«Қазақмыс» корпорациясы Басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Нұржанов Жыланды кенішіндегі геологиялық барлау қызметімен кездесті.
Кездесуде геологиялық барлау жұмысының тиімділігі және оның кен өндірудің өзіндік құнын төмендетудегі рөлі талқыланды. Бұл мақсатқа заманауи геологиялық бұрғылау станоктарын, дрондар мен цифрлық технологияларды қолдана отырып, жерүсті және жерасты барлау әдістерін пайдалану арқылы қол жеткізуге болады.
«Мұндай әдіс тек бүгінгі қажеттілікті қамтамасыз етіп қана қоймай, геологиялық барлау жұмысының озық жоспарын қалыптастыруға, кен-шикізат базасын тұрақты түрде толықтырып отыруға мүмкіндік береді. Кеніштерде бұл мақсатқа жетуге қажетті техникалық шешімдер бар», – деп атап өтті Ғалым Нұржанов.
Кездесу барысында ұжымдар білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Жұмысшылардың айтуынша, барлау жұмысының көлемі артып келе жатқан жағдайда білікті мамандардың тапшылығы аса өзекті мәселе болып тұр. Бұл сұрақ басшылықтың бақылауына алынды. Жақын арада геологиялық қызметті кәсіби мамандармен күшейту жоспарлануда.
Геология – компания дамуының негізгі бағыттарының бірі. Күрделі тау-геологиялық жағдайлар персоналдан терең біліммен қатар, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу барысында өндірістік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау талаптарын қатаң сақтауды талап етеді.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС PR департаменті.