Жезқазған төріндегі өткен апта – облыс орталығы жұртшылығын руханият нәрімен сусындатып, сан қырлы талант иесі Кенжебай әлемін әйгілеген айшықты аптаға айналды. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Кенжебай Ахметовті – филология ғылымдарының кандидаты, ақын, жазушы, драматург, аудармашы, әдебиет зерттеуші, сценарист, кинорежиссёр деп атақ-дәрежелерін қаншалықты тізбектесек те, ол тек бір ғана өңірде емес, бүкіл республика төңірегіндегі зиялы қауым арасында танымал болған айтулы тұлға. Аптаның алты күніне созылған алуан шаралар талантты қаламгердің 60 жылдық мерейтойының құрметіне арналды. Мерейтой иесіне құрмет пен қошемет көрсеткен іс-шаралардың айтарлықтай тағылымды тұстары да мол болды.
КИНОГЕР. Аптадағы айшықты шаралар Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде көрсетілген «Неге солай?» көркем фильмін тамашалаудан басталды. Кенжебайдың киногер ретіндегі қырын танытатын бұл фильм қазақ өнерінің көгінен аққан жұлдыздай жарқырап көрінген өнер тарланы, әнші-композитор Жақсыкелді Сейілов туралы кино әлеміндегі тұңғыш туынды. Жақсыкелдінің балалық және бозбалалық шағын арқау еткен кино экранға өткен жылы шығып, көпшілік жұрт алғашқы көрсетілімін аса ықыласпен тамашалаған болатын. Бұл жолы да жиналған жұртшылық елге мәлім де беймәлім өнер тарланы туралы фильмнен санқырлы ой түйіп, көзайым туындының авторы әрі режиссері Кенжебай Ахметовке зор ризашылықтарын білдірді. Киноның бір ерекшелігі, рөлдерде негізінен кәсіби артистер емес, өз арамызда жүрген қарапайым адамдар ойнайды. Эпизодтық рөлдерге де ауыл тұрғындары мен балалар кеңінен тартылған. Соған қарамастан, көркем фильм шынайы да шымыр шыққанымен тәнті етеді. Бұған дейін ол «Наза» көркем фильмін түсіріп, көрермен қауымды жаңа бір қырымен тәнті еткені белгілі. Апта ішіндегі айшықты шаралар барысында көпшілік қауым «Наза» фильмін де көріп, тағы бір сүйсіне әсер алды.
АҚЫН. Кенжебай – терең ойлы жырларымен танылған. Оның поэзиядағы ерекшелігі жайлы көптеген ақындардың пікір білдіргенін білеміз. Солардың бірі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлы: «Осыншалық рухани қазынаны ұлт игілігіне айналдырып келе жатқан Кенжебай ең алдымен – ақын. Ол осыншалық жанрлардың жүгін, меніңше, ақындықтың арқасында ғана қиналмай көтеріп келеді. Оның тал бойындағы талант құдіреті – ақындығында», – деп баға берген болатын. М. Әуезов атындағы орталықтандырылған кітапханада өткен «Күзгі өлең, сырласайық сізбенен…» атты поэзия кеші өлең сүйер қауымды Кенжебай ақынның жыр әлемімен қауыштырды. Ақынның өмір белестері туралы бейнебаян көрсетуден басталған жыр кешіне қала әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев қатысып, ақжарма тілегін білдірді. Бұдан соң кезек құдіретті поэзияға берілді.
Ақын Кенжебай Ахметов өлеңдерін оқыған соң жыр додасын оның Ғазиз Ештанаев, Береке Көшенов сынды қаламдас әріптестері мен олардың ізін басып келе жатқан жас тұлпарлар жалғастырды. Күзгі өлеңнің әсерімен Кенжебай ақынның шашбауын көтеріп келген кластасы, бүгінде ұлағатты ұстаз болып жүрген Бақтылы Бекбергенова да бірер шумақ өлеңін төгілтіп жіберді. Кеш тізгінін ұстаған Абай Ораз ақын «өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» деген ұстаныммен, әңгіме арасын бөтен сөзбен былғамай шараның шырайын келтіріп, байыпты да тартымды жүргізе білді. Өзі де өлеңін оқыды. Аймағымызда ақындық алымымен танылып жүрген Еркін Оралбайұлы, Жанат Әбдіғожин бастаған, Аружан Оралбай, Қанат Мусин, Ақниет Тағыберген, Мұқағали Сейтқазы, Ардақ Қойлыбаева, Медет Қарахмет, Мәди Олжабай қоштаған жастар легі қоңыр күз, жастық сезім, махаббат туралы өлеңдерін оқып, кешке қатысып отырған студент жастарды әдемі әсерге бөледі. Жас ақындардың көбісі Жезқазған университетінде оқып, Кенжебай ұстаздың алдын көрген түлектер екен. Олар өлеңдерін оқумен қатар, ұстаздарынан алған ұлағаты мен тәлімдерін еске алып, бұл кездесуді шынайы сырласу кешіне айналдырды. Іс-шараны тап-тұйнақтай, тиянақты өткізуге барлық жағдайды жасаған кітапхана ұжымына алғыстарын арнай отырып, алдағы уақытта да поэзия кешін өткізіп отырсақ деген ойларын да іркіп қалған жоқ. Мұны да ақын кешінің тағылымды бір тұсы деп бағалаған жөн шығар.
