Жезқазғанның болашағы не болады деп алаң күйге түскен 2010 жылдың күзі өңір тұрғындарының есінен шыға қоймаған шығар деп ойлаймын. Оған сол кездегі «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқармасының төрағасы Эдуард Огайдың: «Жезқазған кеніштерінің мыс қоры алдымыздағы 10-15 жыл ішінде түгесілуіне байланысты корпорация бұл өңірде өз жұмысын тоқтатпақшы» деген мәлімдемесі себеп болған-тын. Сол уақытта облыс мәртебесінен айрылған 13 жылдан бері «бұл өңір «Қазақмыстың» қамқорлығын көріп отыр» деп жоғары жақтан онша көңіл бөлінбей жүргенін алға тартқан қаланың қоғамдық ұйым өкілдері мен ақсақалдары елдің алаң көңілін облыс әкіміне жеткізіп, одан Үкіметке хат жазып беймаза күй кешкені есте. Осы алмағайып кезеңде Қарағанды облысының сол кездегі әкімі Серік Ахметов кенді өңірге қайта-қайта келіп, жұртшылық өкілдерімен кездескенде қалыптасқан жағдайды жоғары жаққа жеткізіп, тиісті шаралар қабылдануына күш саламын деп қобалжыған көңілдерді сабасына түсірген-ді. Айтқанында тұрып, облыс басшысы жезқазғандықтардың жанайқайын Үкіметтің алдына қоя білді. Ол жерде нақты шешім болмай, іс аяғы созбақтала берген соң Президенттің өзіне жеткізіп, моноқаланың тағдыры үшін көп еңбек сіңірген еді. Осылайша Жезқазған, Сәтбаев қалаларын және Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі 2012-2020 жылдарға арналған Кешенді жоспар өмірге келді.Ендігі айтарымыз, Үкімет арнайы қабылдаған Кешенді жоспардың Жезқазғанға тигізген шапағаты қандай болды? Межеленген шаралар толық жүзеге асты ма? Әлі де жалғасын тауып жатқан істердің барысы қалай?
Жалпы, Кешенді жоспар аясында не істелді дейтін сауал туындағанда Жезқазған-Ұлытау өңірі үшін аса зор игіліктің бірі – еліміздің Шығысы мен Батысын жалғастырған Жезқазған-Бейнеу теміржолының салынғаны ауызға түседі. Шұбаркөл-Арқалық болат жолы және бар.Кеніштердің ғұмырын ұзарту мақсатындағы Жезқазған кенті мен Весовая, Перевалка елді мекендерін көшіріп, Сәтбаев қаласында бой көтерген жаңа ықшам ауданға қоныстандару да осы бағдарлама шеңберінде жүзеге асты.Кешенді жоспардың «Минералдық-шикізат базаларын кеңейту» бөлімі бойынша белгіленген геологиялық барлау жұмыстарына байланысты жобалары 2016-2018 жылдары ойдағыдай орындалып, кен көздерінің қосымша қорлары анықталды. Соның нәтижесінде жаңа шахталар бой көтеруде. «Қазақмыс» енді бұрынғыдай емес, кем дегенде алдағы 40 жылға жететін кен қоры бар деп келешекке сеніммен көз тігуде.Өңірді дамытуға қатысты басқа да жобалар осы бағдарлама негізінде жүзеге асырылуда. Кейбір тарауларына өзгерістер енгізілді. Мәселен, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық» бөлімінің «Жылумен жабдықтау» тарауында Сәтбаев қаласын қоса қамтитын Жезқазғанда ЖЭО-2 құрылысын салу қарастырылған болатын. Бұл жоба пайдасыз деп табылып, кейіннен алынып тасталды. Оның есесіне Жезқазған ЖЭО-ын қайта жаңғырту және жаңарту жөніндегі техникалық кешенді шаралар 2018 жылы орындалды. №8 турбинаны іске қосу жүзеге асырылды. Сондай-ақ, консультативтік-диагностикалық емхананы күрделі жөндеуден өткізген соңКешенді жоспардың «Әлеуметтік инфрақұрылым» бөлімінде қарастырылған 500 адамдық жаңа емхана салу да қажет емес деген ұйғарым жасалды. Денсаулық саласы бойынша біраз істер қолға алынып,жедел жәрдем станциясы ғимаратына, мамандандырылған емдеу-профилактикалық кәсіпорнына күрделі жөндеу жүргізілді. Қалалық көпбейінді орталық аурухананы медициналық жабдықтармен жарақтандыру, «Қарлығаш» санаторийын материалдық-техникалық жабдықтау, тері-венерологиялық диспансері ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу сияқты жобалар да 2014-2016 жылдары ойдағыдай орындалды. Сонымен қатар, қала тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету сияқты кейбір маңызды жобалар іс жүзіне аспай, жылдан жылға созылып келе жатқанын да айтпасқа болмайды.
