Жеті қат жер астында жүріп, кен қазған кеншінің, оны өңдейтін байытушының, мыс балқытқан металлургтің күнделікті жұмыс орнындағы жайлылығы мен ғимараттардың тазалығына жауапты мамандардың атқарып жатқан істері көзге көрінбейді. Десек те, олардың еңбектері ерен.
Өндірістік құрылымдарда әкімшілік-тұрмыстық кешен деп аталатын бөлім бар. Оның негізгі міндеті ғимараттардың мұнтаздай таза болуына жауап беру. Жақында «Нұрқазған» кенішіне жолымыз түсті. Ат аратып келген қонақты құрметпен қарсы алатын кеніш басшылығы, кәсіподақ комитеті мен әкімшілік-тұрмыстық кешеннің басшысы бұл жолы да өз әдебінен жаңылмады.
Қарлығаш Сатыбалдықызы басқаратын әкімшілік-тұрмыстық кешеннің жұмысы бір күн дамыл тапқан емес. Қысы-жазы демей кеніш аумағындағы құрылыс, абаттандыру жұмыстарын ұршықша иіріп отыр. Он бес адамның ішінен байырғы кеншілерді де кездестіресіз. Денсаулықтарына байланысты жеңіл еңбекке ауысқан азаматтар екі қолға бір күрек болар тірліктің өздері еңбек еткен «Нұрқазған» кенішінен табылғанына қуанады. Солардың бірі – Жайдархан Жаңбыршин.
Жәйрем кентінде туып, өскен азамат өмірдің жолдамасымен Сәтбаев қаласының аумағында орналасқан №55 шахтада өздігінен жүретін жер асты машинасының жүргізушісі болып еңбек жолын бастаған еді. Кейін Жезқазғандағы құю-механикалық зауытында еңбек етті. Ал, 2008 жылы Жайдархан Жәнібекұлы «Нұрқазған» кенішінің дизель теліміне жұмысқа келді. Бүгінде ол осы кеніштің әкімшілік-тұрмыстық кешеннің слесарі. Он жылдан аса жер асты жұмыстарында озат атанған ол кеніш ғимаратындағы жөндеу жұмыстарын да ың-шыңсыз атқарып келеді.
– Өндірісте жиырма бір жылым өтіпті. Түрлі құрылымдарда жүріп, еңбек еттім. Соның арқасында шыңдалдық. Денсаулық адам баласының басты байлығы дейміз ғой. Кейде соны жұмыс деп шапқылап жүріп, бағаламай да жатамыз. Өндірісте жүріп, денсаулыққа да зиян келді. Дегенмен өкінерім жоқ, өзім еңбек еткен кенішім мені сыртқа ысырып тастамай, әкімшілік-тұрмыстық кешеннің құрамына жұмысқа алды. Қазір осы аумақта қандай жұмыс болсын соны жігіттермен бірге жүргізіп келеміз. Шағын болса да ұжымымыз тату. Ауызбіршілікті ту етеді, – дейді Жайдархан Жаңбыршин.
«Әкімшілік-тұрмыстық кешеннің маңдайына біткен жалғыз сылақшысы. Ол кісі бос болмай қалса, шаруашылық тоқтап қалады» деп әріптестері әзілі мен шынын ақтарып жатқан тағы бір маман – Гүлнарай Сағидолда. Ол Моңғолияда өмірге келген. Еліміз егемендік алған жылы шеттегі бауырларымыздың Қазақстанға қоныс аударуына мүмкіндік туғанда, Гүлнарай да ата-баба аңсаған құтты мекенге оралды. Әуеліде Қарқаралыға қоныстанған Гүлнарай 2003 жылы Теміртау қаласының маңындағы Ақтау кентінен құтты орынға қонды.
– Аңсап жеткен Қазақстанымның азаматтары бізді жатырқамай, бауырға басты. Өз бауырларымыздың мұндай құрметіне отбасымызбен ерекше қуандық. Ұлы мекенге табанымыз тигенде шетте жүрген қаншама қазақтың арманына біздің жеткеніміз шығар деп көзден жас та парлады. Міне, содан бері арада отыз екі жыл өтті. Қазақстан бізге құтты қоныс болды. Алғашында тігін тігумен айналыстым, құрылыста бірнеше жыл еңбек еттім. 2007 жылы жаңа бой көтерген «Нұрқазған» кенішіне жұмысқа орналастым. Кеніштің ғимаратын, оның аумағында орналасқан нысандарды жөндеу жұмыстарымен шұғылданамын. Сылақшы дейтін кәсіптің тілін тапқалы да біраз уақыт болыпты. Ұжымым әрқашан сыйлап тұрады, – дейді ақ жарқын кейіппен кейіпкеріміз.
