Қасиетті Ұлытау бір уақытта ұлы Абайдың ата-бабаларының балталы-бағаналы елімен бірлесе мекен еткен жері болған. Екі ел Қайып ханның ұрпақтарының билігінде болды. Шәкәрімнің жазуынша, Абайдың бабалары Ұлытаумен іргелес Торғайда Торғай, ал Ырғызда Ырғызбай дүниеге келген. Ал, дәл осы Ұлытауда, Кеңгір бойында иісі тобықтының билігін уысында ұстаған бидің бірі Кеңгірбай дүние есігін ашады. Бұл жайттың барлығы 1723 жылғы «ақтабан шұбырынды» оқиғасынан келіп шығады.
Ш. Құдайбердіұлы тобықтылардың 1723 жылы, яғни «ақтабан шұбырынды» кезінде Сырдың бойынан Ор, Елек (Ақтөбе облысы жері) жерлеріне дейін қоныс аударып барғанын жазады, әрі дәлел ретінде дадан Қараменде бидің:
Басында Сырдан шығып Орға келдік,
Табан тиіп жүре алмай, зорға келдік.
Құл алдынан құрулы талқы деген,
Бұл жаққа бақытқа емес сорға келдік, – деген өлеңін де келтіреді.
Негізі Кеңгірбай 1723 – 1724 жылдары ел Сырдан ауып бара жатқан жолда, әлі Ор, Електің бойына жете қоймаған аралықта Ұлытауда (Кеңгір өзенінің бойында) дүниеге келген болуы тиіс. Тобықты көші Ор, Елек бойында, яғни бүгінгі Ақтөбе облысы жерінде 10 жылдай тұрақтайды.
Кейін тобықты көші Кіші Жүз Ресейге қараған соң, қайта Ырғызды басып өтіп, Ұлытау – Торғай аралығына табан тіреп, жарты ғасырға жуық уақыт осы жерлерде мекендеген. Осылайша Кеңгірбай араға он шақты жыл салып барып, өзінің кіндік қаны тамған Кеңгірдің бойына келіп, осы жерде ержетіп, билікке араласады.
Бұл уақытта бағаналы мен тобықтының билігі Қайып ханның баласы Батыр сұлтанда болады. Жазба деректерде бағаналы мен тобықты руларының үстінде билікте Батыр ханның балалары Құсырау мен Тоқтамыс сұлтандар отырады. Мысалы тарихи құжатта «Аргинцы Табуклинского рода в 2 отделениях до 2000 семейств. Управляют старшины Маман-би и Джанбай би; под заведыванием султана Кысраву-батыр-ханова» деп жазылған [Спасский Г. И. Киргиз-кайсаки Большой, Средней и Малой Орды // Сибирский вестник, 1820. Ч. 9,10. с. 95-96]. Ал, бағаналыларға байланысты «Баганалы – Найманского рода в 12 отделениях до 6,000 семейств. Управляют старшины Трухмен-бай-би и Тулак батыр, под заведыванием султана Тактамыш батыр-ханова.
Кочуют летом при вершинах рек Тургая и Ишима, в горах Улытау – Кичитау и урочищах Мурун-Тарагае, Сандук-Кискен; зимою от речных песков по течению речки Кара-Узяк к Сырдарье, около кладбище Карабадал Кармакчи, в урочищах Аксавел (Ақшабел – О.О.) на Куване, и до развалины на Сыр-дарье» деп келеді [Спасский, с.95]. Бұл келтірілген деректер – 1770 жылдардағы тарихи құжат.
Осылайша жарты ғасырға жуық бағаналы мен тобықты бір жағы Ұлытау-Торғай, бір жағы Сыр бойына дейінгі аралықты тізе қоса жайлайды. Осы себепті де Ұлытаудағы қариялар арасында Кеңгірбай би туралы аңыздар сақталып қалған. Соның бірі – Кеңгірбайдың Сандыбай батырға берген батасы жайлы сөз.
Ел аузындағы мәліметтерден бұл кезде Сандыбайды хан Барлыбайдың қасында ертіп жүрген тобының ішінен көреміз. Бұл – Сандыбайдың әкесі Төлек батырдың қартайып аттан түскен кезі болуы керек. Өйткені бұл аңызда Барлыбайдың қасындағы топтың ішінде Төлек аталмайды. Керісінше, Сандыбайдың әлі жас, әрі суырылып топтың алдына шыға қоймаған кезі екені байқалады. Бұл аңыздың бір нұсқасы Алматыдағы М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнертану институтының кітапханасында сақтаулы. Сонымен бірге зерделі Ұлытау қарияларының арасында әлі күнге айтылып та келеді. Соның бірін 1997 жылы сарыкеңгірлік Рахымжан Есмағанбетов ақсақалдан жазып алудың сәті түскен еді. Екі деректің бір-бірінен еш өзгешелігі жоқ. Аңыз желісі келесідей: «Сандыбай жас кезінде қарадан шыққан хан Барлыбаймен еріп арғын тобықты Кеңгірбай бидің ауылына келіпті. Әңгіме үстінде Кеңгірбай Барлыбайға: «Жаныңа ерген жігіттермен таныстыра отыр», – депті. Барлыбай барлығын таныстырып, тек босаға жақта отырған жас Сандыбайды айтпай кетіпті. «Ана баланың кім екенін неге айтпадың?» – дейді Барлыбайға Кеңгірбай би. «Қожас Төлек батырдың баласы еді», – дейді Барлыбай жай ғана. Сонда Кеңгірбай би Сандыбай балаға қарап: «Өзімдікі емес екен деп өзегімде тұрған білгенімді жасырам ба? Сүйегі қандай таза еді. Қырмызы қызыл жібек екен, қозғалған сайын түрленер. Өзі арыстан болып туыпты, баласы жолбарыс болып туады. Одан қасқыр туады. Одан арғысына көзім жетпейді», – деген екен.
