Биыл Жезқазғанда 57 көшенің жолы жаңарады. Бұған қалалық және облыстық бюджет есебінен 3,5 млрд теңге шамасында қаражат бөлінген. Жұмыстар басталып кетті. Көше жолдарының қазіргі ахуалы қандай? Қай көшелердің жолы жөнделіп жатыр? Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен өткен жиында осы мәселелер сөз болды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов есеп берді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта 56 көшені орташа жөндеу бойынша тиісті ұйымдармен келсімшарттар жасалған. Мәселен «Алмас Құрылыс Қазақстан» ЖШС 25 көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізеді.
– Жалпы сомасы 1 млрд 889 млн теңге. Жезқазған қаласының Пушкин көшесіндегі автомобиль жолдарын орташа жөндеу 99 млн. Техникалық қадалағау «КБГ сити» мекемесінің құзырында. Жұмыстар 2024 жылдың 13 мамыр күні басталды, аяқталу мерзімі 1 маусым, – дейді шаһар басшысы.
Жиында облыс әкімі негізгі проблемаларға басымдық берді. Жолды күтіп-баптауға жұмсалатын қаржының өзі қыруар екенін айтты. Бірақ, нәтиже көптің көңілінен шықпайтынын жеткізді. Сын көп. Сондықтан аймақ басшысы жоспарға кірмеген көше жолдарын қалыпқа келтіруді тапсырды. 3 сағатқа созылған жиында әр көшенің жолына жеке-жеке тоқталып, шешілу жолдары талқыланды.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.