16 сәуір – Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің күні. Жұмысшы мамандықтар жылына орай биылдан бастап күнтізбеге жаңадан қосылған кәсіби мерекеге арналып облыс орталығындағы Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде салтанатты шара өтті.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында нағыз еңбек адамдары жұмыс істейді. Жылдың төрт мезгіліндегі тынымсыз тірлік жауапкершілік пен төзімді талап етеді. Мереке иелерін құттықтаған Жезқазған қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ербол Құсайынов биыл алғаш рет осы сала мамандарының кәсіби мерекесі аталып отырғанын тілге тиек етті. Халықтың жайлы өмір сүруіне, үйлерге жылу мен жарық жеткізіп, көшелердің тазалығы мен аулалардың тәртібін сақтауда маңызды рөл атқаратындарын жеткізді. Сондай-ақ бірқатар мамандарға қала әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыс етті. Бұл күні Жезқазған қаласының мәдениет және демалыс парктерін басқару мекемесінің бас инженері Мұхтар Макишев Құрмет грамотасын иеленді. Ол 15 жылға жуық коммуналдық салада қызмет атқаруда. Мерекеде елеп жатқан қала басшылығына алғыс білдірді және қаланың тазалығы мен тұрғындардың сапалы өмір сүруіне бар күшін салатынын айтты. Ал, Жезқазған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің маманы Нұргүл Сағынтаеваға Алғыс хатқа тапсырылды.
Бүгінде Жезқазғанда аталған салада жүздеген адам тер төгуде. Президент ұсынған «Таза Қазақстан» республикалық акциясының негізгі ұйымдастырушылары да осы сала мамандары.