Сейсенбі, 16 Желтоқсан , 2025
  • Редакция
  • Газет тарихы
  • Жарнама
  • Баспасөзге жазылу
  • Байланыс
Cuprum News
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Экономика
    • Әлеумет
    • Қоғам
    • Өнер
    • Білім
    • Зерде
    • Спорт
  • «Қазақмыс»
    • Өндіріс өрісі
    • Өндіріс өрендері
    • Топжарған
    • «Қазақмыс» құрылымдарында
    • «Қазақмыс»: әлеуметтік серіктестік
    • «Қазақмыс»: қолдау
  • Кәсіподақ тынысы
  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
Cupum News
Басты бет Жаңалықтар

Жомарт жүректі Жамбыл

28.11.2025
- Жаңалықтар
0
Жаны жайсаң Жамбыл еді

Жамбыл ЫБЫРАЕВ фото

67
БӨЛІСТІ
185
ҚАРАЛДЫ
Facebook арқылы бөлісуTwitter арқылы бөлісу

Әр ұжымының өздері құрметтеп, қадірлейтін аса бір абзал жандар болады. Сондай көптің ықылас-пейіліне бөленген жандардың бірі есімі ел жүрегінде жатталып қалған Жамбыл Ыбыраев болатын. Иә, оның есімінің өткен шақпен айтылып келе жатқанына да отыз бес жыл болды. Ол туралы сонау бір жылдардағы Республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде «1990 жылдың қараша айының 29 жұлдызында 49 жасқа қараған шағында Қазақ ССР халық депутаты, Республика Жоғарғы кеңесінің экология және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің басқа жұмыстардан босатылған мүшесі Жамбыл Ыбыраев кенеттен қайтыс болды» деген қазанама жарияланды. Міне, содан бері Жамбыл есімі өткен шақпен еске түсіп тұрады. Өмірден өзі өтсе де, артында оның атқарған ісі қалды.

Жамбыл Ыбырайұлы Ыбыраев 1942 жылдың 24 ақпанында Қарағанды облысы Қарсақбай кентінде дүниеге келген. Оның жастық шағы өз замандастары сияқты Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарымен тұспа-тұс келді. Әкесі Ыбырай әскер қатарына алынып, майданға аттанғанда ол анасының құрсағында болатын. Ыбырай фашистермен болған қанды қырғын соғыста ерлікпен қаза табады. Анасы Ажар үш баламен еңбек майданына араласты. Кішкентай Жамбылды бесігімен егінжайдың жиегіне қойып, тізе бүкпей еңбек ететін. Сөйтіп жүріп өсірген Жамбылы ел кәдесіне жараған азамат болып өсті. Ол мектеп қабырғасының өзінде алғырлығымен, ұғымталдығымен және зеректілігімен ерекшеленді. Туған апасы Нәписа Қарсақбай мыс қорыту заводына жұмысқа тұрды. Ағасы Шахмұрат та өндіріске кірді. Жамбыл Қарсақбайдағы № 1 қазақ орта мектебін бітірісімен еңбек жолын мыс қорыту заводында электрмонтер болып бастайды. Екі жыл жұмыс істеп, Жезқазған тау-кен металлургия комбинатының арнайы жолдамасымен Алматыдағы Қазақ политехникалық институтына оқуға барды. Студенттік өмірді көрді. Оқып жүріп Қазақ мемлекеттік университетінің химия-биология факультетінің студенті, Атыраудың тумасы, Лиза Манаповамен отбасын құрып, тағдырларын тоғыстырады. Оқуын бітіргеннен кейін Лиза Манапова-Ыбыраева Жезқазғанға жас маман болып келіп, Жезқазған тау-кен металлургия комбинатында инженер-химик болып еңбек жолын бастайды. 26 жыл осы кәсіпорында абыройлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шығады.