Міне, осы аузы дуалы бидің айтқаны келіп, Сандыбайдан Ерден, Ерденнен Бименді, 1916 жылы бағаналы руын көтеріліске бастап хан болып сайланған Қасқабайдың Қасені секілді ұрпақтар дүниеге келеді.
Жоғарыдағы аңызда Сандыбайдың бозбала болып сипатталауы, бұл оқиғаның 1760 жылдардың ішінде Ұлытауда болғанын жобалауға болады. Ұлытау қарияларының жорамалынша, Сандыбай шамамен 1750 жылдары дүниеге келген. Қарадан шыққан хан Барлыбайдың Кеңгірбайдың үйіне келіп түсуі Кеңгірбайдың бұл кездерде беделге ие болғанын, ел тұтқаларының арнайы ат басын бұрып баратын орда екенін көрсетеді. Бұл –Кеңгірбайдың 50-ді алқымдаған кезі.
Таңғаларлық жайт, осы Кеңгірбайдан бата алған бағаналы мен тобықтының әулетінен «қарадан хан шыққан» дейтіндей атқа ие болған аға сұлтандар тарих сахнасына келген.
Кеңгірбай бидің аузы дуалы батагөй жан екендігінің тағы бір дәлелі – Құнанбайға берген батасы. Құнанбайды бала күнінде анасы жетектеп Кеңгірбай бидің алдына апарып, батасын алады. Сол Құнанбай кейін Қарқаралы дуанын аузына қаратқан аға сұлтан болса, Кеңгірбайдан бата алған Сандыбайдың ұлы Ерден де Атбасар дуанының аға сұлтаны болып сайланды. Құнанбай мен Ерденнің өмір жолындағы ұқсастық мұнымен шектеліп қоймайды. Бірақ бұл жеке зерттеудің мәселесі болғандықтан бұл мақалада тоқталып жатпаймыз.
Негізі Кеңгірбай – кез келген адамға бата бермеген адам. Бата берудің өзі оң және теріс бата болып екіге бөлінеді. Теріс батаның да оңынан келетін түрі Құнанбайдың Кеңгірбай биден бата алуы туралы ел әңгімесінен жақсы көрініс табады. Толығымен келтірсек, «Құнанбайды шешесі қолымен жетелеп, бір тоқтысын сойып, Би атамнан (Кеңгірбай биді қалың ел Би ата ата деп атаған – авт.) бата алуға барады. Бермейді. Келесі жылы да барады. Бермейді. Үшінші жылы тағы келеді. Бермейді. «Үш келдім, батасын бермеді», – деп Зере жылайды. Сонда Көкі бәйбіше биге: «Үш келді, басыңды көтер, батаңды бер», – дейді. Би басын көтеріп, Көкіге: «Сыртқа шығып жан-жаққа қарашы, ешкім көріне ме екен», – дейді. Көкі шығып кеп: «Ешкім көрінбейді», – дейді. Сонда би «Пай-пай, болмас» депті де: «Тоғыз атаң толғанша түңілігіңді ешкім ашпасын», – деп қолын жайып, теріс батасын беріпті. Келіні: «Атам теріс батасын берді», – деп жылап қайтады. Көкі: «Келінің жылап кетті, теріс бата бергенің не?» – дейді. Сонда қасиеті күшті би атам: «Үш жылдан бері батамды алар деп тосқаным – балаларым еді. Олардың бірі де келмеді. Ал келінім мен балама оң батамды берсем, онда менің артымда ұрпақ қалмайды. Өзің шығып қарашы, әлгілердің артында не кетіп барады екен?» – депті. «Артында қасқыр ма, ит пе, екі көк бірдеңе кетіп барады, – дейді Көкі сыртқа шығып кеп. «Менің төрт көк бөрім бар еді, екеуі сол», – деп жауабын тұйықтапты сонда Би ата.
Кеңгірбайдың теріс батасын естіп, жылап қайтқан Зере келгенде Өскенбай: «Батасын берді ме?» – деп алдынан шығыпты.
