«Алғашқы Құрылысшылар» ескерткіші
Ол Алғашқы құрысшылар алаңына қойылған. Ескерткішобелиск еліміз түсті металлургиясының орталығы Үлкен Жезқазғанды тұрғызған өңір құрылысшыларына арналған. 1974 жылы қазанда Кеңес Одағында теңдесі жоқ куаты 200 мың тонна металл беретін жаңа мыс қорыту зауыты қара мыс бере бастады. Кеніштердің қуаты жыл сайын 25 млн. тонна кен өндіру мүмкіндігіне жетті. Кеңгір жасанды көлінің жағасында тұрмысқа қажеттің бәрі бар әдемі металлургтер, балқытушылар, құрылысшылар қаласы бой көтерді. Сөйтіп, Арқа даласында Үлкен Жезқазғанның құрылысы аяқталды.
Алғашқы құрылысшылар ескерткіші орнатылған алаң – тұрғындардың сүйікті демалыс орыны. Фестивальдер, концерттер, салтанаттар, жәрмеңкелер осында өтеді.
Ескерткішті тұрғызуға мыс және бетон пайдаланылған.
Авторлары: суретші Л. Пак, Н. Андреев, сәулетші К. Тұрлыбаев.
«Ғарышты бағындырушылар» ескерткіші
Кеңгір су қоймасының оң жақ жағалауында, Алғашқы құрылысшылар алаңынан су қоймасына барар жолда 1977 жылы орнатылған. Онда ғарышқа бет алып, тік көтеріліп бара жатқан алып зымыранның және әлемді шарлауға сапар шеккен ұшақ бейнеленген.
Авторлары: суретші Л. Пак, сәулетшілер М. Сүлейменов, А. Комиссаров.
«Ғарыш» сәулеттік-көркемдік композициясы
1976 жылы ашылды. Кеңес ғарышкерлері құрметіне қазіргі Сәкен Сейфуллин бақжолының бойына, «Аманат» партиясы қалалық бөлімшесі өкілдігі ғимаратының алдында орнатылған. Ескерткіш айналасына ғарышкерлер портреттерінің галереясы адамзаттың ғарышқа ұмытылуын бейнелейтін биік стелламен жарасымды үндестік тауып тұр.
Жезқазған-Ұлытау өңіріне бірнеше ондаған кеңес ғарышкері қонған. Олардың ішінде қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров те бар. Жалпы, 56 ғарышкерге «Жезқазған қаласының Құрметті азаматы» атағы берілген.
Стелланың материалы титан және металл ұстындар.
Авторлары: суретші Л. Пак, сәулетшісі К. Тұрлыбаев.