Бұдан жеті жыл бұрын АҚШ-тағы Корнелль университеті ғалымдары жаһандық жылымық жалғаса берсе осы ғасырдың екінші жартысындағы алғашқы онжылдықта 1,4 миллиард адам еріксіз қоныс аударатынын мәлімдеді. Келесі ғасырға қарай бұл көрсеткіш 2 миллиардқа жетуі мүмкін.
БҰҰ-ның осы ғасырдың соңында «жаһандағы адам саны 11 миллиард болуы ықтыимал» деген болжамын безбендесек, бұл – бүкіл адамзаттың шамамен бестен бір бөлігіне жуығы «климаттық кезбе» қатарына қосылады деген сөз.
2017 жылы қарашада БҰҰ өткізген конференциияда (Бонн) мынандай дерек айтылды: климаттың өзгеріп, күрделенуінен әлемде жыл сайын 25 миллион адам туып-өскен жерін тастап, босып кетеді. Бұл – қарулы қақтығыс пен соғыс, сондай-ақ, саяси қудалау салдарынан елден кетіп жататын адам санынан 3 есе көп.
Жаһандық жылымықтың зардабы жайлы жорамал жеткілікті: ғаламшарды ғаламат топансу қаптайтын талматұс таяп қалды; орталық белдеуді сұрапыл нөсер, долы дауыл, құтырынған құйын басып өтеді; суық аймақтың қатал қысы көгілдір көктемге ауысады; «мәңгі жаз» еліне қалың қар түседі; шөл даланы толассыз жаңбыр жуады; ылғалды аймақ құрғақшылық құрсауында қалады… Қысқасы, адамзат басына алапат апат төніп, ақырзаман жақындап қалғандай жайсыз жағдай.
Алайда, осы климаттық өзгерістің бәрі, беделді болжаушылар пайымдауынша, жақындап келе жатқан «жылу соққысы» деп аталатын ғаламшарлық бақытсыздықтың бастапқы белгісі екен. Ал, әлемдік мұхиттың топансу қаптайтындай апатты деңгейге дейін көтерілу қисынына қатысты қазір қияли көзқарас қана емес, барынша ғылыми негізделген бірқатар болжам да бар.
Ғалам ғалымдары «бу әсері» деп айдар таққан ауа-райындағы ауытқудың басты себебі атмосфераның төменгі қабатында көмір қышқыл газының жойдасыз көбеюінде көрінеді. Маман біткеннің мәлімдеуінше, соның салдарынан ХХІ ғасыр ортасында ауаның орташа температурасы ғаламшарда 3-5 градус көтерілуге тиіс. Сосын мұздақ жедел ери бастайды, тропикалық циклон күшейеді, өзен арнасынан асып тасиды, әлемдік мұхит деңгейі көтеріледі, теңіздің тулаған тау-тау толқыны жағалаудағы жазыққа жөңкіліп, орасан аумақты алып жатқан ойпат су астында қалады.
Бүгінде ғаламда атмосфера тепе-теңдігін сақтап тұрған екі ірі мұздақ бар. Оның біреуі – мұзының қалыңдығы төрт шақырымға жететін Антарктика, екіншісі – мұзының қалыңдығы екі шақырымнан асатын Греландия. Солтүстік Мұзды мұхитта қалыңдығы төрт метрлік көпжылдық мұз қабаты жатыр. Сондай-ақ, биік таудың мәңгі мұз құрсанған шыңы тағы бар. Қысқасы, жер бетінде күрт еритін қауіпті мұздақ жеткілікті.
Кейбір аймақты керісінше қатты құрғақшылық құрсауына алады. Әсіресе, азуын айға білеген АҚШ айрықша алаңдаулы. Өйткені, кейінгі кезде бұл құрылық тарихында бұрын-соңды кездеспеген құрғақшылық болыпты. Қоршаған ортаны қорғау агенттігінің болжам дерегіне қарағанда, келешекте жерасты су ресурсының сарқылуы, топырақ қабатының құрғауы, тоңазытқыш пен желдеткішке жұмсалатын электр қуаты көлемінің күрт өсуі, өнім түсімінің төмендеуі, ауру-сырқау мен өлім-жітімнің көбеюі мүмкін.
Климаттық құбылысты алдын-ала анықтау – аса күрделі шаруа. Кейде ауа-райына қатысты ай түгіл апталық болжамның өзі айтқаннан алшақ түсіп жатқанда, келешек туралы көсемсіп, көсіле сөйлеу – таза күпірлік. Жасалған болжам мен болған нақты құбылыстың арасындағы сәйкессіздікке қарағанда, мамандар не ауа-райының өте маңызды кейбір параметрін ескермейді немесе жасалған болжамға оқыстан әсер ететін тылсым табиғаттың біз түсінбейтін бір құдіретті күші бар.
