Алпыс жас – өмірдің бір асуы. Ахат сол өмір белесіне шығып отыр. Биік белеске шыққан адам өзі жүріп өткен ізіне көз салмақ. Қарап тұрсақ, сайрап жатқан із өмір-жолға айналып өріліпті. Ахат жолы үш тарам болып алпыстың асуынан асқан екен. Ол жолдар – мемлекет қызметіндегі еңбегі, журналистігі, ақындығы.
Басшылық баспалдақтары
Ақында жасырын сыр болмайды. Оның өлеңі – өмірі. Сөз басында Ахаттың «Сырым осы…» атты өлеңінің екі-ақ шумағын тілге тиек ете кетелік:
Өмір – айдын…
Бағдары бар кемемін,
(Жазмыш, шіркін, кім біледі не дерін?!)
Көкірегім – көркем ойлы сырсандық,
Ақтарылып әлі айта алмай келемін.
Ауысуда күнпарақтың беттері,
Қырыққа келдім…
Мезгіл қайда беттеді?!
Риза жандар әспеттеп-ақ жатады:
«Ұлытауына ұқсап туған…» , – деп мені.
Бұл – Ахаттың қырықтың қырқасына шыққанда жазған жыр жолдары. Ол 36 жасына дейін туған жері Ұлытау ауданында мемлекеттік қызметте болды. Орда бұзар отыз жасына дейін-ақ басшылық баспалдақтарынан өтті. Ұлытау ауданы әкімінің орынбасарлығына дейін көтерілді. Отыз үш жасқа толған 1998 жылы Қарсақбай кенті әкімі лауазымын атқарды.
Болашақ басшы Ахат Құрмансейітовтің жастық шағы кеңестік дәуірге тұспа-тұс келді. Ол кезде комсомол ұйымы коммунистік партияның резерві деп дәріптелетін. Қандай деңгейдегі басшылардың бәрі комсомол ұйымының жетекшісі қызметіне араласып, ұйымдастырушылық біліктілігін жетілдіріп, шыңдалатын.
Сол жолдан Ахат та өтті. Ол 1988 жылы Жезқазған педагогикалық институтын бітіріп келісімен кіндік кескен Шеңбер ауылындағы № 2 Қорғасын орта мектебінде бір оқу жылы ғана мұғалім болды. Еті тірі жас «Шеңбер» кеңшары комсомол комитетінің хатшылығына сайланады. Содан үш-төрт жыл көлемінде Ұлытау аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі, сол аудандық ұйымның бірінші хатшысы, аудандық жастар ісі, туризм және спорт комитетінің төрағасы лауазымдарын атқарады. Өзіне жүктелген қандай да тапсырманы ойдағыдай орындай білгенінің айғағы ғой, басшылық баспалдақтарымен көтеріле береді.
Төл мерекем екен ғой бүгінгі күн,
Комсомолдар күні еді бұрынғының.
Ай-хой, дәурен, жүргенбіз жалын атып,
Ортасында бізге іңкәр бұрымдының, – деп Ахаттың жыр жолдарын төгілте еске алатын жастық шағы ол кез.
“Мақалаға тұздық:
Баяғыда (баяғыда емей немене, ол уақыт өткен ғасырдың еншісіне кетті ғой) облыстық «Жезқазған туы» газетінде жүргенімізде көбіміз енді ғана жоғары оқу орнын бітіріп келген жастар едік. Бәріміз жұмысқа «әдеби қызметкер» болып қабылдандық. Айтайын дегенім, мақаламыздың астына «Жезқазған туы» газетінің арнаулы тілшісі» деп жазғанды мақтан тұтатынбыз. Тек жастар ғана емес, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары деген атақ-дәрежесі бар әріптес ағаларымыз да мақалаларын «Жезқазған туының» арнаулы тілшісі» деп жариялаушы еді. Олар оқырман үшін қатардағы тілші атана жүріп, облыстық газеттің алғашқы оншақты жылы көлемінде-ақ оны республикадағы алдыңғы қатарлы басылым дәрежесіне көтере білген еді.
