Тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағының Жезқазған филиалы мен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС еңбеккерлерінің «Jastar Bolashaq» Жастар одағы бірлесіп өңірдегі негізгі және қосалқы өндірістік нысандардың еңбеккерлері арасында жылдық спартакиада ұйымдастырып келеді.
Дәстүрге айналған бұл спорттық шараның еңбеккерлері үшін маңызы айрықша. Жұмыстан тыс уақытта салауатты өмір салтын ұстанып, спортты серік еткен еңбеккерлердің жеңіске жетіп, топ жарғандары қаншама. Кәсіподақтың Жезқазған филиалындағы аппарат жетекшісі Жанар Салықова 2024 жылғы спартакиадаға қатысушылардың қызығушылығы мен санының ұлғая түскендігін алға тартты.
– Жылдық спартакиаданың ауқымы да, қатысушылардың саны да өсіп келеді. Сәуір айында баскетболдан бастау алған бұл бәсеке үстел теннисі, зілтемір көтеру, жүзу, шағын футбол, қол күресі, футзал сынды спорт түрлерін қамтыды. Жақында спартакиаданың қорытынды кезеңі волейболдан өткен жарыспен түйінделді.
Спорттың бұл түрінен Жезқазған байыту фабрикасының екінші командасы жеңіске жетсе, бірінші командасы ІІ орынды еншіледі. Ғазиз Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінің командасына ІІІ орын бұйырды. Сондай-ақ, ойында үздік шыққан Жезқазған байыту фабрикасының бірінші командасының ойыншысы Ғалым Нұрбол «Үздік шабуылшы» атанса, Ғазиз Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінен Нұрсұлтан Есімбай «Үздік бұғаттаушы» аталымын алды.
Байыту фабрикасының екінші командасынан Балғабек Мұқанов «Үздік байланыстырушы» номинациясына лайық деп танылды. Жылу, энергия кәсіпорнынан Әлия Сапарғали «Үздік ойыншы» атанды.
Жыл бойына спартакиадаға белсенділікпен қатысып, салауатты өмір салтын ұстанудағы берік ұстанымдары үшін аймақтағы барлық кәсіпорын басшылары мен еңбеккерлеріне алғысымызды білдіреміз. Жаңа жылда да тың серпінмен спартакиаданың алауын маздатасыздар деп сенемін, – деді Жанар Сәркенқызы.
Спорттың бірнеше түрін қамтыған спартакиада да өз мәресіне жетті. Еңбек ете жүріп, спортты серік еткендерге серпін берген бұл дәстүрлі дода келер жылы да талай азаматтың жұлдызын жағары анық.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.