Дүйсенбі, 2 Маусым , 2025
  • Редакция
  • Газет тарихы
  • Жарнама
  • Баспасөзге жазылу
  • Байланыс
Cuprum News
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Экономика
    • Әлеумет
    • Қоғам
    • Өнер
    • Білім
    • Зерде
    • Спорт
  • «Қазақмыс»
    • Өндіріс өрісі
    • Өндіріс өрендері
    • Топжарған
    • «Қазақмыс» құрылымдарында
    • «Қазақмыс»: әлеуметтік серіктестік
    • «Қазақмыс»: қолдау
  • Кәсіподақ тынысы
  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
Cupum News
Басты бет Өндіріс өрісі

Келешегі келісті кешен

19.10.2023
- Өндіріс өрісі
0
Келешегі келісті кеніш
79
БӨЛІСТІ
219
ҚАРАЛДЫ
Facebook арқылы бөлісуTwitter арқылы бөлісу

Күшіне мінген күрең күздің қабағы қатулы. «Жағаға жармасқан» желі ызғарлы. Түн түндігі толық түрілмей, таңмен таласа кеншілер қаласынан шықтық. Жолбасшым – «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағы бастауыш буынының басшысы Марат Мұратбеков. Темір тұлпардың тізгіні де қолында.

Алған бағытымыз – «Жыланды» кеніші. Еркін көсілуге келмесе де, әңгімені екшеп есе қайтаруға жетерлік уақыт бар.

Қазақтың Қанышы бастаған, оның қызы Мейіз қоштаған В. Стеценко, Д. Верк, В. Бакарасов, В. Потапочкин, Ф. Құрмақаева, Л. Лынова, Е. Пучков сынды талай танымал геолог солтүстік-батыс беткейде кезегін күтіп тусыраған «Жыланды» жүлгесінің жолын ашуда талмай тер төкті. Бұл кен орны Жезқазған жағындағы асты дөңес келетін тау жынысының қатпары күрделенген қабатымен (синклиналь) тоқайласады. Көміртекті кен құрамы жағынан әртекті болып келеді: негізінен шунгит, ара-тұра графит кездеседі.

Сондай-ақ оқыңыз

Кен ұсақтау кешенінің қуаты артуда

Кен ұсақтау кешенінің қуаты артуда

06.12.2024
Кен ұсақтау кешенінің қуаты артуда

Кен ұсақтау кешенінің қуаты артуда

06.12.2024

Кеніш директоры Нұрболат Байсадықов

Сабақтастық сәтімен жалғасуда. Кен қорын көбейту бағытында геологиялық барлауға бүгінде барынша назар аударған «Қазақмыс» қазір өңірдегі өндірістің өрісін кеңейту, кеніш пен өндірістік қуатты жаңғыртуда мақсатты жұмыс жүргізуде. «Жыланды» – соның жемісі. Бес шахтаның басын біріктірген кеніштегі кен жүлгесінің қаншалықты қуатты екені оның алғашқы аяқ алысынан-ақ аңғарылды.

Алты жылдан астам уақыт артта қалғасын айтуға оңай. Әйтпесе, тарихы «Сарыоба» шахтасынан басталатын «Жыландының» 2019 жылы қазанда Солтүстік Жезқазған кенішінен енші алып шыққаннан кейін де қат-қабат қиындықты еңсеруіне тура келді. Толып жатқан тіршілік түйткілі мен өндірістің өзекті мәселесі әлі ұмытыла қойған жоқ. Ең бастысы, кеншінің көңіл-күйі мен ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалға селкеу түспей, өндірістегі жемісті жұмысты жүйелі жалғастыруға жол ашылды.

Бригадир Алмас  Тілегенов пен  дәрі аттырушы  Нұрлан Қойшыбаев

Иә, құтты қойнауын кен кернеген Арқаның құйқалы төскейінде тағы бір қуатты кеніш кереге жайды. Жас кәсіпорын қысқа мерзімде бірқатар белесті бағындырып, ордалы ұжымға айналды. Енді екі-үш жылда «Батыс Сарыоба», осы онжылдықтың аяғына қарай «Қыпшақбай» қатарға қосылып, шахта шыңырауы еңбек күйіне бөленеді. Ал, кеніш толық жобалық қуатына жеткенде, жылына 8 млн. тонна кен өндіріледі. Барланған кен қоры 160 млн. тоннадан асады. Бұл кемі жарты ғасыр ырғақты жұмыс істеуге еркін жетеді.

Монтажшы Нысанәлі Бекмырза

– Өндірістің өрге басуы адамның көңіл-күйі мен моральдық-психологиялық ахуалға тәуелді. Бұл тұрғыда бірқатар шаруаның орайлы шешілуіне кәсіподақ ұйымы септігін тигізді. Кеншілерге қолайлы жағдай туғызуды ұдайы назарда ұстау – оның басты міндеті. Әлеуметтік-экономикалық мәселені шешу үшін еңбек құқығын қорғау, қауіпсіздік техникасын сақтау, материалдық көмек көрсету, сауықтыру бағытында кешенді жұмыс қолға алынған, – дейді Марат Мұратбеков.

***

Сүт пісірімдей уақыт өткенде, «Сарыкеңгірге» қарай қасқая тартқан күре жолдың сол жағынан шағын қалашық көзге түсті. Таяқ тастам жерде тұр. Кенге тәуелді кеншілер ғана емес, өмірі өндіріспен өзектес жұртшылық үміт артып отырған, келешегі келісті «Жыланды» кеніші осы.