Сол айтпақшы, мемлекет қызметкерлерінің бәрінің жұмысы жауапты. Әрқайсысының еңбегінің елеулігі сол, олар тұрғындар мүддесін көздейді. Мемлекет дегеніміздің өзі – халық. Ал, мемлекет қызметкерлері сол дүйім қауымның тұрмыс-тіршілігі, әл-ауқаты, рухани болмысы ойдағыдай болуы жолында аса жауапты істі атқара білуде. Осы мемлекеттік қызметкердің бірі – Ахат Құрмансейітов. Оның мемлекеттік қызметтегі өтілін 1993 – 1998 жылдар аралығындағы – Ұлытау аудандық білім бөлімінің меңгерушісі, 1998 – 2000 жылдар аралығында – осы бөлім меңгерушісінің орынбасары, сондай-ақ, 2006 – 2014 жылдар аралығындағы Қаражал қаласы әкімінің сала мәселелері жөніндегі орынбасары қызметтері толықтыра түспек.
А. Құрмансейітов бүгінде де мемлекет қызметкерлерінің сапында. 2022 жылы сайлаушылар сеніміне бөленіп, Ұлытау аудандық мәслихатының депутаты болып сайланған халық қалаулысы – 2023 жылдың 31 наурызынан бері Ұлытау аудандық мәслихатының төрағасы. Міне, бұл – Ахат Құрмансейітовтің басшылық баспалдақтары.
Ақпарат айдынында
Оның баспасөз саласындағы алғашқы қадамы облыстық «Жезқазған туы» – «Сарыарқа» басылымының заңды жалғасы Жезқазған қалалық «Сарыарқа» газетінде басталды. Бастапқы комсомол ұйымында болсын, кейінгі бір үзіліссіз атқарған әкімшілік қызметте болсын, көбіне тек бірінші басшының орынтағында отырып, биік мансаптың тәтті дәмін татып көрген оның бұлайша «кәсібін» ауыстыруын жұрт неге жорын білмей қалған. Ал, көпті көрген Ахат Құрмансейітов бұл таңдауды саналы түрде жасаған еді. Бұл екі ғасырдың тоғысындағы 2000 жыл болатын.
Иә, ол газетке жүрек қалауымен келген еді. Кейінірек бірде өзі айтқандай, «Журналистер жүрген жер – қызығы мен шыжығы мол, думаны түгесілмес орта. Олар – «сен кішісің, мен үлкен» деген ұғымнан алшақ ұстанымдағы жандар». Сол журналистер ауылына келді де, жаңа ортаға тез сіңісіп кетті. Өйткені, газет жұмысы жанына жақын еді. Жасынан поэзияға үйірсек оны көркем сөз терген орта өзіне магнитше тартқан болатын.
Өзің сүйген іспен айналысқан қандай жақсы. Ахат газет жұмысымен бар жан-тәнімен беріле айналысты. Соның арқасында сый-құрметке бөленді. Бастапқыда қатардағы тілші болып жұмысқа қабылданған ол үш жылдан соң бас редактордың орынбасары – жауапты хатшы қызметіне көтерілді. Араға бір жыл салып Қаражал қалалық «Қазыналы өңір» газетінің бас редакторлығына тағайындалды.
Сөз ретінде жоғарыда айтып кеткеніміздей, Қаражал қаласында атқарған сегіз жыл мемлекеттік қызметінен соң баспасөзге қайта айналып келді. Сөйтіп Ахат Құрмансейітов енді Қарағанды облыстық газетінің редакциясында 2014 жылдан 2020 жылға дейін жұмыс істеді. Алғашында газеттің жауапты хатшысы болды. Сосын Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев қалалары мен Жаңаарқа, Ұлытау аудандары бойынша меншікті тілшісі болса, 2018 жылдың қыркүйегінен бастап екі жыл бас редактордың орынбасары қызметін атқарды.