Атмосфераға тек көмір қышқыл ғана емес, көптеген техногендік және жеңіл газ бен шаң-тозаң жайылады. Олардың ауа-райына тигізетін әсері де алуан түрлі, бірақ ешкім нақты басып айтқан емес. Ауа-райындағы ауытқуға басқасынан гөрі жердің жоғарғы қабатындағы өзгеріс барынша күшті әсер етуі мүмкін. Алайда, ауа-райын алдын-ала болжағанда нақ осы фактор ескеріле бермейтін сияқты.
Кейінгі кезде атом және жылу-электр станциясын салатындар арасында бәсекелестік барынша күшейіп тұр. Атомшылар көмір қышқылын «көзір» қылып ұстайды. Жылу жүйесін жақтаушылар Чернобыль апатының зардабын айтып, зарлайды. Екеуінің де көксегені көмейінен көрініп тұр: бәрі бәсекелесінен басым түсу, сайып келгенде, бас пайданың қамы.
Ал, атомшылар мен жылу жүйесін жақтаушылар бір-бірімен «қырқысып» жатқанда назардан тыс қалып, шаруасын тып-тыныш тындырып жүрген бір сала бар, ол – машина жасау өнеркәсібі. Қоршаған ортаны көмір қышқылының сыртында басқа да зиянды затпен бүлдіретін автокөлік пен көк түтінді будақтатқан түрлі-түрлі техника екенін бүгінде қалалық та, далалық та жақсы біледі.
Әлемнің әйгілі оқымыстылары бүлдіргі «бу әсері» туралы бұдан бір ғасырдай бұрын айтып кеткен көрінеді. Тіпті техникалық қызмет күшейген жағдайда климаттағы оның жаппай әсері қандай болатынын да есептеп шығарған. Климаттық дағдарысқа ұрындыратын негізі адамзат баласы емес, АҚШ секілді техникалық жағынан барынша дамыған елдер екен. Мәселен, халқының саны олардан әлдеқайда көп Қытай мен Үндістан әлгілердің қасында «жіп есе алмай» жолда қалады.
Қысқасы, «қыр астында тұрған» қауіп-қатердің басты «айыпкері» белгілі, ол – көмір, мұнай, газ, ағаш сияқты табиғи отынның жануы салдарынан жиналатын және техниканың түтінінен тарайтын көмір қышқыл газы. Алда-жалда апат бола қалған жағдайда оған өзі «кінәлі емес» екендігін дәлелдеп, басын арашалап алу үшін адамзат баласы осындай уәжді алға тартады. Көңілі кең Табиғат-Ана түсінігі таяз парықсыз перзентінің ондай-ондай «еркелігін», турасы – ессіз есерлігін еріксіз көтереді.
Бірақ, ғаламшарда климаттың жаппай жылынуының ауылы әзірге алыс. Бұл тұрғыда тараған түрлі-түрлі алыпқашты әңгімені бекітетін бірегей сенімді дерек әлі жеткіліксіз. Оның үстіне жоғарыда тілге тиек еткен мұздақтың астына от қойып, ойламаған оқыс оқиға тудырмасақ, теориялық тұрғыдан әлемдік мұхит деңгейінің бір ғасырда – 29-30, әрі кеткенде 50 сантиметр ғана көтерілу мүмкіндігі бар екен. Олай болса, «ғаламшарды топансу қаптайды» деп дүрлігу, жөнсіз. Қисынсыз қызыл сөзге сену қиын.
Алайда, апаттың алдын-алуды Аллатағалаға аударып тастап, тағдырдың маңдайға жазғанын малданып отырудың тағы жөні жоқ. АҚШ-тағы Корнелль университеті ғалымдары жүргізген зерттеу қорытындысы соған дәлел: әлемдік мұхит пен топырақ температурасы көтерілуі салдарынан атмосфераға көміртегі көп бөлініп, «будың әсерін» күшейтетін көрінеді. Ғаламшардың жылынуы баяу жүргенімен, соның өзі ауа-райының ауытқуына айтарлықтай әсер етеді.
Сонда не істеу керек? Көз жетер көкжиекте қазір қолданылып жүрген энергия көзінен басқа түрі көрінбейді. Қуатты техника мен сансыз автокөліктен бас тарта алмайтынымыз тағы белгілі. Ендеше, біз үшін барынша тиімдісі, сенімдісі әрі қарапайымы – оталып кеткен орманды қайта қалпына келтіру, жасыл желекті көбейту. Табиғи ылғалды үздік үйлестіріп отыратын реттеуші сол.
Өсімдік, сондай-ақ, өз бойынан буды суға айналдыруға ықпал жасайтын химиялық заттар бөліп шығарады. Демек, ғаламшарды климаттық дүрбелең мен «бу әсерінен» құтқару үшін жасыл желекті сақтау, тал-теректі көптеп егу, жердің асты мен үстіндегі суды үнемді әрі тиімді пайдалну керек екен. Қолдан келетін-ақ шаруа. Тек соған мойын жар бермейтіні өкінішті.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.