Инженер-металлург мамандығын алған Жамбылдың еңбек жолы Жезқазғандағы гидрометаллургиялық тәжірибе заводында балқытушы болып басталады. Бір топ жастармен бірге 1969 жылғы комсомол жастардың бүкілодақтық екпінді құрылысы атанған жаңа объектіде еңбек етті. Металлургия цехының бас корпусын салуға өз үлесін қосты. Осындағы аға куратор ретінде құрылыстың сапалы жүргізілуін қадағалады. Металлургия цехындағы төрт конвертор, екі электр пеші және төрт анод пеші Жамбылдың көз алдында құрастырылды.

Металлургия цехының алғашқы бастығы, РФ Норильск комбинатынан арнайы шақырумен келген И. Овчинников, оның орынбасары Қарсақбай заводының түлегі М. Ли, конвертор бөлімшесінің бастығы М. Сұлтанбаев, аға шебер РФ Красноуральск заводынан келген В. Денисов болатын. Конвертор бөлімшесінде бес ауысым шебері болды, олар: Ж. Ыбыраев, В. Ким, А. Дедюхин, О. Бекбауов, І. Садықов.

Жамбыл Ыбыраев өміріндегі ең елеулі оқиғаның бірі – 1973 жылдың 21 ақпанда заводта тұңғыш қара мыс алынуы болды. Россияның, Өзбекстанның және өзіміздің Балқаш мыс қорыту заводынан арнайы шақыртумен келген тәжірибелі конверторшылар балқытудың бабын таппай, әбден қиналады. Кезекті ауысымға келген Ж. Ыбыраевтың басқаруымен қарсақбайлық аға конверторшы Сұлтанбек Елемесов екі көмекшісімен заводта тұңғыш қара мысты балқытып алады. Бұл дата Жезқазған мыс қорыту заводының күнтізбесінде алтын әріптермен жазылған. Осындай мықты металлургтерден тәлім алғанымды мен де мақтан тұтамын.

Білікті инженер, іскер басшы ұжымның құрметіне бөленді. Жемісті жұмысының нәтижесі болса керек, ол 1989 жылы СОКП ОК Бас хатшысы М. Горбачевтің қатысуымен Мәскеуде өткен Бүкілодақтық орта буынды өндіріс жетекшілерінің слетіне Жезқазған облысынан делегат болып қатысты. Ол кез еліміздің саяси өмірінде елеулі өзгерістер мен қайта құрулар жүріп жатқан кезі еді. 1989 жылы Жезқазған мыс қорыту заводының директорын сайлау конференциясы С. Қожамқұлов театрында өтті. Директорлыққа үміткер екі адам: Төлеген Әбдірахманов пен Мемлекеттік қабылдау комитетінің төрағасы, инженер-металлург Владимир Полянский. Бекітілген кестеге сәйкес завод цехтарында делегаттар сайлау жиналыстары өтті. «Өтті» деп айтуға оңай болғанымен, қандай тартыс болғанын ішінде жүрген біз сездік. Бас директор Т. Урумовтың бұрын айлап-жылдап заводта көрінбейтін жандайшаптары кезектесіп, күнде завод цехтарын аралайтын. Біз де жиналысқа тастүйін дайындық жүргіздік. Балқыту цехының ғана емес, жалпы завод ұжымында зор беделі бар Жамбыл осы жолы да белсенділік көрсетті. Конференцияға қатысқан делегаттардың басым дауысын алған Т. Әбдірахманов завод директоры болып сайланды.

О

л 1990 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Халық қалаулыларына үміткерлерді де ұжымдардың өкілдері өздері ұсынатын. Сондай ұсыныстың нәтижесінде «Жезқазғантүстіметалл» ғылыми-өндірістік бірлестігінің өндіріс орындарында өткен жиналыстарында жұмысшылар Жезқазған мыс қорыту заводының ұжымы ұсынған Жамбыл Ыбыраевтың кандидатурасын бірауыздан қолдады. Оған балама болып, бір сайлау округінен «Қазмысқұрылыс» тіресінің құрылысшылар бригадирі, СОКП Орталық Комитетінің және Жезқазған облыстық партия комитетінің бюро мүшесі Қалижан Тұрлыбеков ұсынылды. Сол кездегі облыс және қала басшылары Қ. Тұрлыбековті қолдайтыны айдан анық еді. Халық қолдаған Жамбыл Ыбырайұлы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды.