“Мақалаға тұздық:
«… Әкім болғаны да қызық. Кабинетінен таба алмайсың. Қарашыл аттай, үнемі халық ортасында жүргені. Ұлытау секілді ұлы топырақтың төлі ғой. Жанарындағы ұшқын, аузындағы дуалы сөз оны Қаражал-Жәйрем өңіріндегі үлкенкішінің ортасында абыройға бөледі.
… Ол – қайраткер. Ахаң араласқан мәселенің күрмеуі тарқамай қалған кезі жоқ. Ісі мен сөзі қабысқан жанды халық жат көруші ме еді, тәйірі?! Ол халқының алақанында жүр. Егер, бет бұрып әдебиетке кетіп қалса, мемлекеттік қызмет те Алтын сақасын жоғалтып алар еді. Өйткені менің ағам Ахат – қоғамның қолына барынша қолайлы келетін сақа. Нысанаға дөп тиетін – Алтын сақа».
Ерсін МҰСАБЕКОВ.
Қашанда газет бұқаралық ақпарат құралдары ішінде айрықша орын алатыны белгілі. Ол – қоғам, мемлекет өмірінің жаршысы. Ол – сол өңірдің айнасы. Ол – билік пен бұқара арасындағы байланыстың дәнекері. Ол – еңбек пен руханияттың насихатшысы. Баспасөздің өмірімізде атқаратын қызметін тізбелей берсек – бірқыдыру әңгіме.
Біршама журналистік тәжірибе жинақтаған Ахат Құрмансейітов бүгінгі өмір талғамына үндесе отырып, үлкен істі қолға ала білгеніне бірер жыл болып қалды. Ол – Ұлытау аудандық «Ұлытау» газеті редакциясы» ЖШС және Қаражал қалалық «Қазыналы өңір» газетінің редакциясы» ЖШС құрылтайшысы. Оның осы аталған басылымдардың көтерер тақырыптарының кеңеюуіне, газет үнінің пәрменді болуына, оқырмандарының рухани серігіне айналуына лайықты қозғау салып отырғанына бүгін де куәгер болудамыз.
А. Құрмансейітов тек осы аты аталған ақпарат құралдарының ғана емес, жалпы Ұлытау облысының журналистика саласын дамытуға ұйытқы болады деген сенім ұялатып отыр. Ол жақында Қазақстан Республикасы Журналистер одағы Ұлытау облысы бойынша филиалының төрағасы болып сайланды. Бүгінгі баспасөз айдынында өзіндік қолтаңбасымен танылған, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының лауреаты, журналист Ахат Құрмансейтовтің игерер шығармашылық асуы әлі алда деп білеміз.
Өлең өлкесінде
Ұлытаудың арқалы ақыны Мұқаш Сейтқазиновтың Ахатқа арнаған мына өлеңі ол туралы біраз сырдың бетін ақтарады. Содан бірер шумақ:
Өмір – керуен, ішіндеміз сол көштің,
Қайта оралып бастан өткен келмес күн.
Мен өлең ғып жүрген осы ауылда
Талбесікте тербетіліп сен де өстің.
Аға-іні боп сол ауылда жүрмеп пе ек,
Бір – мұғалім, екеумізде бір – мектеп.
Жастайыңнан сен де өлеңге ғашық боп,
Жазатынсың мен секілді жырды ептеп.
Мен де – қалам, сен де – қалам ұстадың,
Екеумізде бір мақсат пен ұстаным.
Ақындығың осал емес ешкімнен,
Илеп жүрміз бір терінің пұшпағын.
Иә, осында жазылғандай, жастайынан өлеңге ғашық болған ақын туралы оның жыр жолдары да сыр ұқтырмақ.
Өлең – өзен, келемін жағалаумен,
Тынымсыз арпалысып жыр-алаумен.
Ақ ордаға екпіндеп кіргенім жоқ,
Жабығынан жүрмін тек сығалаумен.
Келешек көз алдымда, бәлкім, елес,
Сан жылдар жазамын мен, бір күн емес.