Әуелде 9 жылға арналған Кешенді жоспар 2019 жылдың 13 маусымындағы ҚР Үкіметінің қаулысымен қайта қаралып, өңірлерді дамытудың 2019-2022 жылдарды қамтитын нақтыланған жоспары ретінде әлі де жалғасын табуда.Ең өзекті міндеттер айқындалған Жезқазған, Сәтбаев қалаларын және Ұлытау ауданын дамытудың нақтыланған Кешенді жоспарында енді 11 бөлім бойынша 52 іс-шара белгіленіп, Үкімет оған 79,7 млрд. теңге қаржы қарастырған болатын. Оның ішінде республикалық және жергілікті бюджетпен қатар, бюджеттен тыс қаржы көздерін тарту да көзделген. Нақтыланған Кешенді жоспардың қазіргі орындалысының жайын білмек болғанымыздаЖезқазған қаласы әкімінің орынбасары Ербол Құсайынов өз құзырына қатысты мысты шаhар бойынша атқарылған істер мен әлі орындалмай келе жатқан шараларды алдымызға көлденең тартты.
– 2019-2022 жылдарға арналған Кешенді жоспарда барлығы 32 іс-шара белгіленіп, оған 51,5 млрд. теңге қаржы қарастырылған еді. Алайда, уақыт өз дегенін жасайды дегендей, біраз жобалар межеленген мерзіміне сай келмей жатыр. Қазірге дейін 11 іс-шара нақты жүзеге асып, 23,1 млрд. теңге игерілді. Бұл қаржының 16,4 млрд. теңгесі республикалық, 4,6 млрд. теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінсе, 2 млрд. теңгесі бюджеттен тыс көздердің үлесіне жатады, – дейді Ербол Ғалымжанұлы.
Іске асқан осы 11 жобаны сараласақ, олар – техногендік минеральдық қалдықтарды кәдеге асырып қайталап өңдеу, Кеңгір кентіндегі гипермаркет құрылысын салу, «Жастар» саябағын қайта жаңғырту, 900 оқушыға арналған мектептің құрылысы, аурухана қалашығын қалпына келтіру, мәдени-сауық орталығын салу, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалға берілетін тұрғын үй салу (Алашахан даңғылы 34 Д және 34 И мекенжайында 2 үй пайдалануға берілді). Сондай-ақ, шағын және орта бизнесті қолдауға арналған «Бизнестің жол картасы-2020» және «Еңбек» жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламалары бойынша қаржылай қолдаулар жасалды. «Бизнестің жол картасы» бойынша 110 жобаға 4,8 млрд. теңге, «Еңбек» бағдарламасымен 64 жобаға 512 млн. теңгенің қолдауы көрсетілді. Бұлардың барлығы 2019-2020 жылдары жүзеге асырылғандар. Ал, Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің қосымша құрылысы, құрылыс материалдарын өндіретін зауыт, Кеңгір су қоймасы жағалауына жасыл желектер отырғызу жобалары 2021 жылы біткен істер қатарында саналуда.