Ол Республика Жоғарғы кеңесінің экология және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің басқа жұмыстардан босатылған мүшесі болып тұрақты түрде қызмет атқарды. бұл Жоғарғы Кеңесте жаңадан енгізілген жаңалық еді. Жәкең Алматыдағы «Алматы» қонақ үйінде тұрып жатты. Мерекелерде Жезқазғанға келгенде достардың басын қосатын. Жазда Жәкең мен Лиза жеңгей тұңғышы Сәуле қарындасымыздың ұзату тойын жасады.

1990 жылы 20 қазанда, кезекті демалысымда жолдама алып, Алматыдағы «Балқаш» демалыс үйіне бардым. Екі күн өткенде кешкісін Жәкең келді. Біраз әңгімелестік. 25 қазанда сессияда өте маңызды мәселе қаралатынын айтты. Мен Жоғарғы Кеңеске Жезқазған қалалық «Қазақ тілі» қоғамының Алматыдағы Л. Брежнев алаңын Республика алаңы деп өзгерту және сол алаңға қазақтың айтулы хандары мен билерінің мүмінін қою туралы ұсынысын алып келгенімді жеткізгенде Жәкең: «Өте орынды ұсыныс екен» деп қуанып қалды. 24 қазанда әкелген ұсынысымды қабылдау бөліміне тапсырдым. Ертеңіне Жәкеңнің жұмыс орнына келдім. Жәкең: «Төлеген, бүгін ма-
ңызды мәселе талқылаудамыз, сен күт, бірге қайтамыз» деп мәжіліс залына кетті. Кешкісін мәжіліс залынан шыққан депутаттардың бірін-бірі құшақтап, құттықтағандарын көрдім. Барлығы көңілді. Тарихи шешім қабылданды. Киініп, бір топ депутаттармен бірге мен де «Алматы» қонақ үйіне келдім. Жәкең өте көңілді күйде, маған: «Төлеген, қазір төмендегі ресторанға барып тамақтанамыз, бүгін менің қасыма қон», – деді.

Қонақ үйдің люкс бөлмесінде түн ауғанша әңгімелестік. – «Есіңде болсын, бүгін депутаттар бабаларымыз аңсаған Қазақ елінің Егемендігі туралы Декларацияны қабылдады. Бұл Қазақ елінің еркін ел болуының бастауы, лайым солай болғай. Осы тарихи шешімді қабылдауға қатысқанымды мақтан тұтамын, қуаныштымын» – деп терезе жақтауына қарап, біраз үнсіз тұрды. Ертеңіне Егемендік Декларациясының қабылдануын алматылықтар мен қала қонақтары қуана тойлады. Ауа райы да өте тамаша болды. Оған берілген шақыру билетімен Республика сарайында, сосын цирк ғимаратында концертті қызықтадық. Есімде қалғаны, цирктегі қойылымда Тінәлиевтің орындауындағы «Желтоқсан желі» әні көрерменге қатты ұнады. Ұнағаны сондай, орындарынан тік түрып, ұзақ қол шапалақтады. Сол күні Жәкеңнің жанына тағы қондым. Келесі күні мерекеге арналған бірқатар іс-шараға қатыстық. Демалыс үйінде тағы үш күн болып, ауылға қайттым. Әуежайға Жәкең шығарып салды

