Өткен сенбіде облыс орталығындағы Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде «Mama Fest-2025» атты ерекше байқау өтті. Байқау «Ханшайым» нәзік жандылар клубы мен «Заман жарғысы» қоғамдық бірлестігі және «Импульс» заманауи би үйірмесінің бірлесе қолға алуымен жүзеге асты.
Бүгінгі қоғамда әйелдер қауымына деген құрметті арттыру мен олардың жан-жақты дарындарын ашуды көздеген байқауға 35 жастан асқан, отбасы құндылығын дәріптеп жүрген 7 ана қатысты. Байқау ұйымдастырушысы Әсем Серік аналар сайысы 2016 жылы басталғанын және үшінші рет өтіп жатқанын тілге тиек етті.Ең бастысы үлгілі аналарды халыққа жария ету деді ұйымдастырушы.
Байқау 6 кезеңнен тұрды. Атап айтар болсақ, таныстыру, аспаздық шеберлік, өз өнерлерін көрсету, викториналық сұрақтарға жауап беру сынды сайыстарда мықтылықтарын дәлелдеді. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аналарды бағалау қазылар алқасына да оңай болмады. Додада бақ сынаған әр үміткер сый-сыяпатсыз қалмады. Сәйкесінше, «Ару-ана», «Мінсіз ана» аталымдары өз иелерін тапты.
Байқау қорытындысында «Mama Fest-2025» атағын құрсағына құт біткен 10 баланың анасы, Жезқазған мыс балқыту зауытының еңбеккері Гүлмира Сәдуақасова жеңіп алды. Осылайша Жұмысшы мамандықтар жылында жұмысшы ана марапат биігіне көтерілді.