30 тамыз – барша қазақстандық үшін жүрекке жақын, тағылымы терең мереке. Бұл күн – біздің тәуелсіздігіміздің берік іргетасы саналатын басты құжат – Конституцияның қабылданған күні. 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда қабылданған Ата Заң – халқымыздың болашаққа деген сенімін айқындап, жаңа ғасырдағы даму бағытымызды белгіледі.
Конституция – жай ғана заңдар жинағы емес, ол – ұлттық құндылықтарымыздың айнасы, азаматтық ар-ожданымыздың өлшемі, мемлекетіміздің темірқазығы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында халқымыздың алдында үлкен сұрақ тұрды: «Біз қандай мемлекет құрамыз? Қай бағытпен жүреміз?». Жауап айқын болды – әділетті, демократиялық, құқықтық мемлекет құру. Оның жолын, қағидатын бекіткен – бүгінгі Конституция.
Ата Заң қабылданған сәттен бері Қазақстан айқын даму жолына түсті. Бүгін біз саяси тұрақтылықты сақтап, экономикалық жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Мұның барлығы – Конституция бекіткен құндылықтар мен қағидаттардың жемісі.
Ата Заңның алғашқы баптарының өзінде: «Адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары – ең қымбат қазына» деп жазылған. Бұл жай сөз емес, мемлекеттің басты миссиясын айқындаған тарихи тұжырым. Заң үстемдігі дегеніміз – әрбір қазақстандықтың құқығы тең қорғалады деген сөз. Бүгінгі қоғамымызда әрбір адамның тағдырына, еркіндігіне құрметпен қарау – Конституциядан бастау алады.
Қазақстанның Конституциясы құқықтық мемлекеттің негізгі белгілерін бекітіп қана қоймай, ел дамуының стратегиялық бағытын да айқындады. Бүгінде біз мемлекетті басқарудың демократиялық институттары дамыған, азаматтардың құқығы мен еркіндігі сенімді қорғалатын қоғамда өмір сүріп отырмыз.
Сот билігінің негізгі арқауы да – Конституция. Онда соттың тәуелсіздігі, заң алдындағы теңдік, әділ сот төрелігі қағидаттары нақты бекітілген. Бұл қағидалар судья үшін тек қызметтік міндет емес, ар-намыстың ісі. Себебі әділетсіз сот болған жерде халық сенімі де, мемлекеттің тұғыры да шайқалады. Ал әділдік үстем болған елдің болашағы баянды. Сондықтан әрбір сот шешімі – азаматтың тағдырын ғана емес, тұтас қоғамның мемлекетке деген сенімін айқындайды.
Конституция күні – мереке ғана емес, жоғары жауапкершілікке үндейтін күн. Бұл – әр азаматқа заңға құрметпен қарауды, өз құқығы мен міндетін білу қажеттігін еске салады. Мемлекет қызметшісі үшін – адалдық пен әділдікке адал болу парызы, судья үшін – Конституцияны берік ұстанып, әділ шешім шығару міндеті, қоғам үшін – тұрақтылық пен бірлікке бастайтын темірқазық.
Құрметті жерлестер!
Ата Заңымыздың 30 жылдығы – өткенді саралап, болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік беретін тарихи белес. Бүгінгі мерейлі мерекеде сіздерге зор денсаулық, отбасылық амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін.
Қазақстан Республикасының Конституциясы – халқымызды біріктіретін, мемлекетімізді биік мақсаттарға жетелейтін берік тұғыр болып қала бермек.
Сәрсен Сағатов,
Ұлытау облыстық сотының судьясы.

