Бала күнінде ғарышкер болуды, аспан әлемін бағындыруды армандамаған адам кемде-кем. Десек те олардың арасында жер астындағы табиғи қазба байлықты игеруге қызығатындар да аз болмайды. Жасыратыны жоқ, кенші болу, байытушы атану екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Бұл үшін батылдық, табандылық һәм қайсарлық қажет. Шыбын жаныңды шүберекке түйіп, жеті қат жер астында тер төккенде ғана нағыз кенші боласың. Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, тау-кен саласының білгірі Сағи Төлепбергенов осындай қиын әрі күрделі кәсіпті таңдаған жан.
Ол кенші ретіндегі еңбек жолын 17 жасында бастады. №51 шахтада кәсібінің қыр-сырын меңгерді. Жер астында жұмыс істеу оңай болмады. Жарық түспейтін кеңістікте қол шаммен жүріп, еңбек етті.
Сағи алғашқы жұмыс күні шахтамен танысудан, тәлімгерлердің жұмыс тәртібін түсіндіруден басталғанын еске алатын. Оның алғашқы бригадирі әрі ұстазы, соғыс кезінен бастап шахтада жұмыс істеген литвалық Иван Полишкас есімді азамат болған. Ол Н. Хрущев билікке келгеннен кейін рақымшылыққа ілініп, бостандыққа шыққан саяси тұтқын еді. Cағидың ұстазы шәкіртіне төбеден құлаған тас орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін екенін түсіндіріп, еңбек қауіпсіздігін сақтау шарасын меңгертті. Сонымен қатар денсаулыққа ерекше назар аудару қажет екенін ұқтырды.
Сағи екі ай бойы тау-кен ісінің шеберлерінен тәлім алып, кейін қолмен бұрғылау қондырғысымен жұмыс істеуге кірісті. Міне, сол кезде ол өзін бригаданың толыққанды мүшесі сезінді. Ол өте үлкен және минутына 3 мың айналым жасайтын ПР-30 қондырғысымен жұмыс істеді. Кейін қолданысқа ПР-30К бұрғылау қондырғысы берілді. Ол минутына 1700 рет айналатын. Заман талабына сай жасалғандықтан бұл қондырғымен жұмыс істеу әлдеқайда оңайырақ болды.
Сағи қиын жағдайда еңбек еткеніне қарамастан, жұмысын ыждаһаттылықпен атқаратын. Ол кеншінің қызметін қадірлі әрі қастерлі деп білетін.
1958 жылы № 51 шахтада тәжірибелік жұмысты жүзеге асыру үшін арнайы телім ұйымдастырылды. Онда өздігінен жүретін бұрғылау арбасы, экскаватор, кен тасымалдайтын электр жүк көлігі болды. Осы жабдықтың барлығы жер астына түсірілді. 1959 жылы өндіріске енгізілген жаңа технологияны көру үшін телімге КСРО түсті металлургия министрі Петр Фадеевич Ломако келді. Ол Сағи Төлепбергеновтың бұрынғы, көзкөрген танысы болатын.
Жер астындағы қажырлы әрі тынымсыз еңбегінің нәтижесінде Сағи бригадир болды. Оның өзінің ғана емес, жұмысшылардың да өмірі үшін жауапкершілігі күшейіп, тәуекелі артты. Сағидың ұйымдастырушылық және басқару қабілетінің арқасында оның командасы жоспарды асыра орындап отырды. Бесжылдықтың қорытындысында көптеген кеншілер өздерінің алғашқы ордендері мен медальдарына қол жеткізді. 1974 жылы Сағи Төлепбергенов «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Бұл марапат оның әріптестерінің алдындағы беделі мен абыройын арттыра түсті.
Жерасты өндіру әдісі өзгеріп, техникасы жетілдірілді, бірақ адамның тәжірибесі мен күнделікті дағдысын алмастыра алмады. Сағи және оның әріптестері өндіріске жаңа кен техникасын алғашқылардың бірі болып енгізді. Шахта басшылары Сағидың ақылы мен кеңесіне жиі жүгінетін болды.
Тоғызыншы бесжылдық жоспарын орындағаны үшін Сағи Төлепбергенов үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Бірнеше рет қалалық кеңестің депутаты болып сайланды және сот отырыстарына халық сотының өкілі ретінде қатысты.
Сағи берекелі отбасының отағасы болды. Жұбайы Ғайни мен Күләйша, Әділхан, Әмірхан, Күлзейнеп, Әуезхан, Ақылбек, Асыл есімді 7 баласы оны үнемі қолдап отырды.
Өнегелі өмір сүріп, ұрпағы мен халқына адал еңбектің жарқын үлгісін көрсеткен кенші Сағи Төлепбергенов жайлы бір үзік сыр осылай өрілді. Оның еңбексүйгіштігі мен өз ісіне деген сүйіспеншілігі өзгелерге бойтұмар болатыны сөзсіз.
Күні кеше кеншілер өздерінің кәсіби мерекесі – Кеншілер мен Байытушылар күнін атап өтті. Бұл – еңбек адамына құрмет көрсетілетін, ұрпақ сабақтастығы ұлықталатын мереке. Бұл мерекені тойлау барысында жас ұрпақ кен қазып, мыс балқытқан азаматтардың ерен еңбегін бір сәтке де естен шығармауы тиіс.
Севиль ТАГИЕВА.