Электр слесарь  Мейрам Қожахметов

Өндірістік алаңдағы көк түсті әйнекпен көмкерілген еңселі әкімшілік-тұрмыстық кешені еріксіз назар аудартады. Білетіндердің айтуына қарағанда: «Біздің елде бұған балама таппайсың». Айтса айтқандай-ақ! Заманауи жетістікке негізделіп салынған онда еңбек адамы үшін жанға жайлы барлық жағдай жасалған. Тұрмыстық қызметтің барлығы толық автоматтандырылған жүйемен басқарылады.

Жұмысқа тұрған әр адамға әмбебап кешен аумағына кіруге, жеке шкафын ашуға, дәрігерлік бақылаудан өтуге, асханада тамақ ақысын төлеуге, жұмыс киімін алуға қажетті кілт-карта беріледі. Барлық бақылау арнаулы бағдарлама бекітілген қарапайым веб-интерфейсте интерактивті мнемосұлба көмегімен диспетчерлік орталықтан жүзеге асырылады.

Жуынатын орын екінші қабатта. Ол суды ысырап қылмайтын үнемдеу жүйесі арқылы басқарылады. Түймешікті басып қалғанда минутына 8 литр су беріліп, сосын ыстық-суық су араластырғыш автоматты түрде тоқтайды. Егер жуынып үлгермесең, түймешікті тағы басасың. Таза және жұмыс киімін қоятын жеке-жеке шкаф бар. Су болғаны келесі ауысымға дейін кеуіп тұруы үшін шкафқа жылы ауа жіберіледі.

Заманауи медициналық жабдықтар қойылған дәрігерлік бекетте ультракүлгін сәулемен ем жасайтын кабинет жұмыс істейді. Ол жерасты жағдайында кен өндіретін адамның көңіл-күйін жақсартуға әсер етеді. Дәрігерлік бекет, сондай-ақ, шұғыл жағдайда «Жедел жәрдемге» арналған жеке кірмежолмен және тікұшақ алаңқаймен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, жүзге жуық жеңіл автокөлік қоятын орын бар.

Нұрболат Байсадықов басқаратын кеніш өндіріс көлемін ұдайы ұлғайтып келеді. Табандылықты талап ететін кәсіпті карьерде слесарьлықтан бастаған ол кейін шахта шыңырауында шыңдалып, сосын «Сарыобаны» басқарып, басшылықтың барлық сатысынан өтіп, «Жыланды» қатарға қосылғанда кеніш тізгінін ұстады. Белгіленген іргелі кен дайындығы, шикізат өндіру жоспары ойдағыдай орындалуда.

Сорғы қондырғысының машинисі Болат  Бақтыбаев

– Бұл – проходкашылар мен забойшылардың қажырлы қимылының арқасы. Кеншілік кәсіпте жоғары жауапкершілік, темірдей тәртіп және ұжымда қоян-қолтық жұмыс істей білу машығы қажет. Кеніш басшылығы мен инженер-техник қызметкерлері өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесін қамтамасыз ету мен әр адамның жұмыс орнында қауіпсіздік техникасын сақтауына жіті назар аударады. Өндіріс болған соң қиындығы қатар жүреді. Соны еңсере білсек, еңбегіміз зая кетпейді, – дейді кеніш бас-
шысы.

Кеніш ұжымы осындай жолдан өтті. Бағындырған белес баршылық. Алға қойған мақсат-меже одан да биік. Кенді өлке келешегінің көкжиегін кеңейтуге «жыландылықтар» өзінің сүбелі үлесін қосуда. Геологтардың есеп-қисабына, барлау-іздестіру жұмысы қорытындысына қарағанда, аймақта кен қорының әлі ашылмаған қуатты көздері бар.

Әлібек ӘБДІРАШ.
Суреттерді түсірген автор.

 

Бөлісу32Твитерге20
  • Трендте
  • Пікір
  • Соңғы
«Даналық мектебі» – тәрбие тірегі

«Даналық мектебі» – тәрбие тірегі

16.02.2024
Әлемді фашизмнен құтқарған Жезді

Әлемді фашизмнен құтқарған Жезді

21.04.2025
Қаныш Сәтбаев және Жезқазған

Қаныш Сәтбаев және Жезқазған

16.02.2024
Мемлекет тірегі – тәртіп

Мемлекет тірегі – тәртіп

30.05.2025
Балалардың денсаулығы – назарда

Балалардың денсаулығы – назарда

30.05.2025
Абаттандыру жұмыстары қарқын алды

Абаттандыру жұмыстары қарқын алды

30.05.2025
  • Редакция
  • Газет тарихы
  • Жарнама
  • Баспасөзге жазылу
  • Байланыс

© 2025 © «Мысты өңір» газетінің редакциясы» ЖШС.

Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Экономика
    • Әлеумет
    • Қоғам
    • Өнер
    • Білім
    • Зерде
    • Спорт
  • «Қазақмыс»
    • Өндіріс өрісі
    • Өндіріс өрендері
    • Топжарған
    • «Қазақмыс» құрылымдарында
    • «Қазақмыс»: әлеуметтік серіктестік
    • «Қазақмыс»: қолдау
  • Кәсіподақ тынысы

© 2025 © «Мысты өңір» газетінің редакциясы» ЖШС.

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Please enter your username or email address to reset your password.

Кіру