Екі ғасыр тоғысқан екі мыңыншы жылдың басы. Жиырма жасында аудандық ішкі істер бөлімінде қатардағы милиционер болып еңбек жолын бастаған Жандос Рашитов жаңа қызметке – облыс орталығының қалалық қылмысты іздестіру бөлімінің бастығы лауазымына тағайындалды.
Күнделікті «ізін суытпай» ашылуға тиісті қылмыстардан бөлек соңғы төрт жыл көлемінде жабылмаған істер де баршылық екен. Соның бірі – із-түссіз жоғалған азамат Федор Соболевтің ісі.
Қалалық мәслихаттың депутаты, қаланың Құрметті азаматы Валентина Николаевна Соболева кен өндіретін корпорация автопаркінде алысқа жүк тасушы болып жұмыс істейтін жолдасының ғайыптан хабарошарсыз кеткені туралы милицияға хабарлаған екен. Жандос өндірістегі бұл іспен жете танысып шықты. Зайыбының тергеушіге берген түсінігінде Соболев күздің сол күні түнделетіп кезекті рейстен үйіне оралыпты. Валентина Соболева таңертең жұмысқа кетеді. Кешке келсе, күйеуі үйде жоқ. Ол ертеңіне де үйіне келмейді. Кенеттен жол сапарға шығып кетсе, әйеліне айтқан болар еді. Жұмысына хабарласып еді, олар Соболевтің демалыста екенін айтты. Содан бір апта өтті, жоқ. Екі емес, үш апта өтті… Жолдасынан еш хабар жоқ. Енді қайтіп жай тапсын. Валентина Николаевна қаланың барлық билік мекемелеріне дабыл қаққан хаттарын қарша боратты. Беделді азаматтың, халық өкілінің жан айқайынсыз-ақ жоғалған адамға іздеу салынған. Амал не, Соболев ізім-қайым жоқ.
Күз өтіп, қыс келген. Аязды күннің бірінде Соболевтің жансыз денесі табылды. Коттедж үйлер тізілген көшенің ауызсу құдығынан шықты. Мәйітке жасалған криминалистік сараптама оның тұншықтырып өлтірілгенін анықтады. Сосын жансыз дене қапшыққа оралып, оның үйінің жанындағы су құбырлары тартылған құдыққа тасталған екен.
Мәйіт табылды. Айлар өтіп жатыр, бірақ оны өлтіргендер тұзақталар емес. Енді Валентина Соболева облыс әкіміне, министрге, тіпті Президентке арыз жөнелтті. Шағымдарының мәнісі түсінікті: жергілікті пагон таққандар күйеуін таба алмай әуре болып еді, енді оны өлтірген қылмыскерлерді ұстау қолдарынан келер емес. Неткен бұл жүгенсіздік!
***
Подполковник Рашитовтың қолында бұдан төрт жыл бұрынғы қозғалған іс. Соболев Федордың мәйітіне жасалған сараптаманың қорытындысы бойынша жәбірленуші кісі қолынан жан тапсырған. Қылмысты жедел іздестіру қызметкерлерінің Валентина
Соболевадан алған алғашқы жауабында күйеуі сол күні үйіне таңғы сағат 06:30 шамасында келгендігін, алыс сапардан түнделетіп оралғандықтан ұйықтауға жатқанын, ал өзі жұмысына кеткенін айтқан екен. Содан үш күн өткеннен кейінгі берген екінші жауабында «– Қосағыңызға қастандық жасаған адам деп кімнен күдіктенесіз?» – деген сұраққа орай азамат Айдаров Асыланның атын атапты. «– Ол азаматтан күдіктену себебіңіз не?» – деген сұраққа орай Валентина Соболева: «– Сол түні Асылан Айдаров біздің үйге қонған болатын. Күйеуім келгенде ол тығылып қалды. Жолдасым ұйықтап жатқанда Айдаров қастандық жасаған шығар деп ойлаймын», – деп жауап беріпті.
Мынау ол күдіктінің жеке мәліметі: «Айдаров Асылан. Жасы 22-де. Жоғары білімді журналист. Облыстық «Алтын аймақ» газетінің тілшісі».