Нақтыланған жоспардың енді қалған 21 жобасы проблемалық шаралар қатарында көрінеді. Оның ішіндегі 29,8 млрд. теңгенің 11 жобасы мерзімінде орындалмаған шараға жатады. Атап айтар болсақ, Кешенді жоспардың «Индустриалдық-инновациялық даму» бөліміндегі екі жоба – өнеркәсіптік реагент шығаратын химиялық зауыт құрылысы 2019-2020 жылдары, кенеусіз сульфидті кендерді гидрометаллургиялық өңдеу технологиясын енгізу өндірісі 2019 жылы жүзеге асуға тиіс-тін. «Кәсіпкерлікті дамыту» бөлімі бойынша 2019 жылға жоспарланған Жезқазған қаласындағы гипермаркет те әлі іске қосылған жоқ. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық» саласы бойынша 5 жоба толық орындалмай отыр. Бұлар – 2019-2022 жылдарға жоспарланған қаланың жылу желілерін қайта жаңғырту, 2019 жылы жүзеге асыру көзделген Есқұла су құбырының Жезқазғанды сумен жабдықтауға қатысты құрылысы,Үйтас-Айдос су құбырына Қожамсейіт жерасты су көзіне дейін кеңейту мақсатымен қайта жаңғыртудың сметалық-жобалау құжаттарын әзірлеу, 2019-2021 жылдары жүргізілмекші болған қала ішіндегі су құбырларын қайта жаңғырту және 2019-2022 жылдарға жоспарланған қаланың шаруашылық-ауызсуын тазарту құрылғыларын қайта жаңғырту жобалары. «Көліктік инфрақұрылымы» бөлімі бойынша қаланың №4 жол өткелін қайта жаңғырту 2019 жылы аяқталуы керек еді. Алайда, бұл жоба да толық аяқталған жоқ. Соған орай тапсырыс беруші мердігер компания «Асыл Жас» ЖШС-ін келісім шартта қаралған міндеттемесін орындауға мәжбүрлеу жөнінде сотқа талап арыз беріліпті. Ал, «Әлеуметтік инфрақұрылым» жобасындағы 2020 жылы іске қосылады деп жоспарланған бассейнді денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы да мердігерлер арасындағы дау-дамаймен әрі-сәрі күйде қалуда. Кешенді жоспардың «Экология және табиғат пайдалану» бөліміне енгізілген Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының тұрмыстық-қатты қалдықтарды өңдеп, басқару жүйесін жаңарту жөніндегі жобаның жүзеге асу мерзімі де 2020 жыл болатын. Бұл да проблемалық іс-шара қатарына еніп отыр. Мұның сыртындағы қалған 10 жобаның қаржы көздері нақты шешілмеді. «Енді жаңадан құрылған Ұлытау облысының құзыретімен қалып қойған жобалар нақтыланып, ең өзектілері алдағы жылдарға жасалатын Кешенді жоспарға енгізіледі», – дейді қала әкімінің орынбасары.
Тұтастай алғанда, маңызды міндеттерді ескеріп нақтыланған өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2022 жылдардағы Кешенді жоспары аясында да аз жұмыс істелген жоқ. Осы жылдары 300 жаңа жұмыс орыны құрылып, шағын және орта бизнес нысандары шығарған өнім көлемі 15% ұлғайды. Жалпы құны 5,3 млрд. теңге болатын 170-тен асатын жобаға қаржылық қолдау көрсетіліпті. Қала ішілік 78 шақырым су құбыры желісі, 16 шақырым жылу желісі қайта жаңғыртылған. 116 пәтерді қамтитын 6,4 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтеріп, үй алушылар кезегі 5% азайды. «Өркен» атауына ие болған 900 оқушыға арналған қазіргі заманға сай мектеп салынды. Кешенді жоспар аясындағы ауқымды істер әлі де жалғаса түсуде.Келешек дамуымызға жол ашқанөңірдің бұл өзекті жобалары енді жаңадан шаңырақ көтерген Ұлытау облысының ауқымындағы маңызды міндеттердің біріне айналары сөзсіз.
Амандық РАХҰЛЫ.