Қазан төңкерісі мейрамы қарсаңында Жәкең Жезқазғанға келді. Ол келгенде кішігірім той болатын. Сол әдетпен кезектесіп үйге шақырдық. 8 қарашада таңертең Мыңжасар телефон соғып, Жәкеңнің ауруханаға түскенін айтты. Жиналып ауруханаға бардық. Жәкеңнің көңіл-күйі жаман емес, күліп қарсы алды, шамалы уақыт қасында болдық. «Жәке, жүрекпен ойнауға болмайды, асықпай емделіңіз, қажет болса санаторийге барыңыз, Алматыдағы білікті мамандарға қаралыңыз. Жұмыс ешқайда қашпайды, ал сіздің депутаттық мандатыңызды ауырды екен деп ешкім алмайды» деп, жанашырлық білдірдім. Ол: «Жігіттер бәрі жақсы болады, емделемін, қобалжымаңдар», – деп қоштасты. Екі күннен кейін Алматыға ұшып кеткенін Лиза жеңгейден естідік.

1990 жылы 29 қарашада «Жамбыл Ыбыраев кенеттен қайтыс болды» деген суық хабар жетті. Сенер-сенбесімізді білмей Лиза жеңгейге бардық. Көңіл айттық. Әуезхан ақсақал, қала, облыс және «Жезқазғантүстімет» ғылыми-өндірістік бірлестігінің басшыларымен ақылдасып, Жәкеңнің мәйітін әкелу қамына кірістік. Сол күні Раушанбек Қозыбаев, Жүсіп және мен Алматыға ұштық. Әуежайдан бізді Жоғарғы Кеңес қызметкерлері қарсы алып, Жәкең жатқан қонақ үйге апарды. Кешкісін Жезқазған облысынан сайланған Ш. Шардарбеков, Г. Юрченко, Қ. Медиев, тағы басқа бір топ депутаттар келіп көңіл айтты.

Жоғарғы Кеңес депутаттары ертең сағат 12.00-де Жамбыл Ыбыраевпен қоштасу туралы шешім қабылданғанын жеткізді. Сол күні сағат 16.30-да ұшақпен Жезқазғанға алып қайтуға жағдай жасалғанын хабарлады. Әуезхан ағаға телефон шалып, жағдайды баяндадық. Ертеңіне аурухананың салт-жора жасау залында қоштасу рәсімі өтті. Жамбылмен қоштасуға Жоғарғы кеңес төрағасының орынбасары Серікболсын Әбділдин бастаған депутаттар келіп қоштасты. Қолайлы сәтті пайдаланып С. Әбділдинге: «Серікболсын аға, Жамбылға бөлінген пәтерді жұбайы мен балаларына берулеріңізді өтінемін» дегеніме, ол оң шешім болатынын айтты.

Сол күні Жамбылдың денесін ұшақпен Жезқазғанға алып ұштық, соңғы сапарына шығарып салуға Жоғарғы Кеңес депутаттары Керімқұл Пірімқұлов, Есенбай Белгібаев бірге келді. Әуежайда облыс, қала басшылары мен туысқандары қарсы алды. Жамбыл Ыбыраевпен қоштасу рәсімі Құрлысшылар мәдениет үйінің алдында болды. Қоштасуға қала жұртшылығы көп жиналды. Қаралы митингіде Жезқазған қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы М. Көпеев, достары атынан Қайсар екеуіміз сөйледік. Жәкеңнің мәңгілік мекені туған жері Қарсақбайдағы қорымнан бұйырды. Қайран ағадоспен қимастықпен қоштастық.

1970-1990 жылдары Жезқазған мыс қорыту заводына келген жас мамандар мен балқытушы, конверторшыларға жетекші болды, балқыту процесстерінің қыр-сырын үйретіп, тәжрибесімен бөлісуден жалықпайтын. Кезінде Жамбылдың тәрбиесін алған шәкірттері қатардағы конверторшылар Б. Науанов, Н. Дергунов, Қ. Игібаев, балқытушылар М. Қалмекев, Ж. Андағұлов уақыт өте келем майталман металлургтер атанды, бригада басқарды.

