер
    • Білім
    • Зерде
    • Спорт
  • «Қазақмыс»
    • Өндіріс өрісі
    • Өндіріс өрендері
    • Топжарған
    • «Қазақмыс» құрылымдарында
    • «Қазақмыс»: әлеуметтік серіктестік
    • «Қазақмыс»: қолдау
  • Кәсіподақ тынысы
  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
Cupum News
Басты бет Дүние-дүрмек

Мал өсірсең – қой өсір…

22.08.2025
- Жаңалықтар
0
Мал өсірсең – қой өсір…
85
БӨЛІСТІ
237
ҚАРАЛДЫ
Facebook арқылы бөлісуTwitter арқылы бөлісу

Қазақ халқының мыңдаған жылдық тарихында қой шаруашылығының алатын орны ерекше. Бабаларымыз үшін қой – жеп-ішетін ас, киер киім, баспанасына жабын, тіпті ауруға ем, тұрмысына қажетті түрлі бұйымның шикізаты болды. «Мал өсірсең – қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген халық даналығы тегін айтылмаған.

Бүгінгі таңда облысымызда қолға алынған «5000 бас қой өсіру» жобасы – сол байырғы кәсіпті жаңғыртып, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған ірі бастама. Жоба «Агроөнеркәсіптік кешен» бағдарламасы аясында «Ұлытау» ӘКК» АҚ-ның сенімді өкілдігімен жүзеге асып жатыр. Шарттары да шаруаларға тиімді, жылдық 2,5 пайызбен, 10 жылға дейінгі мерзімге, 5 млрд теңгеге дейін несие қарастырылған. Мұндай мүмкіндік ауылда жаңа жұмыс орындарын ашуға, сапалы отандық өніммен ішкі нарықты қамтуға, ең бастысы – ел экономикасын нығайтуға серпін бермек.

Қой шаруашылығы – қазақтың қазынасы

Қойдың қадірін халқымыз ертеден-ақ білген. «Әкесі қойшы ғой» деген сөздің өзі үлкен мәртебе саналатын. Қойшыға құрметпен қарау, «қой баққан шопанның түкірігі жерге түспейтін» деген сөз тіркестері – ата кәсіптің беделін айғақтайды. Кеңестік кезеңде «қой шаруашылығы – екінші тың» деген ұранмен мектеп түлектерін қырқымға жұмылдырып, жас буынды еңбекке баулыған дәстүрлі кезеңдер де тарихта қалды.

Қазақтың тұрмысында қойсыз күн жоқ еді. Оның еті ас, жүні киім, майы дәрі, терісі төсеніш болды. Әсіресе, құйрық майдың емдік қасиетін ата-әжелеріміз әлі күнге дейін аузынан тастамайды. Ал қойдың сүтінен дайындалатын ірімшіктер – әлемдік деңгейде сұранысқа ие.

Нарықтағы сұраныс пен мүмкіндіктер

Ресми дерекке сүйенсек, соңғы бес жылда облыстағы қой мен ешкі саны 75 мың бастан 138 мыңға жетті. Бұл – жақсы көрсеткіш. Дегенмен, мәселе тек санында емес, өнімді әртараптандыруда. Біз көбіне қойдың етін ғана пайдаланамыз, ал әлемдік нарықта жүні мен сүтінен жасалатын өнімдердің бағасы әлдеқайда жоғары. Мәселен, қой жүнінен жасалған киім табиғилығымен бағаланып, сән индустриясында ерекше сұранысқа ие. Ал қой сүтінен өндірілетін рокфор ірімшігінің килосы кейбір елдерде жүздеген еуроға бағаланады.

Қой – төзімді жануар. Ол жер таңдамайды, әлемде кездесетін 800 түрлі шөптің 560-ын қорек етеді. Бұл – жергілікті жайылымды тиімді пайдаланып, шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Оның үстіне, қой еті мен сүтінің құрамындағы ақуыз, кальций, темір секілді элементтер адам ағзасына пайдалы әрі көптеген аурудың алдын алуға сеп.

Ұлттық дәстүр мен шипалық қыры

Қазақ қоғамында қойға қатысты дәстүрлі ғұрыптар мол. Жас босанған әйелге «қалжа» арнап қой сою, баланы тіл-көзден қорғау үшін қара қойдың терісіне салу, жылан шаққанда жаңа сойылған қойдың етін жараға таңу, өкпесі ауыратын адамға қой өкпесімен ем жасау – барлығы да ұлттың өмір тәжірибесінен туындаған халықтық медицина үлгілері.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, әлі күнге дейін қойдың майы мен сорпасы әртүрлі дертке дауа ретінде қолданылып келеді. Қой майымен жасалатын халықтық ем-шаралар ғылыми тұрғыда да расталуда. Кешегі, елді бір тарының қауызына сыйдырған «Тәжтажал» пандемиясы кезінде қойдың құйрығы мен сорпасына елдің қалай зәру болғанын көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ. Ендеше өңірде қой малын өсіруді дендеп қолға алу керек.

