Қалалық емхана – кеншілер шаhарындағы маңдайалды медициналық мекеме. Ол алғашқы медициналық-санитарлық көмек және консультативтік-диагностикалық қызмет көрсетеді. Онда 362 адам жұмыс істейді.

Көңілден шығатын сапалы медициналық қызмет көрсетуге жұмылған, ұйымшылдығы жарасқан ұжымға білікті басшы Елдос МАХАНБЕТЧИН жетекшілік жасайды.
– Біздің бір ауысымда 500 адамға қызмет көрсетуге мүмкіндігіміз бар, – деп бастады әңгімесін емхана директоры Елдос Жанұзақұлы. – 2 отбасылық денсаулық орталығы, 1 педиатриялық бөлімше, алдын алу және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету бөлімі, консультативтік-диагностикалық бөлімше, күндізгі стационар және 4-санаттағы шұғыл шақыруларға қызмет көрсететін жедел жәрдем бөлімшесі жұмыс істейді. 30 орындық күндізгі стационар, әлеуметтік дәріхана бар, одан 1700-ден астам әртүрлі дәрі-дәрмек табылады.
Емханадағы 14 денсаулық мектебінде мінез-құлықтық қауіпқатер факторларының алдын алудың, салауатты өмір салтын қалыптастырудың дұрыс дағдылары үйретіледі. Олардан ай сайын 260-270 адам оқудан өтеді. Денсаулық мектептері оргтехникамен (теледидар, компьютер) және әртүрлі ақпараттық-білім беру материалдарымен (плакат, буклет, кітапша, парақша және т.б.) жабдықталған.
Медициналық қызметкерлер үздіксіз негізде туыларалды күтім, балалық шақтағы ауруларды интеграциялық басқару, онкоқырағылық, туберкулезге қарсы іс-шаралар, акушерлік, кардиология және неврология саласындағы шұғыл жағдайлар және басқа да тақырыптар бойынша оқытудан өтеді. Мектептерде 2 тіс емдеу кабинеті мен емханада бір тіс емдеу кабинетін ашу үшін лицензия алынды. Стоматолог-терапевт, хирург, 2 тіс дәрігері және 2 медбике қызмет көрсетеді. Қызметтер мемлекеттік кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде ұсынылады.
– Ілгеріде «Кадр бәрін шешеді» деп шуылдаттық. Сөйтсек, кезінде ұранға айналған сол сөздің астарында шымырлаған шындық жатыр екен. Оған қазір де куә болып отырмыз. Сіздің ойыңыз қалай?
– Бұл пікіріңізге толық қосыламын. Қалалық емханада медицинаға бар саналы ғұмырын арнап, өз ісінің шынайы шебері атанған ардагер дәрігерлер, бүгінде кейінгі буынға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген майталман мамандар мен келешегінен үлкен үміт күттіретін жастар еңбек етеді. Педиатрия орталығы меңгерушісі, «Еңбек ардагері» медалінің иегері Дина Әбікенова, педиатр-дәрігер, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» медалімен марапатталған Алма Әлмағанбетова, педиатр-дәрігер, «Үздік педиатр» аталымын алған Ораза Жақыпова, профпатолог Қалдыкүл Табанова, ревматолог Руфина Рафиковна Абузярова – мекеме мақтанышы.
Емхананың қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан ардагер дәрігерлер – жас мамандар үшін үлкен мектеп. Олар бірнеше буынды тәрбиелеп, тәжірибесімен бөлісіп, медицина саласының сапасын арттыруға зор еңбек сіңірді. Былтыр дәрігер-сарапшы Аружан Маратова, оташы Асқар Шерімов, педиатр Еңлік Тлеукабылова, ревматолог Гаухар Әлімбетова сияқты жас мамандар қатарымызға қосылды. Олар тәжірибелі дәрігерлердің жетекшілігімен бүгінде жұмысқа бейімделіп, білімін жетілдіруде.