ЖАЗУШЫ. Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде қаламгер К. Ахметовтің «Күпі» және «Айбоз» атты кітаптарының тұсаукесері өтті. Іс-шараға қала басшылары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер қатысты. Тұсаукесер рәсімінде қала әкімінің орынбасары Б. Жайлаубаев талантқа құрмет көрсетуге арналған шаралардың апта бойы жалғасып келе жатқанын алға тартып, құттықтау тілегін жеткізді. Сондай-ақ, «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Т. Бүкіров, Жезқазған қалалық мәслихатының төрағасы Р. Қапарова, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері М. Сейтқазинов және басқа да әріптестері талантты қаламгердің әр қыры туралы толғамды ойларын білдірді. ҚР Еңбек сіңірген артисі, өнер зерттеуші С.Оспанов ән шашуын арнады.
Музейдегі кездесудің «Жазушымен сұхбат» бөлімінде қаламгер көпшілік көңіліндегі көптеген сауалдарға жауап беріп, шығармашылық лабораториясы туралы әңгіме өрбітті. Жалпы, Кенжебайдың қаламгерлік қуаты туралы айтқанда оның көркем аударма саласындағы жанкешті еңбектерін айналып өту мүмкін емес. Ол кез-келген аудармашының тісі бата қоймайтын ежелгі дүние классиктерінің мұраларын тәржімалауды батыл қолға алған еді. Олардың ішінде поэзиялық шығармалар да бар. Бұл еңбектерінің біразын атап айтар болсақ, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының кітаптар сериясы бойынша «Ежелгі дүниедегі және византиялық дерек көздеріндегі Ұлы Дала тарихы» аталатын 4 томдықтың үшінші және төртінші томдарын, «Ежелгі Шығыс әдебиеті» жинағын, Дж. Боккаччоның «Декамерон» новеллалар кітабын, Дантенің әйгілі «Құдіретті комедия» поэмасын, сондай-ақ, «Ежелгі өркениет тарихы мен қазынасы» сериясы бойынша Ежелгі Мысыр, Ежелгі Қытай мәдениеттеріне қатысты кітаптарды қазақшалап, оқырмандар назарына ұсынды. Одан кейінгі аудармаларының өзі атан түйеге жүк боларлықтай. М. Булгаковтың «Ит жүрегі», Ю. Казаковтың «Тэдди», Л. Толстойдың «Арылу», «Өмір жайында», А. Моруаның «Жас жігітке өмір туралы ашық хат» және басқа да аударған кітаптары баспадан жарық көрді. Биылғы жылы Геродоттың «Тарих» еңбегінің 1- және 4-кітаптарын аударып баспаға тапсырыпты.
ДРАМАТУРГ. Ол драматургия саласына да сүбелі үлесін қосты. Абайдың 150 жылдығына арналған республикалық театрлар фестивалінде Бас жүлде иеленген «Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым» қойылымының әдеби нұсқасының авторы. «Құданың өзі, құдайдың «көзі» келгенде» деген сатиралық комедиясы, «Шырақ», «Шырға алаңында», «Қанда бар ғой, қанда!» драмалары театр сахналарында көп жылдардан бері қойылып келеді. Басқа да драмалық шығармалары бар. Ол 2003 жылы ҚР Мәдениет министрлігі тұңғыш ұйымдастырған Ұлттық «Астана – Бәйтерек» конкурсының лауреаты, республикалық «Жалын» журналының Ғ. Мүсірепов атындағы сыйлығының 2006 жылғы лауреаты атанды. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай 2015 жылы Қазақстан Жазушылар одағы мен Еуразиялық Топ (ERG) бірлесіп ұйымдастырған «Алаш тарихының ақиқаты» атты шығармашылық бәйгенің драматургия жанры бойынша жүлдесі де Кенжебайдың еншісіне бұйырған болатын.
