Қайран адал дос, қарымды әріптес Базкең, мына жалған дүниені тастап кете барғаныңа да бір жыл уақыт зымырап өте шығыпты-ау!.. Әрине, қытымыр дүние сол қалпы, өзгерген жоқ! Тек, сол қытымыр дүниені қолайына бұрып, жалғанды жалпағынан басқандарды өлеңіңмен де, сатираңмен де түйреп, адамзат баласын ізгілік биігіне сүйреген сенің орның ойсырап тұр!
Артыңда жандүниеңді ойдың тереңіне сүңгітіп, сұлулықтың биік шыңа шарықтататын «Қолымда менің қалам бар» атты жыр кітабыңның, өткірлігі өтірікпен күн көргендердің өңменінен өтетін сатиралық шығармаларыңның қалғаны; жақсы атыңның күн өткен сайын көмескіленбей, көптің көңіл төрінде жарқырап келе жатқаны; шаңырағыңның түтінін түзу ұшырған жан-жарыңның, жарық дүниедегі ғұмырыңды жалғаған адал ұрпағыңның барлығы – дәтке қуат.
Бүгін біз газетіміз арқылы өзіңнің поэзиялық, сатиралық шығармаларыңнан там-тұмдап ұсына отырып, өзің шексіз сүйген осынау жарық дүниедегі жүрегіңнің лүпілін,санаңның шарқ ұруын көпшілікке тағы бір мәрте тыңдатайық, сездірейік дедік. Көзің кетсе де, артыңда өлмес сөзің қалды ғой, Базке. Енді соның ғұмыры мәңгі болсын! Ал, рухың аппақ әлемде шарықтасын!
«Мысты өңірлік» әріптестерің.
Базарбай Әлеуханұлы
ӨМІР
Қайда бастап барасың,
Өмір – өлең?
Қабырғам жоқ қайғыға сөгілмеген.
Бәсеке боп жүргенде өңшең бауыр,
Жартысын жалмап бітірді…
Өлім деген.
Қайда ағызып барасың,
Өмір – өзен?
Көзкөргендер қалмады өзім деген.
Қайран болған әкелер көсем екен,
Бірін-бірі аялап көз ілмеген.
Қайда әкетіп барасың,
Өмір – жалған?
Көзі кетіп, көңілде сөзі қалған.
Қайран болған аналар қандай еді!
Бірі – асыл, бірі – алтын,
Бәрі – арман.
Қайда ертіп барасың,
Өмір – жұмбақ?
Терең көлдер тартылды, бұлақ құрғап.
Уәденің құны жоқ, кісілік аз,
Адалдардың көңілі құрақ-құрақ.
Қайда бастап келесің,
Өмір – думан?
Жалықпайтын жан едік той мен дудан.
Ақылдысы Алладан иман тілеп,
Ақымағы қол жиған құл мен қудан.
Қайда бастап келесің,
Өмір – сынақ?
Тірі өтеді өзіңнен тірлік сұрап.
Би өтеді шегі жоқ билік сұрап,
Бай өтеді байғұстан сыйлық сұрап.
Ұлы өтеді ұрпаққа бірлік сұрап.
Өмір осы, ағайын,
Өмір – сынақ…
ҰРТ немесе шарасыздық
Бұрынғыдай ұйқы менен, күлкі жоқ,
Өлең жазам өткендердің жұрты боп.
Кейде маған көрінеді дүние,
Саудагердің майға толған ұрты боп.
Бұрынғыдай ұйқыменен, күлкі жоқ,
Тірлік шіркін түрткілейді түрпі боп.
Кейде маған көрінеді дүние,
Қанішердің қанға толған ұрты боп.
Бірі майға, бірі қанға толған ұрт,
Адам үшін жарытпайды толғанып.
Жаназада жырқ-жырқ күліп біреуі,
Біреуі жүр той үстінде долданып.
Мағынасын түсінбеген жалғанның,
Адам деген аңғалы екен аңғалдың.
Енді ғана…
Жігіттердің ішінде,
Жүліктердің көп екенін аңғардым.
Мағынасын түсінбеген жалғанның,
Адам деген аңғалы екен аңғалдың.
Енді ғана…
Мал баққанның ішінде,
Маңғаздардың мол екенін аңғардым.
Енді-енді дүниені түсініп,
Көп ойланып, аз жазамын күрсініп.
Бір ұрты май,
Бір ұрты қан біреулер,
Сөз сөйлейді,
Жөн сілтейді құлшынып.
…Енді қайттім, екі жүзді тіршілік?
ҚОЛЫМДА МЕНІҢ ҚАЛАМ БАР
Қолымда менің қалам бар,
Құдайдың берген қуаты.
Қасиетін оның білген бе,
Қияли менен қуақы.
Қадірлі елдің ішінде,
Қария сөзі дуалы.
Қара ұлға қымбат әкеден,
Қанатты сөздер туады.
Қолымда менің қалам бар,
Құдайдың берген беделі.
Азамат елге алаңдар,
Жампозға жақсы ереді.
Нашарға мойын бұрмайтын,
Наданға дәулет керегі.
Намысты ұрпақ – ертеңің,
Іс тындырар келелі.