Отыз үш жылын кен өндірісіне арнаған байырғы кенші Жұмағали Аманов Қаражал қаласының тумасы. Сол жердегі шахтада 1981 жылдан 2006 жылға дейін еңбек еткен ол 2006 жыл осы «Нұрқазған» кенішіне келді. Он жылдай үңгілеу телімінде үңгілеуші болды. 2018 жылы денсаулығына байланысты әкімшілік-тұрмыстық кешенге ауысты. Қазір осы құрылымда слесарь-жөндеуші.
– Отыз жылдан аса шахтада еңбек етіп, қазір жеңіл жұмыстамын. Кенші мамандығының өз ауыртпашылығы бар. Әсіресе, денсаулыққа зиянын тигізбей қоймайды. Зейнеткерлікке дейін жеңіл жұмыспен қамтып отырған әкімшілік-тұрмыстық кешенінің жұмысын белесенді жүргіземіз. Берілген тапсырмаларды уақытылы атқарып келеміз, – дейді Жұмағали Аманов.
Өзбекстан мемлекетінде туып, елімізге 2003 жылы қоныс аударған Қияс Әлиякбаров 2006 жылдан бері «Нұрқазған» кенішіндегі жару теліміне жұмыс істеп келеді. Слесарь-жөндеуші, жүргізуші сынды кәсіптерді атқарды. 2017 жылы өндірісте алған жарақатына байланысты жеңіл жұмысқа ауысты. Ол тұрмыстық кешендегі ағаш ұстасы. Ағаштан түйін түйіп жүрген Қияс Таңатарұлының шеберлігіне көпшілік тәнті.
– Өзбекстаннан қоныс аударған алғашқы жылдары Алматыда еңбек еттім. Тұрақты жұмыстың ыңғайы келмеді. Содан осы Қарағанды өлкесіне бір жола табан тіредім. Ағам Иният шеттен келген бетте «Нұрқазған» кенішіне жұмысқа кірген еді. Оның ізімен мен де осы кенішке жұмысқа орналастым. Он бір жылдай жер астының жұмысына араластым, тәжірибе жинақтадым. Қазір жарақатқа байланысты жеңіл жұмыста жүрмін. Бұл кешеннің жұмысына да белсенділікпен атсалысып келемін, – дейді Қияс Таңатарұлы.
Кен өндірісінде жиырма екі жыл тәжірибесі бар Бүркітбек Нұрсұлтан алғашқы еңбек жолын Шығыс Жезқазған кенішінің құрамындағы Анненск шахтасында бастаған. Он жылы осы шахтада өтсе, он екі жылы «Нұрқазған» шахтасымен тығыз байланысты. Бүркітбек те денсаулығына байланысты мамандығын жеңіл кәсіпке ауыстырды.
– Атамыз Төкештің жолымен кенші мамандығына келген болатынмын. Туған бауырларым Бүркітбай, Ерасыл да осы кен өндірісінде. Жиырма екі жылым өндірісте өтті. Әрі қарай да жалғастыра беруге болар еді, оған денсаулықтың реті келмеді. Осы кеніштен алшақ кетпей, жұмыс жасап жүргенімізге шүкір дейміз, – дейді Бүркітбек.
«Cleaning kz» ЖШС-нің құрамындағы ғимараттарды тазалау жұмыстарымен шұғылданатын еден жуушылардың еңбегіне мұндағы әрбір қызметкер құрметпен қарайды.
Бұрын әкімшілік-тұрмыстық кешен құрамында болған кіші қызметкерлердің басын бүгінде «Cleaning kz» ЖШС бір арнаға тоғыстырып отыр.
– Біздің ұжымда 32 адам жұмыспен қамтылған. Кеніштің әкімшілік ғимаратын, қосалқы шаруашылық бөлмелерін тазалап, жуып мүнтаздай ету міндеті жүктелген ұжымымыз өзінің шаруасын ың-шыңсыз атқарып келеді, – дейді шаруашылықтың шырайын келтіріп жүрген Күнжамал Мақашева.
Өндірістік нысанның күнделікті күйбең де қауырт тірлігінде қосалқы шаруашылықтың тізгініне ие болып жүрген мұндай азаматтардың еңбегіне әрқашан құрметпен қарау ләзім. Бір кездері жалындаған жастық дәуренін, денсаулығын өндіріске арнаған жандардың адал еңбегі бағалаусыз қалмай, жеңіл де болса еңбекке араласып жүргендері көңілге медеу. «Нұрқазған» кенішінің шаруасын шалқытқан осы азаматтар әрі қарай да өздерінің ұжымына үлестерін қоса берсін демекпіз.
Суретте: кіші қызметкерлер Лиза Көнекбаева мен Күнжамал Мақашева