Мерейтой аясындағы аптада С. Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында «Шырақ» тарихи драмасы жұртшылық назарына ұсынылды. Режиссер М. Жанботаеваның қойылымындағы бұл спектакль алғаш рет сахнада 2012 жылы қойылған еді. «Шырақ» дастанында сақтардың Парсы елінің патшасы Дарий әскеріне қарсы қаhармандық күресі аңызға айналған тарихи деректер негізінде жырланыпты. Алайда, дастанның өзі сақталмаған. Тек оның негізгі сюжеті бізге проза күйінде жеткен. Оны қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізген грек тарихшысы Полиэн көрінеді. Ол өзінің «Соғыс тактикасы» кітабында Шырақ батырдың ерлігін осы дастан бойынша жазғанын айтады. Драматург К. Ахметов осы оқиғаларды негізге ала отырып, тарих тұңғиығынан сыр тартқан драманы өмірге әкелген еді. Театр артистері автордың «Шырақ» спектаклін жоғары деңгейде сахналай білді. Тарихи қойылымды тамашалаған көрермендер риза көңілмен тарқасты.
ҚҰРМЕТ БИІГІ. Кенжебай әлемінің апталығы Халықтар достығы мен мәдениеті үйіндегі «Қоңыр күз. Қоңыр өлең. Қоңыр әлем…» атты шығармашылық кешпен түйінделді. Кеш шымылдығы талантты тұлғаның туған жері Қараағаштан басталған дара жолын баяндайтын бейнефильммен басталды. Іс-шараға арнайы келген ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай мерейтой иесін құттықтап, құрмет көрсетті. Ол сонымен қоса Кенжебай Кәрібозұлына Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов қол қойған құттықтауын табыстады. Құттықтау тілектерін одан әрі Ұлытау ауданы мәслихатының хатшысы Ахат Құрмансейітов, Сәтбаев қаласының әкімі Шапағат Әубәкір, Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов, Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Ақжол Құрмансейітов және «AMANAT» партиясы Жаңаарқа аудандық филиалының атқарушы хатшысы Аманкелді Түсіпов жалғастырды. Кеш иесіне құрмет көрсетіп, иығына шапан жауып, астына ат мінгізді.
К. Ахметов Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент екені белгілі. Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің ректоры, профессор Әбдімәлік Тәкішев қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында оқытушы болып, ұстаздықпен қоса құнды оқу құралдарын жазған Кенжебай Кәрібозұлының ғылыми ізденістеріне тоқтала келіп, шынайы құттықтау тілегін жеткізді, сый-сияпатын жасады. Алматыдан келген ақын Бағдат Мүбарак Қазақстан Жазушылар одағы атынан құттықтап, құттықтау хатын табыстаса, Жазушылар одағы жергілікті филиалының төрағасы, жазушы Батырбек Мырзабеков те өз тарапынан құттықтау тілегін білдірді. Басқа да құттықтаулар легі аз болған жоқ.
Қоңыр күзде өткен кеште ақынның қоңыр өлеңдеріне де кезек берілді. Кенжебай ақын бастап оқыған жыр кәусарларын бүгінде ұстаздық жолда жүрген Алмагүл Үмбетова, Аманкелді Бұқар, Руслан Төлен, Жұлдыз Берлібекова, Мәди Досанов, Ардақ Тойлыбаева сияқты шәкірттері жалғастырды. Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Ғалым Мұхамедин, Береке Көшенов, республикалық байқаулардың лауреаттары Ардақ Мұқышев, Қайрат Әбеуов әуезді әндерін әуелетіп, кеш көркін шырайландыра түсті. Сонымен қатар ақын кенжебайдың өлеңдеріне жазылған бірнеше әндер орындалды.
Негізінде, сан қырлы талант иесінің мерейтойы аясындағы шаралардың барлығы Жезқазған қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен айрықша мазмұнды болып өткенін атап айтқан жөн. Қалай десек те, бұл – талантты бағалап, тұлғаны тану жолында жасалған құтты қадам болды.
Амандық РАХҰЛЫ.