Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ тапсырмасына орай «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған өңірдегі бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездесуге облыс әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ қатысты.
Жиынды жүргізген «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірдегі өкілдігінің жетекшісі Гүлмира КӘЖЕНОВА бизнестегі күрделі мәселелерді талқылау мен оларды шешудің жолын қарастыруға бағытталған, бизнес қауымдастығы мен жергілікті атқарушы органдар қатысқан мұндай басқосу білек біріқтіріп жұмыс істеудің нақты механизмін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
Ұлытау облысын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары негізінде әңгіме өрбіткен Берік Әбдіғалиұлы инвестиция тарту тетігін тілге тиек етті. Облыс экономикасын әртараптандыру мен өңір тұрғындарының әл-ауқатын көтеруге қатысты жобаларды жүзеге асыру қарастырылған құжатта жеті бағытта 247 іс-шара қамтылған. Бес жылда ұзын-ырғасы 1 трлн. 197 млрд. теңге қаржы игеру көзделген. Осының оннан алты бөлігіне жуығы немесе 710,3 млрд. теңгесі жеке инвестиция болмақшы. Бұл – кәсіпкерлердің өз қарым-қабілетін сынайтын сәт. Қолдағы дерекке қарағанда, қазір Ұлытау облысының аумағында бизнес саласында 14 619 субъект тіркелген. Осының 9 мыңға жуығы жеке кәсіпкерлікпен айналысады, 3 мыңдай фермер бар.
– Ұлытау облысының құрылуы аймақтың дамуына соны серпіліс береді. Қазір шағын және орта бизнестің нарықтық экономикада базалық буын болып тұрғаны белгілі. Олай болса жаңа облыстың экономикасында біздің бірлесіп атқаратын шаруа жеткілікті. Толғандырып жүрген түйіткілді дүние болса ортаға салып, оңтайлы жолын табудың қам-қарекетін қарастырайық, – деді кездесуге қатысқан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Тимур Нахыпбеков.
Кәсіпкерлер де тартынып қалмады. Он бір адам өз ойын ортаға салып, кәсіпкерлікке қатысты аймақ үшін маңызды мәселелерді қозғады. Олар: мемлекеттік сатып алу келісім-шартын жетілдіру мен мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы, туризмді дамытудағы түйіткілдер, несие алудың машақаты, электр қуатының қымбаттауы, жергілікті тауар өндірушілерге жеңілдік жасау, бой бермей бара жатқан бағаны бұғалықтау, әсіресе, құрылыс материалдарына қатысты қабырғаға қатты батқан қымбатшылық, т.б.
Көтерілген мәселелер облыс әкімдігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан бақылауға алынатын болды.
Әлібек ӘБДІРАШ.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.
P.S. Облыс экономикасына инвестиция тартудың жай-жапсары туралы мақаланы «Мысты өңірдің» алдағы санынан оқитын боласыздар.