«Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Нұрахмет Нүриев «Ulytau Industrial Company» директоры Ерасыл Байыспен офтейк-келісімшартқа қол қойды. Компания «Қазақмыс» компаниялар Тобының қызметкерлері үшін жеке қорғаныс құралдарын (ЖҚҚ) өндіретін болады.
Респиратор жеткізу бойынша ынтымақтастық басталып кетті. 2,2 млрд теңгеге 14,5 млн дана сатып алу жоспарланды. Бұл «Қазақмыстың» барлық өндірістік нысандарының қажеттілігін өтейді.
Отандық ЖҚҚ сапасы, техникалық жағдайы, таңбалануы мен қаптамасы халықаралық стандартқа сай. Логистиканы қысқарту және жеке қорғаныс құралдарының жедел жеткізілуін қамтамасыз ету үшін «Ulytau Industrial Company» Жезқазғандағы цех құрылысын аяқтап жатыр. Цех тәулігіне 30 мың респиратор шығарып 40 адамды жұмыспен қамтиды.
«Қазақмыс» офтейк-келісімшарт көлемін жылына 20 млрд теңгеге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда отандық тауарды өндірушілермен келісім жасалды. Сонымен қатар Green Chemicals Kazakhstan компаниясынан құны 1,7 млрд теңгені құрайтын технологиялық химия сатып алу бойынша келісімшарт әзірленуде.
Компания ел Президентінің отандық өндірушілермен офтейк-келісімшарт жасау үлесін 10 % -ға дейін ұлғайту бастамасын осылай қолдап отыр.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС баспасөз қызметі.