***
Валентина Николаевна тілші Асыланға алғаш жүздескеннен-ақ ынтызары ауды. Жас кездегі махаббатымен қайта қауышқандай әсерге бөленді. Өзі кезінде құлай сүйген жігітімен пәлен жылдан соң ойламаған жерден ұшыраса кеткендей күй кешті. Енді қалайша, өзі туралы мақала жазбақ болып арнайы іздеп келген журналист жігіт бір кездегі сүйгені Сапардан аумайды-ау аумайды. Сапар ол бір махаббат-қызық мол жылдарда политехникалық институттың студенті болатын. Екі жастың жұптық қатынастары екі-үш-ақ жылға созылды. Валентина медициналық училищені бітіретін жылы жүкті болып қалды. Мұны естіген Сапар бірден сырт айналды. Қыз жасанды түсік тастатты. Содан бала көтермей қалды…
Қаншалықты тағдыр тәлкегіне ұрынса да, қаншалықты реніш-өкпеге бой алдырса да, жүректегі нәзік сезім өшпейді екен. Валентина Николаевна сан жылдар өткеннен кейін соны ұғынды. Сапарға кескін-келбеті қатты ұқсаған Асыланды көріп, өзінен он бес жастай кіші жігітке бар аңсары ауғаны бар емес пе. Әйел затынан айла артылған ба, бозбаланы шыр айналдырған. Өзі көрікті де сымбатты, өзі қылықты да қалталы келіншектің алдында қай жігіт шыдап тұра алсын. Әрі Асыланның бір осалдығы «ащы суға» әуес екен. Не керек, Валентинаның ыстық құшағын аңсап тұратын болған…
Көпті көріп, көңілге түйгені ретінде Валентинаның бір нәрсеге көзі жеткен. Бұл жігіт атаулының болмысы бәріне тән. Олардың қай-қайсы да бастапқыда көрсеқызарлық танытқанда алдына жан салмайды да, біршама уақыттан соң ойына келгенді жүзеге асырып, ыстық-суығы басылған соң тайқып шыға келеді. Кейінгі кезде Асылан да бойын аулақ ұстай бастағандай. Араға айлар салып, хабарласпай кететін болып жүрген. Келіншек ол жігітті өзіне тәуелді етудің бір ғана жолы бар деп білді. Асыланнан айрылғысы келмегендіктен оны есірткіге әуестендіру әрекетіне кірісті. Соңғы екі-үш рет үйіне әкеліп, өзара оңаша болғанда ішімдікті баса құйып, артынан есірткімен ауыздандырып жіберді. Асылан қылықты келіншекке алданып, есірткіге тәуелді болып қалғанын өзі де білмей қалды. Оның «дәмін» бірер татып көргеннен кейін-ақ көңілдесіне көзін сүзіп, алақан жайып келетінді шығарды…
Алыс сапардан түнделетіп оралған күйеуіАсыланмен жатқанда үстінен түскен еді. Федор есірткіге елтіп, есі кіресілі-шығасылы жатқан жап-жас жігітте шаруасы болған жоқ. Ашық-шашық қалпы төсектен жанталаса тұрған әйеліне де жұдырығын ала жөнелмеді. Өзін қатты ашу қысып тұрса да сабыр сақтап, зайыбына жиіркене қараған. Сосын көзімен ата қарап тұрып:
– Өткен жолы айтқаным айтқан. Өз обалың өзіңе, мұндай нәпсіқұмарлығыңды соңғы рет көрген болайын, ал мұны тағы қайталасаң менен жақсылық күтпе деген болатынмын саған. Айтқаным айтқан. Бар былығыңды милицияға барып жайып саламын. Өз қолыммен ұстатып, сені соттатамын! – деді де теріс айналған. Сосын күйеуі қонақ бөлмедегі диванға шешінбестен жата қалып, ұйқыға кеткен.
Валентина Соболева тергеушілерге берген жауабында, әрине, күйеуінің өзіне айтқан бұл жанайқайын аузына алған жоқ.
Әйел көпе-көрнеу көңілдесі Асыланды отқа итермеледі. Ол сол жолы Федормен екеуі оңаша қалмаған еді. Әйтсе де есірткі дерті бойын билеп, есте сақтау қабілеті әлсіреген, не істеп, не қойғанын білмейтіндей дәрежеге жеткен жігіттің құлағына құйып баққан еді: «Екеуміз жатқанда менің күйеуім алыс сапардан келіп, үстімізден шықты. Сосын Федор екеуің ұстаса кеттіңдер. Бір мезетте сен орындықты алдың да оны қарақұстан ұрып құлаттың. Ауыр соққыдан ол бірден көз жұмды. Сосын сен жансыз денені сүйреп, далаға алып кеттің. Сөйтіп сен менің жарымды ұрып өлтірдің», – деп ойлап тапқан өтірігін жігітке қайта-қайта айтып, оны иландырған.