Қолымда менің қалам бар,
Құдайдың берген бақыты.
Қанағатшыл адамдар,
Қу жалғанның жақұты.
Ұлылардың болмайды,
Ұсақтыққа уақыты.
Ит пен құсқа бұйырар,
Арамның жиған ақығы.
Қолымда менің қалам бар,
Құдайдың берген байлығы.
Ақсүйек елін амандар,
Тарқата жүріп қайғыны.
Ақ сөйлей білген жігіттер,
Екі дүниеде әйгілі.
Иманды ата-ананың,
Жарқырап тұрар ай-күні.
Қолымда менің қалам бар,
Құдайдың берген айбыны.
Қазаққа адал қазақтар,
Алтыннан біткен айдыны.
Жауына жылқы айдатпас,
Қайырымды байдың айғыры.
Ер еліне ес болса,
Жиылар сұмның айылы.
Құдайдың берген қаламы,
Шындыққа салсаң тозбайды.
Азамат болар ұл мен қыз,
Алаштың қамын қозғайды.
Қамқаға бөлеп қойсаң да,
Ойшылдан тойшыл озбайды.
Ақсақалы жоқ ауылдың,
Ботасы тынбай боздайды.
Қаламын дұрыс ұстаған,
Құлдарды Құдай қолдайды…
… Қолымда менің қалам бар!
АУЫЛДЫҢ АДАМДАРЫ
Мен білетін ауылдың адамдары,
Бірлік үшін әмәндә алаңдады.
Туыс түгіл танысқа тілеулес боп,
Қуаныш пен қайғыдан қала алмады.
Мен білетін ауылдың ақсақалы,
Ел бірлігін береке, бақ санады.
Үлгі етіп сөйлейтін жарықтықтар,
Жақсы әке мен жаны жаз жақсы ананы.
Мен білетін ауылдың аналары,
Ел бірлігін ырыс деп бағалады.
Бір сиырдың сүтіне қараса да,
Сыйы жоқтың қолына қарамады.
Мен білетін ауылдың әкелері,
Бірін-бірі бауырдай мәпеледі.
Ойлары да олардың асқақ еді,
Бірлік сөздің басы еді, мәтелі еді.
Мен білетін ағалар алтын еді,
Жүрегінде жаңғырған халқы, елі.
Бірлігі нық бір үйдің қыздарындай,
Жеңгелердің жүздері жарқын еді.
Бірін-бірі жүретін жатырқанбай,
Адалдарым айтатын ақыл қандай.
Мен білетін ауылдың адамдары,
Алып-ұшқан жүрегі ақындардай.
Ауылдардан көргенде қираған үй,
Құлазиды көңілім – қимаған күй.
Ауыл көшсе қазақ та қалмайтындай,
Аһ ұрады иманға иланған ми.
Зәрем ұшып кетеді, жүрек қағып,
Мен байысам байғұспын, жүдеп халық.
Менің жаным қазақтың ауылында,
Қажып кетсем, қайрайтын тіреп қалып.
Халқымның да ақ таңы атады ертең,
Аман болсын, ауылдар – атамекен.
Мен білетін ауылдың қазағына,
Орнын көру үйінің азап екен.
Енді көр қазып жүр…
– Ақсақал, отбасыңызда неше адам бар? – дедік насыбайүккішке түсіп кете жаздап отырған Қарғабай шалға.
– Неше адам дейсіңдір ме? – деді ол жағалай түшкіріп. – Екі адам, ал ендеше.
– Прәпескеде бесеусіздер ғой! – қаладан келген уәкіл жерден жеті қоян тапқандай өзеуреді.
– Бесеу дейсіңдер ме, қайдағы? Тұңғышбайдың ит болғанына таяуда қырық жыл толады. Бір деп қойыңдар… Сөйтті де, есікке қарады.
Біз де жалт қарадық. Табалдырықта дүрдиіп қара төбет жатыр.
– Қаппай ма, өзі?!
– Қапқанда қандай. Кемпірдің жарты бетін жұлып алған жоқ па?!
– Жеп қойды ма, сонда?! – баж ете қалдық.
– Кемпірің тірі ме, ойбай? – деп уәкіл шырқырап жатыр. Әр дауыс алтынға бергісіз боп тұрғында, қайтсін-ай.
– Жә, бақырмаңдар, тірі, – деді шал. – Бұл итті адам қып тапқанбыз, кемпір екеуіміз. Қалжасына сойған қошқарым қандай еді. Төрт жігіт жабылып зорға жыққанбыз, шешеңнің… Енін Якуб көршіміз бір апта ауқат қылып еді.
– Төртеу екенсіздер, тәк, – деп уәкіл даусын көтеріп еді, қара төбет ырылдап жібергені. Әп-сәтте бейшарының тұрған жері шылқылдап кетті.
– Тұңғышбайдың түрі жаман екен, – деді уәкіл төбетке қарап.
Шал қақалып-шашалып түшкіріп қояды.