Жанымдағы жанған от рас болса,
Жанбай жатып сөнуі мүмкін емес! – деп жазыпты Ахат 1986 жылы жазған бір өлеңінде.
Тағдыр, маған өлең бе сыйлағаның,
Шабыт қосып жаныма қилы амалың?
Сонда да мен кей кезде келелі ойды
Түсіре алмай дәптерге қиналамын.
Абай, Сәкен, Махамбет – сыйынарым,
Өмір, сенің рахмет сыйыңа мың!
Ұлыларым, болмаса табынарым –
Мен қалайша өлең боп құйыламын?! – деп тебіренеді ақын.
Поэзия!..
Неткен ғажап көлемді ең?!
Сезіміме, сосын саған сенем мен.
Өкініштің өртін басып өзіңмен,
Шаттанғанда шашу шаштым өлеңмен.
Мен кезінде сенен қолды текке үздім,
Текке үздім де, бекер күндер өткіздім.
Қайыра бүршік жарған сезім оралтып,
Сүйіктіме жан сырымды жеткіздім.
… Серік болдың Сәкен, Мағжан, Қасымға,
Мұң тұрғанда Мұқағали басында.
Жүректердің жұлдызы боп жанатын,
Поэзия!..
Құдіретсің расында!.. – деп өлең құдіретіне табынады ол.
“Мақалаға тұздық:
«Ахатпен алғаш жүздескенде мен оның арқасына өлең қонған Алаштың бір баласы екенін байқап қалып едім. Оның қазақ жырына деген көзсіз махаббаты көңілді көншіткен.
Әкім бола жүріп, ақын болудың өзіне тән азап-мехнаты болады. Мұндай тұлғалар қазақта сирек.
Ақындық пен әкімдік – бір-біріне кереғар екі дүние. Кәкімбек көкемдей екеуін қатар ұстау – азаматтың азаматының ғана маңдайына жазылады. Бұл да бір Тәңірінің сыны. Сол сыннан Ахат қалай өтеді? Мәселе осында.
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ.
Ақын Ахат Құрмансейітовтің бір топ өлеңдері «Сарыарқа кітапханасы» сериясымен 2014 жылы жарық көрген кітапқа енген. Сол жыр шумақтарын оқи отырып оның ақындығына тәнті боласың. Осы орайда және бір көңілге түйгеніміз, әдетте сезімтал Жүректі арқау етпеген ақын жоқ қой, ал Ахат Көңіл құдіретін жиі тілге тиек етеді екен. «Шаттанамын, өйткені өзің барсың, Көңіл – көктем, сен барда өмірім – жаз», – десе, енді бірде: «Өкпелімін мен саған әлде соған – Өрекпіген көңілім басылмай жүр», – дейді. «Тағдыр бізді білмеді ғой аяуды, Аңсап сені көңіліміз қаяулы», – десе, және бірде: «Өнерге өлең болып жалғасып ем, Ақ көңіл, пәк тілекпен алға басып ем», – дейді. «Көңіл іңкәрі – Баяндай болсаң, Бақытты ғұмыр кешермін», – десе тағы да: «Куәгері болып келдің жаныма, Көңіліме көктем енген – гүл шақтың», – дейді. «Қайран көңіл, арман-сырлы дәптерсің, Басымызға баяны мол бақ берсін!», – десе, және жазады: «Көңіл – көк теңіз толқыны тулар, Қол жетпей саған басылам қалай?!» – деп.
Оның өлеңдерінің осы қос жолдарын оқи отырып, есіңе «Бастағы көз жұмылады, көңіл көзі жұмылмайды», –деген Шәкәрімнің, «Көңілдегі көрікті ойдың ауыздан шыққанда өңі қашады», – деген Абайдың, «Көз көрмегенді көңіл көреді», – деген Ғабиттің ұтқыр сөздері ойға оралады. «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?!» – дер еді ғой халық даналығы. Солай айтқандай-ақ, Ахаттың бар ғұмыры, болмыс-бітімі, ой ұшқырлығы көңілі жүйрік азамат екенін паш етіп тұр.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.