Қойшы – бүгінгі заманның кәсіп иесі

Қазіргі таңда қойшы мамандығының қадірі бұрынғыдай көрінбесе де, оның еңбегіне қоғам тәуелді екені ақиқат. Қой бағу – бейнетті, бірақ зейнетті кәсіп. Төрт түліктің ішінде қойдың құны жыл сайын өсіп келеді. Әне бір жылдары қозы небәрі 500-1000 теңгеге сатылса, бүгінде оның бағасы 35-40 мың теңгеден кем емес. Демек, қой шаруашылығына бет бұру – ауыл тұрғындары үшін табысты кәсіпке айналары анық. Тек сол малды бағатын адамның жоқтығы өзекті болып тұр. Қазір Жаңаарқа өңірі болмаса Ұлытау ауданына қарасты ауылдардағы шару қожалықтарының қой бағып, құйрық жеп отырғандары некен саяқ. Оған себеп, жаңағы қойшының жоқтығы. Тіпті, аудан орталығында отырғандардың өзі қолдарындағы азын-аулақ қой-ешкілерін әлдеқашан сатып жіберіп, бырыңғай сиыр ұстап отыр. «Неге?» десеңіз, «қойдың кезегіне баратын бала жоқ, одан қалды, қой бағу өз алдына әбігері көп жұмыс», дегенді естисіз.

Түйін

Қазақтың мал шаруашылығында қойдың орны ерекше. Ол – атадан мирас болған асыл кәсіп, бүгінгі экономикалық өрлеудің де бір бағыты. Қой шаруашылығын дамыту – елдің азық-түлік қауіпсіздігін күшейтіп қана қоймай, ұлттық дәстүрді сақтаудың, ауылды өркендетудің кепілі. Сондықтан да «мал өсірсең – қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген қағидат ешқашан өзектілігін жоймайды. Сондықтан екі қолға бір күрек таппай, жұмыс іздегендер ата кәсіпке бет бұрса әбден болады. Білген адамға бейнетіне зейнеті татитын мал шаруашылығы – кәсіптің төресі.

Қазіргі кезде бақташылар мен қойшылардың еңбегі бағаланбайтыны рас, бірақ сол төрт түлікке барлық адамзат тәуелді ғой. Сондықтан, еті – уыз, сүті – бал, жүні – жібек, елтірісі алтын болып саналатын берекесі мол қой шаруашылығы ешқашан кенжелеп қалмауы керек.

Тақырыпты тұздықтау

Айдос Қуаныш, ауыл тұрғыны:

– Соңғы жылдары қой шаруашылығына қызығушылық артып келеді. Рас, қой өсіру – өзіндік қиындығы мол кәсіп. Бірақ, өнімі мол. Қазірдің өзінде табысы жаман емес. Өңірімізде қолға алынып жатқан «5000 бас қой өсіру» жобасы – ата кәсіптің қайта жандануына, ауылда жұмыс орнын ашып, жастарды елге тұрақтатуға септігін тигізеді деп ойлаймын

Тұрсын Дәулет, еңбек ардагері:

– Қой – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ең сенімді түлік. Оның еті, жүні, сүті – толыққанды өнім. Егер біз қой шаруашылығын кешенді түрде дамытсақ, ішкі нарықты қамтып қана қоймай, шетелге де сапалы өнім экспорттай аламыз. Бұл – Қазақстан үшін үлкен экономикалық мүмкіндік.

Ізтай Белгібайұлы

Бөлісу34Твитерге21

Көп қаралған

  • Қазақстан цифрландырудың жаңа деңгейіне қадам басуда

    Қазақстан цифрландырудың жаңа деңгейіне қадам басуда

    70 бөлісті
    Бөлісу 28 Твитерге 18
  • ЕСЕТ БАЙКЕН ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ МЕН АУЫЛДЫҚ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІҢ ЖАЙ-КҮЙІН БАҚЫЛАДЫ

    70 бөлісті
    Бөлісу 28 Твитерге 18
  • День Абая

    68 бөлісті
    Бөлісу 27 Твитерге 17
  • 🧹 ҚОҚЫС СІЗДІКІ БОЛМАСА ДА, ТАЗАЛЫҚ — СІЗДІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІҢІЗ!

    69 бөлісті
    Бөлісу 28 Твитерге 17
  • 🧹 МУСОР МОЖЕТ БЫТЬ НЕ ВАШИМ, НО ЧИСТОТА — ВАША ОТВЕТСТВЕННОСТЬ!

    68 бөлісті
    Бөлісу 27 Твитерге 17
  • Редакция
  • Газет тарихы
  • Жарнама
  • Баспасөзге жазылу
  • Байланыс

© 2025 © «Мысты өңір» газетінің редакциясы» ЖШС.

Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Экономика
    • Әлеумет
    • Қоғам
    • Өнер
    • Білім
    • Зерде
    • Спорт
  • «Қазақмыс»
    • Өндіріс өрісі
    • Өндіріс өрендері
    • Топжарған
    • «Қазақмыс» құрылымдарында
    • «Қазақмыс»: әлеуметтік серіктестік
    • «Қазақмыс»: қолдау
  • Кәсіподақ тынысы

© 2025 © «Мысты өңір» газетінің редакциясы» ЖШС.

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Please enter your username or email address to reset your password.

Кіру