Кеншілер жөнелткен шұрайлы шикізатты байытып, құнарлы концентрат алатын жезқазғандық байытушылар қатарында қалаған кәсібін сәтті жалғастырған көптеген әулетең бекетеді.
Солардың бірі әрі бірегейі – Классендер әулеті.
Қырқыншы жылдары қанды қасап басталып, Отан отқа оранғанда Карл Классен жасы оннан жаңа асқан ойын баласы болатын. Секемшіл сайқал саясаттың сойылы олардың отбасына да оңдырмай тиді. Запорожьеден жедел көшіріліп, атақонысты артқа тастаған Классендер арып-ашып Қазақстанға зорға жетті.
Қостанай облысының Қарабұлақ ауданына қоныстанды.
«Сатқын» санатына жатқызылмаса да, «сенімсіз» саналған кеңестік немісте «құдай салды, мен көндім» дегеннен басқа, таңдауға түсетіндей жол қалмаған. Табиғатынан тиянақты, тұрмыста тындырымды, қашаннан қиындыққа көнбіс, керек жерінде мінезі жібектей жұмсақ ұлттың ұланы көңіл түкпірінде өкініш пен өкпе жатса да, сырт көзге сыр алдырмай, орналасқан ортасына «тастай батып, судай сіңді». Жаратқанның маңдайға жазғанын мойымай көтерді.
Кіп-кішкентай Карл, жасы қазекем айта беретін «отау иесі» болуға жете қоймаса да, «жанын жеп» жұмысқа жегілді. Ересекпен иықтасып ертет ұрды, кеш жатты. Жер жыртысып, дән себісіп, егін орысып, қырман қызылдап, майданғаастықдайындаған ауылдастың маңдай алдында жүрді. Бармақтай баланың бойындағы ынта-ықыласты байқаған басшылық «бағын байламайық» деді ме, әйтеуір соғыстан соң келер жылы Қарсақбайдағы ФЗО-ға жіберді.
Оның өміріндегі күрт өзгері сосылай басталды. Оқу мен өндірістіұштастыражүріп, ақыры Қарсақбайда тұрақтап қалды. Еңбек жолын сондағы байыту фабрикасында концентрат сүзуші болып бастады. Көп ұзамай аға флотатор болды. Содан фабрика жабылған 1963 жылға дейін табан аудармай, табысты еңбек етті.
Дмитрий Сергеевич
Білікті байытушы жолдамамен Жезқазғанда жаңадан ашылған қуатты байыту фабрикасына жол тартты. Зайыбы Валя мен екі ұлын ертіп, көтеріле көшті. Өзі №2 байыту фабрикасына – аға диірмен машинисі, зайыбы Валентина Тихоновна орталық химия зертханасына лаборнат болып орналасты.
Ерлі-зайыптының өмірі қуатты кәсіпорынмен осылай берік байланысты. Әрине, ол кезде Классен әулеті үшін байыту фабрикасы шын мәнінде екінші үйіне айналатынын, екі ұлы мен немерелері ата-ана жолын қуатынын, кейін олардың қатарына немере келіні келіп қосылатынын ешкім білген жоқ. 1970 жылы №1 ұнтақтау корпусына электрмонтері болып орналасқан тұңғышы Сергей мен екі жылдан кейін №2 бас корпусқа слесарь-жөндеуші болып келген екінш іұлы Борис осы орыннан зейнеткерлікке шықты.
Александр Борисович
Тоқсаныншы жылдары байыту фабрикасына Классен әулетінің жаңа буыны бет бұрды. Екі ұлының тұңғышы – Дмитрий №2 бас корпустағы, Александр №1 ұнтақтау корпусындағы электрмонтерлер қатарына қосылды. Одан кейінгі немересі – Сергейдің Иваны мен Бористің өзі аттас ұлы №1 ұнтақтау корпусында – электрмонтер. Карл атайдың бұдан бес жыл бұрын бақилық болған келіні, Бористің зайыбы Зере қоғамдық жұмысқа белсене қатысып, осы кәсіпорынның «отымен кіріп, күлімен шықты». Қазір немере келіні Елена да осында, №1 ұнтақтау корпусында басқару пультінің операторы..
Ерлі-зайыпты Борис Борисович пен Елена Викторовна
– Байыту фабрикасы біздің екінші үйімізге айналған. Атамыздың көзін көрген, әкелерімізбен қоян-қолтық еңбек еткен адамдармен аралас-құралас болу, ортақ мақсат жолында бірлесіп тер төгу екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт деп білемін. Енді санаулы күннен кейін Наурыз мейрамынтойлаймыз. Оны лайықты қарсы алуға кәсіпорын ұжымы бір адамдай жұмылған. Әртүрлі мерекелік іс-шара өтеді. Оған бәріміз белсене атсалысамыз, – дейді Дмитрий Сергеевич.
Иван Сергеевич
Карл Классеннен тараған ұрпақтың осында өткен жалпы еңбек өтілін қоссақ, шұрайлы шикізаттан құнарлы концентрат алуға атсалысып келе жатқанына ұзын-ырғасы үш ғасырдан асыпты. Бір әулеттің бір кәсіпорынға осыншама ғұмырын арнауы – сирек кездесетін құбылыс.
Әлібек ӘБДІРАШ.
Суреттерді түсірген автор.