Әйел күйеуінің мәйіті құдықта жатқанын білмеді. Өзінің сыбайластарынан Федорды қалай жан тапсыртқандарын сұрап та үлгермеген еді…
Қылмыстық әрекетті Асыланға жауып, өзін күнәсіз пенде ретінде көрсету үшін махаббатын құрбан етуге дейін барған болатын.
Соболева Асыланның өзінен бір дозалық есірткі алу үшін тергеушілерге қызғаныштың бетімен күйеуін өлтіргендігін айтып, мойындауға баратынын білді.
***
Подполковник Рашитов алдымен Асыланмен танысып, әңгіме-дүкен құрды. Ол бұл кезде наркологиялық емдеу-сауықтыру орталығында жатыр еді. Ал Валентина Соболева қоныс аударып, өзі туып-өскен Петропавл қаласына көшіп кеткен болатын. Енді қайтсын, күйеуін өлтіргендер табылар емес. Сопа басы қалды, бұл жерде жүргенде жан серігінің жоқтығы жанына батып, есіне түсе беретін түрі бар. Валентина Николаевна таныстарына туған жеріне көшу себебін осылайша түсіндірді. Ал шындығында мұнысы із жасырудың амалы еді. Ауыр қылмысты жедел іздестіру тобы ол айтқан уәждерге қарамастан нашақор Айдаровты Соболевтің өліміне қатысы бар күдікті ретінде тани алмады. Ол оны өлтіргені туралы мойындағанмен, дәл қалай әрекет жасағанын көрсетіп берер түрі жоқ. Жалғыз өзі зор денелі Соболевтің жансыз денесін құдыққа апарып тастады деудің де қисыны келмейді. Подполковник Рашитов те осындай ұйғарымда болғанмен Асыланмен ашық-жарқын әңгімелесуінің мәнісі оның Валентина Соболеваны жете білетіндігіне байланысты еді.
Асылан ағынан жарылды. Арақ ішуге бой ұрып жүріп Валентинаның алдап-арбауына түсіп қалғанына қазір өкінетінін жасырмады. Ол келіншек өзіне білдіртпей есірткіге ауыздандырғанын енді ұғына бастағанын, енді ол дерттен айығуға бар күш-жігерін салып жатқанын шын жүректен ақтарды.
Асылан «өзі жоқтың, көзі жоқ» деп Соболеваның көшіп кеткендігіне орай оған қара күйе жаққандықтан емес әрі одан өзін күдікті ретінде көрсеткендігі үшін өш қайтару мақсатында емес, бар көргені мен білгенін тілге тиек ете отырып, шын мәнінде қандай жан екенін Рашитовке баяндап берді. Өз мамандығының үздігі ретінде түрлі марапаттар алғанын, зор беделге бөленіп, екі дүркін қалалық мәслихатқа сайланғанын, қаланың Құрметті азаматы атанғанын, қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, қалалық «Іскер әйелдер» қауымдастығының жетекшісі болғанын, сөйте жүріп не бүлдіргенін жайып салды. Ол ұзақ жыл фармацевтік кәсіпорынның тәжірибелі аппаратшысы бола жүріп, ауыр науқасты ұйықтатып, ауырғанын басатын құрғақ морфий дәрісін тұрақты ұрлап әкетіп отырады. Қаладағы бір дәріхананың иесі болғандықтан оның бір бөлмесінен әлдебір есірткі заттарын әзірлейтін жасырын зертхана ашады. Осылайша оның «кәсіпкерлік» қызметі өріс тауып, жолы болды. Мықты бизнесмен Соболева қаладағы мәртебе иесінің біріне айналды.
Подполковник Рашитов Асыланның ақтарыла айтқан әңгімесі арқылы депутат Соболеваның шын мәніндегі бетбейнесіне қаныға түсті. Қарамағындағы қылмысты жедел іздестіру инспекторларына Валентина Соболевамен жақын араласқан жандар туралы қосымша материалдар жинақтау бағытында тапсырма берді. Жұртшылық оны көңілді отырыстардың ұйытқысы, көпшіл, адамдармен тілтапқыш, ашық-жарқын жан ретінде біледі екен. Жоғары билік лауазымында отырғандар мен депутаттар да пенде. Олар да думанды кештерді, демалыс сәттерде көңіл көтергенді жақсы көреді. Валентина Николаевна шат-шадыман отырыстардың әрін келтіре білетіндігімен маңайына сыйлас адамдарды жинай білген екен. Кімдерге бағалы сыйлықтар беруді де сәтті пайдаланған. Осылайша мәртебе-беделі арта түскен.