Жамбылдың тәрбиесінен өткен инженерлер әрі әріптес іні-достары, өндірістен қол үзбей жүріп ғылыми диссертациялар қорғап, жауапты қызметтер атқарды. Олар: Қ. Ж. Телешев – Жезқазған мыс қорыту заводының директоры, «Қазақмыс» корпорациясының Басқарма төрағасының 1-орынбасары, техника ғылымдарының докторы; М. А. Айсауытов – «Балқаштүстімет» ӨБ бас инженері, техника ғылымдарының кандидаты; Д. Ы. Байқуатов – Жезқазған және Балқаш мыс қорыту заводтарының директоры, «Балқаштүстіметалл» ӨБ Бас директоры, техника ғылымдарының кандидаты; С. Б. Садықов – Балқаш мыс қорыту, мырыш және құнды металдар заводтарының директоры, техника ғылымдарының докторы; Ж. А. Кокушев – Жезқазған мыс қорыту заводының бас инженері, Е. Е. Исмайлов – Жезқазған мыс қорыту заводы директорының орынбасары.

Бұл күндері оның туған ағасы Шахмұрат, жан жары Лиза ортамызда жоқ. Шаңырағы оның отын өшірмей, атын ардақтап келеді. Ол балалары Сәуле, Бауыржан, Бақытжандардың қызықтарын көрсем деп армандайтын. Балалары да: «Алдыңда әкең болған қандай жақсы» – деп әкесі барларға қызыға қарайтындай. «Жақсының артында жақсы із қалады» деген емес пе, Жамбылдың «еңбегім еліме болсын, төккен терім жеріме тамсын» дейтін сөздері бүгінгі жастардың үнімен де үндесе түскендей.

Жүрегі жомарт абзал жанның дүниеден өткеніне биыл 29 қарашада 35 жыл болады. Есімі Жезқазған мыс қорыту заводы мен Қазақстанның түсті металлургиясы тарихында алтын әріппен жазылған. Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған Қазақстанның дербес Декларациясын қолдап, қабылдауға қатысқан депутаттар қатарында болған Жамбыл Ыбыраевтың есімі уақыт өткен сайын асқақтай беретіні сөзсіз.

Төлеген БҮКІРОВ, техника ғылымдарының кандидаты,
Қазақстанның Құрметті металлургі,
Жезқазған қаласы мен Қарағанды облысының Құрметті азаматы.

Бөлісу27Твитерге17
  • Трендте
  • Пікір
  • Соңғы
Қаныш Сәтбаев және Жезқазған

Қаныш Сәтбаев және Жезқазған

16.02.2024
Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Тәуелсіздік күні құтты болсын!

15.12.2023
«Жошы ұлысы » һәм «Алтын орда»

«Жошы ұлысы » һәм «Алтын орда»

16.02.2024
Бас прокуратурада құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыстық қатерлерді болжау саласындағы цифрлық құралдар таныстырылды

Бас прокуратурада құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыстық қатерлерді болжау саласындағы цифрлық құралдар таныстырылды

13.12.2025
Маңызды жолды қайта жаңғырту жұмыстарының барысын тексерді

Маңызды жолды қайта жаңғырту жұмыстарының барысын тексерді

12.12.2025
«Қазақмыста» 2025 жылғы еңбек жарысының жеңімпаздары марапатталды

«Қазақмыста» 2025 жылғы еңбек жарысының жеңімпаздары марапатталды

12.12.2025
  • Редакция
  • Газет тарихы
  • Жарнама
  • Баспасөзге жазылу
  • Байланыс

© 2025 © «Мысты өңір» газетінің редакциясы» ЖШС.

Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Экономика
    • Әлеумет
    • Қоғам
    • Өнер
    • Білім
    • Зерде
    • Спорт
  • «Қазақмыс»
    • Өндіріс өрісі
    • Өндіріс өрендері
    • Топжарған
    • «Қазақмыс» құрылымдарында
    • «Қазақмыс»: әлеуметтік серіктестік
    • «Қазақмыс»: қолдау
  • Кәсіподақ тынысы

© 2025 © «Мысты өңір» газетінің редакциясы» ЖШС.

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Please enter your username or email address to reset your password.

Кіру