– Теріс батасын берді, – депті Зере ренжіп.
– Қалай?
– Тоғыз ата толғанша, түңілігіңді ешкім ашпасын» деп қолын теріс жайды, – дейді.
Сонда Өскенбай қуанып: «Жарап жатыр!» – деп ат шаптырып, той жасапты», – дейді [Сапаралы Б. Құнанбай қажы. – А., – 1995, 107-108 бб.].
«Ырғызбай ұрпағының тоғыз ата толып, тоз-тозы шыққан кезі Кеңес үкіметінің тұсына тап келеді», – деп көрсетеді Б. Сапаралы. Сандыбай әулетінің де шаңырағы шайқалатын кез осы төңкеріс жылдарына келеді. Әрине, бұның ар жағында Кеңес үкіметінің солақай саясаты жатыр.
Құнанбайдың бата алуы – Шыңғыстауда болған оқиға. ХVIII ғасырдың соңғы ширегінде тобықты көші Ұлытаудан Шыңғыстауға бет түзейді.
Тобықты руы Ұлытаудан Шыңғыстауға қоныс аударғанда Құсырау сұлтан көшке ермей елде қалып, бағаналы руының бір тармағына иелік еткен. Өйткені ХІХ ғасырда Құсырау ұрпақтарын бағаналы руының ішінде кездестіреміз. Мысалы 1859 жылғы 4 болыс бағаналы ішінде болған санақ (мал-жан санағы) кезінде Құсырау ұрпақтары «Қарабала – төртқара – сарғалдақ» болыстығында тіркелген [ОМА, Қ.345, Опись 1, Дело 2147]. Дегенмен кейбір тобықты рулары елмен бірге көшпей осы жақта Құсырау иелігінде қалып қойған. Оған бүгінде Атбасар төңірегінде ұшырастын құсырау-тобықтылар дәлел. Бұл тобықтылар өзінің «құсырау» атын сол Құсырау сұлтанмен байланысты алған. Ал Тоқтамыс ұрпақтары бағаналы руына ХІХ ғасырдың орта тұсына дейін билік етеді. Кейін Кенесары көтерілісіне қосылып, қырғыз жорығынан кейін аман қалғаны қыпшақ руына келіп сіңеді. Бағаналы руының билеушісі Басалқа сұлтан Кенесарымен бірге қырғыздардың қолынан қаза табады.
Қорыта айтқанда, Кеңгірбай бидің есімі киелі, қасиетті Кеңгір өзенінің атауымен байланыстыра қойылған. Тарихтың долы толқындары қай руды қайда лақтырып тастамады. Сыр – Ұлытау – Ор, Елек – Торғай – Ырғыз –Ұлытау – Шыңғыстау жерлері – тобықты елінің толқынды жылдардағы тарихи көшінің ізі қалған өңірлер. Соның ішінде дүйім жұрт Би ата деп қастерлеп кеткен, кезінде Абылайдың ықпалды билерінің бірі болған, соңында ақылды сөз, әділ билік үлгісі қалған Кеңгірбай Жандосұлы дүниеге келген Кеңгір өзені топырағының орны ерекше. Күні бүгінге дейін Шыңғыстау тобықтылары Кеңгір бойын «Би атаның кіндік қаны тамған жер» деп құрметтейді. Тағдыр жазуымен жолдары түйіскен бағаналы мен тобықты елі сонау бір жылдарда Ұлытауда тізе түйістіріп, ауылы аралас, қойы қоралас өмір кешіп, сырт жауға қарсы бірлесе күрескен. Ол жылдардың белгілері екі елдің басынан өткен тарихи оқиғалар шежіресінде қатар өріліп жатыр.
Айта кетейік, Ұлытау облыстық «Сарыарқа» газетінде (29 желтоқсан 2023 жыл, №50 (8362) белгілі журналист, жазушы, драматург Д. Сексенұлының «Кіндігі Кеңгір бойында кесілген» деген мақаласы жарық көрді. Оқыдым. Тарихи шындық ізімен жазылған мақаланың түйін тұсында автор қасиетті «Ұлытау топырағында, Жезқазған қаласының төрінде Кеңгірбай биге арнап ескерткіш тұрғызылса» деген пікірін жеткізіпті. Меніңше, орынды пікір. Даңқты бидің кіндік қаны сол топыраққа тамған. Хандар мен билер, ақындар мен шешендер, батырлар мен дарабоз тұлғалар туған топырақтың бүгінгі ұл-қыздары Кеңгірбай сияқты тарихи тұлғаны ұлықтау шарасын қолдайды деп сенемін. Тарихқа, тарихи тұлғаларға құрмет деген осы.
Орынбай Ошанов,
Ә. Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері.
Суреттерде:
Кеңгірбай би Жандосұлы (1725 – 1835).Кеңгірбай би ескерткіші және би зәузаттары.
Алматы.