51 маманның – жоғары, 229 маманның орта арнаулы медициналық білімі бар. Жалпы медицина мамандарымен қамтамасыз етуге қатысты бірқатар жұмыс жүйелі атқарылып келеді. Соның нәтижесінде былтыр 3 жалпы тәжірибе дәрігері, 1 ревматолог, 1 педиатр, 1 терапевт, 1 дәрігер-сарапшы қызметке қабылданды. Биыл 1 оташы мен 1 дәрігер-сарапшы келді. Соған қарамастан, маман тапшылығы әлі де бар. Қазір 3 педиатр, 3 жалпы тәжірибе дәрігері, 1 отышы, 1 невролог, 1 офтальмолог, 1 УДЗ дәрігері, 1 травматолог, 1 функционалдық диагностика дәрігері, 2 акушер-гинеколог, 1 кардиолог жетіспейді.
– Маман тапшылығынан басқа тағы қандай проблема бар?
– Жалпы шешімін күткен мынандай мәселелер бар: емхана ғимараты мен оның маңайындағы нысандарға күрделі жөндеу жасау, бейінді мамандардың жетіспеушілігі, келген мамандарды қызметтік пәтермен қамтамасыз ету, жалпы тәжірибелік дәрігерлерді қолдау мақсатындағы қаржылай көмектің жоқтығы. Әрине, қол қусырып қарап отырған жоқпыз, шама-шарқымызға қарай шаруа жасаудамыз.
Сәтін салса, күрделі жөндеу биыл қыркүйекте басталады деп отырмыз. Ол облыстық денсаулық сақтау басқармасының қаражаты есебінен жүргізіледі. Бейінді мамандардың тапшылығын жою үшін, жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстар жүргізілуде, тиісті шаралар қабылдануда. Келген мамандарды қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты қала әкімдігімен келіссөз жүргізіп, соның нәтижесінде 5 қызметтік пәтер бөлу жоспарланып отыр. Ал, қазір жалпы тәжірибелік дәрігерлерге 1 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы бөлу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл бағытта тиісті қаржы көзін анықтау және қажетті құжат дайындау жұмысы қолға алынған.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында медицина саласындағы түйткілге тоқталып, әсіресе, медициналық құжатты қағазсыз жүргізу қажеттігін тапсырды. Денсаулық сақтау саласында цифрландыру үдерісін жеделдетіп, тиімділігін арттырған жөн екенін атап өтті. Бұл тұрғыда не айтасыз?
– Бұдан жеті жылдай бұрын емхана ішінде пациенттердің оңай бағытталуын жақсарту мақсатында навигация жүйесі орнатылды. Онда 2 монитор бар, оларда бөлімдер бойынша дәрігерлердің жұмыс кестесі және қабылдауға жазылудың қолжетімділігі (жазылуға бос орындардың болуы) нақты уақыт режимінде көрсетіледі.
Навигация жүйесіне қабылдау бөлмелерінің QR-кодтары енгізілген, оның көмегімен осы кабинетте жұмыс істейтін дәрігердің аты-жөнін, қабылдау кестесін, бос орындардың бар-жоғын нақтылап, қабылдауға жазылуға болады. Материалдық-техникалық базаны одан әрі жақсарту және медициналық қызметтерді кеңейту мақсатында емхананың кардиология кабинетінің жабдықталуы толық аяқталды (компьютерлік электрокардиограф «Поли спектр-8/ЕХ», Холтер аппараты, ЭКГ аппараты, дефибриллятор).
Соңғы уақытта емхананы «Үздік тәжірибелер орталығына» айналдыру бағытында қарқынды жұмыс атқарылуда. Осы орайда, «Кезексіз емхана» бағдарламасы аясында емханада электронды тіркеу жүйесі енгізілген. Тұрғындарды қабылдау «DamuMed» мобильді қосымшасын қолданып, алдын ала жазылу арқылы жүргізіледі. Емханада пациенттер үшін қажетті және өзекті ақпаратты көрсететін электронды ақпараттық табло орнатылған. Онда пациенттерді қолдау және ішкі бақылау қызметінің жұмысы туралы ақпарат ұсынылған.
– Әңгімеңізге көп рахмет!
Әңгімелескен Әлібек ӘБДІРАШ.
СӘТБАЕВ.