– Екінші қу – Пермебайды сәбет үкіметі құлағаннан бері көргем жоқ. Кемпір айтады «бүкіл ауданның туәлетін қазып бітірді. Енді көр қазып жүр», – деп. Табысы өзіне жететін сияқты. Әйтеуір рәкета құлаған сайын той жасайтын көрінеді. «Заказ көбейетін болды», – деп.
– Үшеу екенсіздер ғой, – дегенді уәкіл тұтығып зорға айтты.
– Түймебайдың прәпескесі түрмеде, қалай үшеу боламыз – деді шал шегі үзілердей түшкіріп. – Смотрящий деген қызмет істейді екен. Бастықтары жақсы көреді екен өзін, –дейді кемпір. Бізден сұрайтыны шай, көнің кепкір. Нағашылары шайқор еді. Бұл ит олардан да асып түсті.
Қарғабай шал насыбайүккішке түсіп барады.
– Солай шырақтарым, жарты бет кемпір екеуімізді тіркеп тарта беріңдер.
Уәкілден ыңғайсызданып барам.
– Әлгілерді қосып жаза салсақ, – деймін.
– Өздерің біліңдер, – деді шал астыңғы ерні дүрдиіп, елтіп қапты. – Біс цайлаған тепутат не волар тейсің…
… Шалдың айтқаны дөп келді. Біз сайлаған депутат төрт жыл мұрнын шұқығаннан басқа түк бітірмеді.
– Әлде, миы мұрнында ма екен?
Мұрнымды кесіп берейін
Ауылға протон құлағанын НТВ-дан естідік. Іле-шала құзғындай құжынап вертолёттер қонды. Ырс-ырс еткен нөкерлерін ертіп бір орыс түсті.
– Силиматсыздар, силиматсыздар, – деді сақауланып.
– Салам, салам, – деп шуылдап жатыр қалғандары.
– Қош келдіңіздер, қош келдіңіздер, – деп біз де жүгіріп жүрміз. Осыншама ұлық біздің Қарасорға келеді деп кім ойлаған.
Содан дөкей орыс сөйлеп берді. Шала-пұла ұққанымыз: үлкен бастықтар қатты абыржып жатқан көрінеді екен. Министрлердің бәрі аштық жариялапты. Жер бауырлап жылап жатқандары да бар екен. Сақау бастық уһілеп отырып қалды. Су беріп едік ішпеді.
– Ештеңе етпес, ештеңе етпес, бірінші рет емес қой, – деп шуылдады ауылдың әкімі, әкесі екеуі жарысып. Қырық жыл селсәбет болған Ауданбай деген қайынатасы сөз сұрады.
– Олла-біллә сол күні жел басқа жақтан болды. Әдеттегідей, тансәріде дәретке шығып едім, зәрім бетіме шашырап берекем кеткені. Демек, жел біздің Қарасорға қарай емес, Қараойға қарай соққан. Онда ылғи оралмандар тұрады.
Бір мес қарын орыс бастықтың құлағын жұтып қоя жаздап сүйреңдеп жатты. Келесі сөзді екі қолын бірдей шошаңдатып Ауданбай шалдың құдасы Қарғабай алды.
– Бізге ешқандай бәле төніп тұрған жоқ. Үйренген нәрсе ғой, өздерің уайымға салынып ауырып қалмаңдар. Бұл жерде Ресей де кінәлі емес. Бәрін бүлдірген жапон. Арт дегенге арта бере ме екен, иттің балдары. Норма деген бар емес пе?! Жермен жүретін зат емес, ауада ұшатын нәрсе құламағанда қайтеді? Біз үшін үкімет отставкаға кетіп жүрмесін!
Қаптаған нөкердің басы изеңдеп кетті.
– Ракимет, ракимет! – деп қояды.
Іле-шала көзәйнегі жарқырап сақау бастық сөйлеп берді.
– Бұрын-соңды болмаған зерттеу жүргізіледі. Нәтижесі жарияланады. Кінәлілер жазаланады!
– Оттай бер! – деген ащы айқай сөзді бөліп жіберді. Жалт қарасақ жиі-жиі жындыханаға жатып кеп жүретін Елібай. – Түк болмады, титтей иян жоқ демесеңдер, мұрнымды кесіп берейін!
Полицайлар сүйреп әкетпегенде мүлде ұят болатын еді.
– Кешіріңіздер, – деді сайлау сайын жылап жүріп депутаттыққа өтетін Ақаубай жылпос сөзге килігіп – «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген, значит «одно бараний говно испортить очень много ручного масла». Тағы кешірім сұрап көсіліп берді: – Жағдайымыз жаман емес. Протон құлаған сәттен емделудеміз. Әдеттегідей арақпен. Балдардың аузына шай қасықпен тамызамыз. Шал-кемпірге нанға шылап беріп отырмыз. Күніне үш-төрт мәрте, тамақтың алдында. Тістері жоқ қой… Протездері қирап біткен… Ел күндіз-түні ұйқыда.
– Дұрыс, дұрыс, – деп месқарындар ыржаңдап қалды.
Бір қызығы, сойған қойдың етінен қонақтар татып алмады. Бір кесе шай да ішпеді. Көздері бақырайып бізге қарады да отырды. Әлде, Елібай жындының сөзін көңілдеріне алып қалды ма екен?