Осы аптадағы Үкімет отырысында Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған Кешенді жоспары мақұлданып, қабылданды. Бұл – өңір жұртшылығы үшін үлкен қуанышты оқиға болып отыр.
«Маңызды құжаттың үкіметтік деңгейде қабылдануы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдау көрсетуінің және біздің төрт айдан бергі айналысқан тынымсыз еңбегіміздің нәтижесі деп білемін. Осы орайда, Президентке, Үкіметтегі және өңірдегі барша әріптестеріме зор алғысымды білдіремін. Бұл стратегиялық бағдарлама Ұлытау өңірінің қайта түлеп, жаңадан жаңғыруына ерекше серпін береді деп сенемін», – деді осы қуанышты сәтте пікір білдірген облыс әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ.
Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған Кешенді жоспары 9 бағыт бойынша іс-шаралар ауқымын қамтиды. Облыс әкімдігі осы құжатқа қосымша кеңейтілген Даму бағдарламасын да әзірлеп отыр. Кешенді жоспар жүзеге асатын бес жылдың ішінде жалпы 1,8 трлн. теңге көлемінде инвестиция салынбақшы. Оның ішінде 351 млрд. теңге республикалық бюджеттен, 147 млрд. теңге қаржы жергілікті бюджеттен қарастырылса, 1,3 трлн. теңге жеке инвестициялар есебінен бөлінеді. Облыстың индустриялық-инновациялық даму бағыты өнеркәсіптік реагент шығаратын химия зауытының құрылысын, мұнай өңдеу зауытын, қара мыс концентраттарын өндіру зауытын, Жезқазған мыс қорыту зауытында жаңа күкірт қышқылы цехын іске қосу секілді 16 жобаны қамтиды. Жалпы оларға 787 млрд. теңге қаржы бөлініп, 3 мың жаңа жұмыс орындарын құру көзделуде. Өңірде минералдық-шикізат базасын кеңейту аясында геологиялық кластер құрылып, 9 кен орнына геологиялық барлау жұмыстары жүргізіледі. Жобаға 20 млрд. теңге инвестиция салынады. Агроөнеркәсіптік кешен саласында ет өңдеу және сүт өңдеу зауыттарын салу, құс еті мен жұмыртқа өндіру кешенін іске қосу, ұн тарту кешенін жаңғырту сияқты 11 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Басқа да межелер белгіленген. Бұл саладағы инвестициялар көлемі 45 млрд. теңгеден асады. Әлеуметтік салада 47 жаңа нысан бой көтермекші. Олардың ішінде Жезқазған қаласындағы перинаталдық орталық, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарындағы 14 фельдшерлік-акушерлік пункт, 9 мектеп, 4 оқушылар сарайы, 5 балабақша, 10 спорттық нысандар бар. Сондай-ақ, білім беру мен денсаулық сақтаудың 27 ғимараты жөнделеді. Барлық іс-шараларға 94 млрд.теңгеден аса қаржы қарастырылады. «Еңбек» футбол клубы қайта жаңғырып, балалардың «Арыстан» атты хоккей мектебі ашылады. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жаңадан ашылатын Ұлытау мемлекеттік техникалық университетіне студенттер қабылдау жоспарлануда. Халық санының өсуіне орай Жезқазғанда 1800 пәтерлі 60 көпқабатты үйден тұратын үш жаңа шағын аудан қатарға қосылады. Жеке тұрғын үй құрылысына 1 мың учаске бөлінеді. Жезқазған қаласындағы 26 апатты үйді және Сәтбаев қаласындағы 20 апатты үйді жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Аталған іс-шараларға 62 млрд. теңгеден астам қаражат қарастырылмақшы. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтарын жаңарту аясында 130 шақырым жылу желілері тартылып, 300 шақырым сумен жабдықтау және 127 шақырым су бұру желілері қайта жаңғыртылады. Сәтбаев қаласының тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету және электр қуатын өндіру үшін заманауи бу-газ қондырғысы салынатын болады. Су құбыры желілерін қайта жаңғырту есебінен облыс орталығы мен Жаңаарқа, Ұлытау аудандарының 12 елді мекенін сапалы ауыз сумен қамтамасыз етужоспарлануда. Бұған 450 млрд. теңге инвестиция бағытталады. Мұнымен қоса өңірдің газ инфрақұрылымын дамыту жобасын іске асыруға 34 млрд.теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жалпы көлемі 264 млрд.теңгеге 227 шақырым облыстық автожол және 118 шақырым қала мен кентішілік жолдарды салу және жөндеп, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, туризм саласын дамытуға 1,5 млрд. теңге бағыттау көзделіп отыр. Кешенді жоспарда қамтылған іс-шараларды толықтай жүзеге асыру өнеркәсіп көлемін 41%, оның ішінде өңдеу өнеркәсібін 35%-ке өсуін қамтамасыз етеді деп күтілуде. Негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі 3,7 есе, шағын және орта бизнес нысандары шығаратын өнім 2,5 есеге өседі. Белгіленген барлық жобалар ойдағыдай жүзеге асқанда 9,5 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылатын болады.
Үш қала, екі ауданнан тұратын облысымызда халық саны өте аз екені белгілі. Осыған орай бюджет көлемі де шектеулі болатын ыңғай танытқан еді. Елді мекендер аралығы шалғай, инфрақұрылымдары жетілмеген өңірдің тұрғындарды алаңдатқан түйінді мәселелері де аз емес-тін. Әсіресе, Жезқазған өңірінің кейінгі жылдарда кетеуі кетіп, әлеуметтік ахуалы төмендеп бара жатқаны жиі айтылып жүргені жасырын емес. Мемлекет басшысының қолдау танытуымен Үкіметтің жаңа облысты әлеуметтікэкономикалық дамытудың 5 жылға арналған Кешенді жоспарын қабылдауы жинақталған осы проблемалардың оң шешім табуының тетіктерін қамтуы жұртшылық көңіліне үлкен үміт отын ұялатуда. Ендеше үмітіміз алдамасын. Ұлытау облысы дамудың даңғыл жолымен алға баса берсін!
Өз тілшіміз.