Әрине, оның қолының ашық болуындағы кіріс көзі есірткі сату екенін ешкім білмеген. Өзгелер түгілі сол дәріхананың қызметкерлері де ештеңе сезбеген. Ешқайсы қожайынның жеке кабинетіне бас сұғып көрмепті. Оған тек басшының өзі және еден жуушы Айғаным ғана кіріп-шығады екен. Ендеше ол бөлменің құпиясын сол әйел ғана білмек.
Соболева дәріханасын өзге біреуге сатыпты. Ол адамға үйелмелі-сүйелмелі төрт баласы бар жесір Айғанымға қамқорлық көрсетіп, алып жүрген еңбекақысын сақтауды оның көзінше өтініпті. Рашитовтың жігіттері анықтағандай, жалғыз-
басты әйел Соболеваның көршісі екен. Тексеріп көрсе, еден жуушының жалақысы әлдеқайда қомақты болып шықты. Өзі кетерінде зертхананың еш белгісінен түк қалдырмаған екен. Бұл бөлменің құпиясы тек осы Айғанымға ғана мәлім.
Осы оймен подполковник Рашитов еден жуушыдан сыр тартуды өз қолына алды. Бірнеше мәрте оңаша әңгімелесу өз нәтижесін берді. Ақыры Айғаным бар жайтты жайып салды. Оған қомақты жалақы төлеуінің басты сыры мәлім болды. Валентина Соболеваның анда-санда қолына ұстататын орамын аса жасырын түрде Сергейге апарып беріп отырған. Дәріханасындағы жеке кабинетіне ешкімді кіргізбеуді қатаң тапсырған. Ал ондағы түрлі аспаптардың не мақсатта пайдаланатындығын, сондай-ақ Сергейге апарып беретін орамдар есірткі заттары екенін Айғаным білмеген.
Сыр суыртпақтай келгенде Айғаным Федор Соболевтің өліміне қатысты мән-жайларды білетін болып шықты.
Оқиға былай болған. Валентина Соболева сол күні түнделетіп Айғаным үйінің есігін қағады. Еден жуушы басшысының соншалықты қобалжулы күйін көріп шошып кетеді. Оның мәнісін сұрауға батылы бармайды. Өрт сөндіргендей жүзін көргенде аузына сөз түспей тосылып қалады. Мезгілсіз уақытта келген Валентина айтарын қысқа қайырады: «– Сергейді тездетіп маған ертіп әкел», – дейді.
Айғаным Сергейді ертіп алып, алып-ұшып жеткенде ол дәріханадағы жеке кабинетінде жалғыз өзі отырады. Алыс жолдан түнделетіп оралған күйеуінің ұйықтап жатқанын, тұрысымен милицияға барып, өздерін ұстататынын ашулана айтқанын қысқаша баяндады. «Саматты ертіп екеулеп, сол ұйықтап жатқан жерінде о дүниеге аттандырыңдар да, құқық қорғау органдарының назарына ілігіп, спорт дүкеніне ұрлыққа түсіңдер, – дейді Сергейге. – Мастықпен ұсақ-түйекті ұрлау үстінде қолға түскендерің үшін қанша айыппұл салса да, оны мен өтеймін».
Айғаным есік сыртында тұрса да мұның бәрін естиді…
***
Сергей мен Самат – Соболеваның сенімді «әріптестері». Көптен есірткі бизнесімен айналысып жүрген алыпсатарлар болып шықты. Осы екеуі арқылы өзі дайындаған есірткі заттарын өткізіп, байлыққа кенелген.
Екі сыбайласы Соболеваның айтқанын бұлжытпай орындайды. Соболевті әйелі берген кілтпен үйін ашып, ұйықтап жатқан жерінде тұншықтырып өлтіреді де, жансыз денені күзгі таңның қараңғылығында құдыққа апарып тастайды.
Содан екі-үш сағат өткен шамада екеуі араққа сылқия тойып алады да, спорт дүкеніне түседі. Екеуі ұрлық үстінде ұсталады. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынады. Бұл – аса ауыр қылмыс жасайтындардың із жасыру мақсатындағы үйреншікті айла-тәсілі. Бірақ бұл жолы олардың ойлағандары болмады. Сергей мен Саматтың Федор Соболевті қасақана өлтіргендігі сотқа дейінгі тергеу барысында бұлтартпас айғақтармен әшкереленді.
Бұл аса ауыр қылмысты ұйымдастырғаны және есірткі заттарын дайындап, өткізгеніне орай Валентина Соболеваның үстінен қыл-
мыстық іс қозғалды. Ізін жасыру үшін Петропавлға көшіп кеткен түр танытқан ол Омбы қаласынан ұсталды.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.